Ұлы ақыннан ұят болды-ау!
Ұлы ақыннан ұят болды-ау!
528
оқылды
Былтыр Хакім Абай көңілі кемерінен асып-тасып сергек жүрді. Халқы өзінің 175 жылдығын кеңінен атап өтіп, бір жасап қалды. Осыдан соң өзі талай мінін айтып сынаған халқының көші түзелген екен ғой деп жамбастап жатып, жақсылап бір демалайын деп еді, шаян шаққандай шоршып оянды. Шоршып оянатынындай да бар, Барыс жылы бүлікпен басталды ғой. «Қаңды қаңтардың» соңы қымбатшылыққа әкеліп ұрындырды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп іштегі бар мұңың Көк Тәңіріге шағып, сары даланы кезіп келе жатыр еді, Жамбыл облысының Шу қаласынан бір-ақ шыққаны. Жамбыл да кезінде замандас болған адамы ғой, «Қазақтың Гомері» атанған сары тісті шалмен сырласқысы келді ме, кім білген-ай, Семейден сар желіп Жамбыл облысына келе қалмасы бар ма? Қай Құдай айдап келді екен? Бұдан да Семейінде семіз құнан қойдың құйрығын жеп жата бергені дұрыс еді. Мына көрініс ұлы ақынның төбе шашын тік тұрғызды. Мәселе былай еді. Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектепті көргенде Хакім Абай талмаса да түйіліп қала жаздады. Мектептің сырты алқам-салқам, сылағы түскен, қорқы­нышты күйде құлазып тұр. Тоз-тозы шыққан мектептің іші де оңып тұрған жоқ екен. Мектеп құлаудың сәл ғана алдында тұр. – Мына мектеп қай жылы салынған?-деп сұрады ол алдынан қуыстана шығып қарсы алған мектеп директоры Унас Халықовадан. – 1929 жылы салынған,-деп Унас төмен­шіктей жауап қатты. – 1929 жылы салынса, Сталиннің, Хрущевтің, Брежневтің көзін көрген ғимарат болды ғой. Жаны сірі ғимарат екен. Тәуелсіздік алғанымызға да отыз бір жыл өте шығыпты. Осы кезге дейін мемлекет бір мектеп сала алмаған ба? Қайда әлгі «100 аурухана, 100 мектеп» деген бағдарламасы? Қазір өткен отыз жылдың бетіне топырақ шашушылар көп. Жемқорлар мен парақорлар мектепке бөлінген қаржыны асап қойды ма екен?-деп Абай ата жан-жағына алақтай қарады. – Мектептің тоқсан жылдығында әупірімдеп жүріп, жөндеу жұмыстарын жүргізгенбіз,-деп қалды Унас. – Иә, қарық қылыпты,- деп Абай қабағын түйді. Мектеп директоры «ұлы ақыннан ұят болды-ау» деп сипақтай бастады. Өйткені, Абай «ақыры келіп қалдым ғой»деп сыныптарды аралай бастаған еді. Масқара! Бастауыш сынып оқушылары кеңес кезінен қалған парталарды әлі де пайдаланады екен. Кәдімгі ағаштан домбайлап жасай салған бұрыңғының мүлкі. – Мыналарды музейге өткізбек пе?-деп өзі шағын, өзі құлайын деп тұрған парталарға ақын аһ ұра қарады. – Жаңаларын әпереміз деген... – Кім? – Басшылар. – Сонда оларың осы күнге дейін Ай қарап жүріп пе? Әу баста 460 оқушыға арнап салынған осы мектепке қазір 703 бала келеді. Бөлмелері тар, парталары ескі әрі төмен бұл мектепте 31 сынып бар. Ал, спорт залы мүлдем жоқ. Ата-аналар қалай жаңа оқу жылы басталады, солай балаларымызды басып қалады ма деп алаңдайтын көрінеді. Оның үстіне мектептің жылу жүйесі де жөнді істемейтін болып шықты. Мектеп басшылығы осы тығырықтан шығу үшін қыс бойы иілгіш түтікке ыстық су жіберіп, осы арқылы ғимаратты «жылытып» келіпті. Осы құбырды терезеден шығарып асып қояды екен. Жұмысшылар мен кейде мұғалімдердің өздері кезек-кезек түтіктегі суық суды ағызып, орнына ыстық су құйып отыратын тың «жаңалық» ашқан. Шулық ата-аналар өрт шығып кете ме деп те алаңдаулы күй кешіп келген. Өйткені, мектеп асханасына электр қуаты жоғары пештер қойылған. Мектепте интерактивті тақталар бар. Пеш бір жағынан, тақталар бір жағынан ток тартқанда тозығы жеткен электр сымдары бір-біріне үйкелесіп, осыдан өрт шығып кету қаупі де жоқ емес. Тозығы жеткен электр сымдарын ауыстырайын деген де ниет жоқ. Ниет табылса қаржы жоқ. -Есесіне бізде білім сапасы жоғары. Биыл үш түлегіміз «Алтын белгі» алды. Оқушыларымыз облыстық, республикалық пән олимпиадаларында жүлдегер атанып келіп жүр. Спортта да оқушыларымыз биік белестерді бағындырды. Сондықтан шулық ата-аналар балаларын бізге әкеліп оқытқысы келеді,-деп мектеп директоры Унас Халықова ақынды бір желпіндіріп алғысы келіп еді, Абай ата ауыр ойдан басын көтермеді. – Қарағым-ау, мынадай ұядай мектепке 703 оқушыны тығып қойып басшылар қалай ұялмайды?-деп Абай ата тағы да налыды. – Өзі осы мектептің хал-ахуалымен танысқан басшылар бар ма?-деп сұрады директордан қайтара. – Иә, ата! Шу ауданының бұрынғы әкімі Қайрат Досаев та, жаңа әкімі Сәкен Арубаев та мектебіміздің аянышты ахуалын көріп кеткен. Екеуі де «жоғары жақтағыларға жеткіземіз» деп уәде берген. – Содан не қорытынды шықты?-деп сұрады Абай ата. – Көріп тұрсыз ғой... – Көріп тұрмын, бұлар балалар тағдырымен ойнайын деген екен. Айтпақшы, Президент­теріңіз биылғы жылды Балалар жылы деп жарияламап па еді. Қане, балаларға жасап жатқан қамқорлығы? Абай атындағы мектептің ахуалы арқасына аяздай батқан Ұлы Абай аһ ұрып кетіп бара жатты.Біздің қолымызда әзірге оны Жамбыл облысының әкімі қалай қарсы алғаны жөнінде дерек жоқ ...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Жамбыл облысы.