Қазақстандықтар әлемнің 28 еліне тікелей рейспен ұша алады
Қазақстандықтар әлемнің 28 еліне тікелей рейспен ұша алады
387
оқылды
1 тамызда Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне (ҚАӘ) Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін техникалық бақылауға және қадағалауға жауап беретін тәуелсіз агенттік ретінде құрылған сәттен бастап үш жыл толды. ҚАӘ үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін жүйелі түрде жүзеге асырады. Қазір қазақстандықтар әлемнің 28 еліне тікелей рейспен ұша алады. Биылғы жылдың басты жетістіктерінің бірі Еуропалық комиссияның Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен ҚАӘ-нің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында қабылдаған шараларына оң баға беруі болды. Нәтижесінде қазақстандық әуе компаниялар Еуроодақта тыйым салынған әуе тасымалдаушыларының тізіміне кірген жоқ. Бұл шешімнің алдында авиациялық қауіпсіздікті реттеудің еуропалық үлгісіне көшу, жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту, ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес келмейтін жеті авиакомпанияның қызметін тоқтату, сондай-ақ Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігімен (EASA) тығыз ынтымақтастықты қамтитын ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазақстан ИКАО стандарттарына сәйкестіктің 82%-ына жетті, осылайша әлемдік орташа көрсеткіштен 15%-ға асып, EASA-ға мүше елдерге (85%) жақындады, сондай-ақ Солтүстік Атлант және Еуропалық аймақтан (77%) және әлемдік орташа көрсеткіштен (67%) асып түсті. Құрылған күнінен бастап ҚАӘ бірқатар халықаралық аудиттерден сәтті өтті, соның ішінде ИКАО Валидация миссиясы (ICVM), Еуропалық Комиссия сарапшыларының техникалық сапары және АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі (TSA) сарапшыларының сапары. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының мемлекеттік тізілімінде 912 әуе кемесі бар, 75 әуе кемесі тұрақты жолаушылар рейсін орындайды. Қазақстандық тасымалдаушылар паркінде ең көп таралған ұшақ түрі – AIRBUS 320-232, ең үлкені – Boeing 767-3KY. AIR ASTANA ең үлкен паркке ие, ал QAZAQ AIR – ең жаңа әуе кемелері бар ең жас авиакомпания. Қазақстан ТМД елдерінде бірінші болып ұшу-қону жолағы бетінің жағдайы туралы деректерді ұсынудың жаһандық формат (GRF) стандарттарының 100% енгізілгенін жариялады. Бұл үдерісті Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 2021 жылдың қарашасында сәтті аяқтады. Қазақстанда 25 әуежай (18 халықаралық, 7 ішкі) және 6 тікұшақ айлағы бар. 2022 жылғы 16 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы World Airport Awards марапатында Орталық Азия/ТМД елдерінің ең үздік өңірлік әуежайы деп танылды. Бұл марапат әуежай индустриясындағы ең беделді болып табылады, ол бүкіл әлем бойынша 550-ден астам әуежайда тұтынушыларға қызмет көрсету мен ыңғайлылықты атап өтеді. Түркістан халықаралық әуежайы – тәуелсіздік алған сәттен бастап 30 жыл ішінде жаңадан салынған Қазақстандағы алғашқы әуежай. Биылғы жылы қайта жөндеуден кейін Үржар және Үшарал әуежайларын сертификаттау жүргізілді. Биыл Орал әуежайында жаңа жолаушылар терминалы ашылды. Күзде Қостанай қаласы әуежайындағы жолаушылар терминалын қайта құру бойынша құрылыс жұмыстары аяқталады. 1 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында жаңа халықаралық терминал құрылысын бастап берді. Қазіргі таңда Шымкент қаласы әуежайындағы жолаушылар терминалын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстар жолаушыларға қолайлы жағдай жасау аясында жүзеге асып отыр. Жаңа терминалдар айтарлықтай үлкейтіліп, заманауи технологиялармен жабдықталады. Жалпы елімізде жолаушылар тасымалының оң динамикасы байқалады. Мәселен, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында отандық әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 4 605 470 адамды құрады. Тек 2022 жылдың екінші тоқсанында ғана Қазақстанның әуежайларында 5 172 536 адамға қызмет көрсетілді, бұл бірінші тоқсанмен салыстырғанда 39%-ға артық. Бірінші жартыжылдықта қызмет көрсеткен жолаушылар саны Қазақстанның әуежайларында 8 889 989 адамды құрады. