Бердібек Сапарбаев кімдердің қызметімен қош айтысатынын айтты
Бердібек Сапарбаев кімдердің қызметімен қош айтысатынын айтты
Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевтың алғашқы жиыны аншлагпен өтті. Сағат кешкі беске белгіленген аппарат жиыны екі  мәрте кейінге шегерілгендіктен бұл басқосуға деген  көпшіліктің қызығушылығы арта түсті. Әрі «жаңа әкім жұмысты неден бастайды екен» деген ой көптің көкейінде тұрғаны анық еді. Сондықтан әкімдік мәжілісіне жиылғандардың қарасы қалың болып, бір орындыққа екеулеп  отырғандар  көп болды. Қош, сонымен беске белгіленген жиын абыр-сабырмен   кешігіп басталғанымен аймақ басшысы  Бердібек Мәшбекұлы әдетте әкімдер шығатын  есіктен емес, көптің келген  дәлізімен  мәжіліз залына беттегені жиылғандарды таңқалдыра түсті. Және әкім сөзін бірден ашық әңгімеден бастады. - Мен сіздерді орындарыңыздан босатып, басқа адамды әкелейін деп жатқаным жоқ. Алайда мен жұмыс сұраймын. Сапалы жұмыс көрсете алмағандар кетеді.   Өткен жылғы облыстың көрсеткіші жаман болған жоқ. Алайда ағымдағы жылдың бірінші айында өндірістік әлеуетіміз төмендеп кетті. Сондықтан алғашқы тоқсанда өндіріс, өнеркәсіп және инвестиция бағытына күш салуымыз қажет. Жалпы өңірдің ішкі өнімін көбейту керек.  Екіншіден Тараз бен Меркі қант зауыттарын бақылауға алу қажет. Аталған екі кәсіпорынның күшімен-ақ біз елді қантпен қамтамасыз ете аламыз. Сондықтан салаға жауапты орынбасарым маған нақты ұсыныстарын жасасын. Одан кейін «Қазфосфат» ЖШС-ның әлеуетін барынша пайдаланғанымыз жөн. Аталған серіктестік бүгінде еліміздегі ең алып өндіріс орны саналады. Сол себепті кәсіпорынмен жіті байланыс орнатқанымыз ұтымды.  Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту да өзекті. Бүгінде Жамбыл жерімен үш газ құбыры өтеді. Осының рахатын қара халық көруі қажет. Содан кейін бізге геологтармен жұмыс жүргізіп, жер қойнауын зерттенгеніміз жөн. Ауыл шаруашылығы саласына келсем, егістік көлемін арттыру керек. Сондай-ақ мал шаруашылығын да дамыту кезек күттірмейтін мәселе. Бұл бағытта Жамбыл өңірінің  тұрғындарының тұрмысын жақсартатын жақсы жоба бар. Осы бастама одан ары жалғасын табу үшін бұған дейін бөлінген қаржыны толықтай игеріп, жаңаша жоспар жасау қажет. Ет экспорты бойынша былтырғы меже көңіл көншітпеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар да жаңаша жанданады. Суармалы егістік көлемін ұлғайту үшін механикалық жасақ құрылған екен, ол жасақ  өз жұмысын жалғастырады. Тұрғын үй құрылысына келсек, әлеуметтік желі қолданушылары №13 және №15 ықшамаудандарындағы сапасыз құрылысты сынға алып жатыр. Біз осындай жағдайға  жол бермеуіміз керек.  Облыс орталығында бұған дейін салынған тарихи-мәдени кешендердің құрылысы жоспар бойынша жалғасын табады. Сондай-ақ бізге «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізін тиімді пайдалануымыз керек, -деген Бердібек Мәшбекұлы одан кейін бірқатар салалардың салғырт жұмыстарын қатаң сынға алды.
- Облыстың ішкі саясат басқармасының жұмысы мүлде көрінбейді. Олар болатын, не болып жатқан жағдайдан бейхабар. Құқық қорғау  органдарымен байланыс жасамайды. Дін басқармасының да жұмысы ақсап тұр. Мешіттерде қай тілде уағыз айтылып жатқанын білмейді. Қай кезде де мемлекеттік тілді сыйлау керек. Ең бастысы тәртіп.
  Екіншіден әкімдер есепті жиындарын әкімдік мамандарын жинап алып емес, қарапайым халықтың алдында өткізуі керек. Әкімдер бұқарамен кездеспейтіндіктен олар көшеге шығып, билікке өз шағымын айтуда. Біле білсеңіздер халықтың арасында прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысын көрмеген адамдар бар. Міне осы олқылықтың орнын толтыру үшін өзімнен бастап, барлық мекеме басшылары  халықпен кездесулер өткізетін болады.   Алда 1-наурыз бен  8-наурыз сынды мерекелер келе жатыр. Осы күндері ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырып, халықты бірлік пен ынтымаққа шақыратын шаралар өткізу қажет. Қордайдағы жағдай өз ретімен шешіледі. Қазір балалардың 50 пайызы мектепке оралып, жағдай тұрақтанып келеді. Сондықтан бізге халықтың назарын  басқа арнаға аударып, ұлттық, рухани дүниелер көп ұйымдастыруымыз керек, - деді облыс әкімі. Осылайша аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың алғашқы жиыны жауапты сала мамандарының жон терісіне шоқ басқандай болды. Тұп-тура 55 минут сөйлеген Бердібек Мәшбекұлы арасында жұмысын сынға алған сала мамандарымен жеке сөйлесетінін ескертіп отырды. Және аппарат жиының соңында өзі атап өткен  жауаптыларды жабық есіктегі жиынға алып қалды. Ал онда не айтылып, не болғаны  бір Аллаға ғана  аян. Саятхан Сатылғанов