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан Республикасының әуежайларында өңделген жүктер мен пошта жөнелтілімдерінің көлемі 26 110 тоннаны құрады. Отандық әуе компаниялары тасымалдайтын жүк пен поштаның көлемі 7995 тоннаны құрады. Қазіргі уақытта елімізде тұрақты коммерциялық рейстерді жүзеге асыратын жеті авиакомпания бар: Air Astana, SCAT, FlyArystan, Qazaq Air, Жетісу, Жезқазған Эйр және Южное небо. Әлеуетті арттыру жұмыстары жалғасуда, оның бір бөлігі авиациялық инспекторларды оқыту болып табылады. ҚАӘ қолдауымен әуежай қызметкерлерін Wildlife Management бойынша шетелдік инспекторлар оқытты. Сонымен қатар, ҚАӘ қызметкерлері ИКАО мен Корея Республикасы үкіметінің үш оқу грантын, сондай-ақ жас мамандарды қолдау үшін Сингапурде бір грант ұтып алды. 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде ҚАӘ-де 9 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Авиациялық оқу орталықтарына 84 тексеру жүргізіліп, 33 сертификат берілді. Авиациялық қауіпсіздік саласында соңғы үш жылда 212 тексеру және 24 сертификаттау жүргізілді. 2023 жылы ИКАО бастамасымен Қазақстанда Авиациялық қауіпсіздік және жеңілдету жөніндегі жаһандық симпозиум (AVSEC/TRIP-2023) өткізу жоспарлануда. Биылғы 11-12 тамызында Ақтау қаласында авиациялық қауіпсіздік шараларын жетілдіру бойынша халықаралық конференция өтеді. ҚАӘ мамандары тұрақты түрде халықаралық жұмыс топтарына қатысып, олардың нәтижелері аймақтық ұшу қауіпсіздігі бағдарламасына енгізілуде. Сонымен қатар, олар Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, азаматтық авиация саласындағы құқықтық актілерді әзірлеу мен жетілдіруге және халықаралық стандарттарды енгізуге қатысады. Ағымдағы жылы ҚАӘ мамандары азаматтық авиация мәселелері бойынша 32 заңға тәуелді актілерге түзетулерді, 3 Үкімет қорытындысының жобасын, 2 заң жобасына ұсыныстарды әзірлеуге қатысты. Сонымен қатар, 2021 жылғы 30 маусымда Парламент Мәжілісіне ұсынылған «Кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына тұрақты қолдау көрсетеді. Түзетулер қабылданған жағдайда келесідей нәтиже күтіледі – ұшу қауіпсіздігін жақсарту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және азаматтық авиацияны неғұрлым объективті тексеруді қамтамасыз ету, әуе кемелерінің бортында жолаушылардың тәртіпсіз мінез-құлық жағдайларының санын азайту, Қазақстанның әуе кеңістігінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының қауіпсіздігін жақсарту болып табылады. 2020 жылдан бастап елімізде 262 ұшқышсыз ұшу аппараты тіркелген. Халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі ECAC-пен Қазақстанның бақылаушы рөлінде қатысуы туралы, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік, аварияларды тергеу, ұшу қауіпсіздігі және қоршаған орта саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Биылдан бастап Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тікелей рейстерге рұқсат беру үшін FAA (IASA) ұшу қауіпсіздігін алдағы халықаралық бағалауға дайындық аясында техникалық әлеуетті арттыру бойынша талқылаулар жүргізілуде. Бүгінде біз авиация саласындағы барлық мүдделі тараптармен, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетімен саяси және стратегия деңгейлерде, салалық серіктестермен, экономикалық даму институттарымен және ғылыми топтармен азаматтарымыз үшін қауіпсіз жағдайларды жасау мақсатында қызметтеріміздің тиімділігі мен нәтижелілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейміз.