Өскемен мен Семей «Жасыл қалаға» айналады
Өскемен мен Семей «Жасыл қалаға» айналады
183
оқылды
Лондон қаласында іссапармен жүрген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері ЕҚҚДБ-нің Лондондағы штаб-пәтерінде өзара әріптестік, өңірдің екі ірі қаласын «Жасыл қалалар» бағдарламасына қосу туралы меморандумды бекітті. Іс-шараға сонымен қатар ЕҚҚДБ-нің бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк қатысты. Атап өтерлігі, Өскемен мен Семей қалалары есеп бойынша 38-ші және 39-шы болып халықаралық бағдарламаға қосылып отыр. Бағдарлама аясында Өскемен мен Семей экологиялық жағдайды жақсарту бойынша әрекеттердің жекелеген жоспарларын әзірлеуге қолдау алмақ. Бұл экологиялық басымдықтағы проблемаларды анықтауға және оларды шешу үшін қажетті шараларды жүзеге асыруға, сонымен бірге инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Тарқата айтсақ, Өскемен және Семей қаласының 30 млн евродан (теңге баламасында) астам қаржы тарту жоспарланып отырған қанатқақты жобаларына 2020 жылдың мамыр айында дейін қол қойылмақ. Аталған жобалар тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Сонымен қатар өңірге грант тарту және жеңілдікпен қарызды қаржыландыру қалалық инженерлік инфрақұрылымның техникалық жағдайын жақсартуға, тұрғын үй-коммуналдық, көліктік және энергетикалық секторға «жасыл» инвестициялар енгізуге мүмкіндік бермек. Қоса кетсек, қазіргі күнде «Жасыл қалалар» бағдарламасы әлемнің 20-дан астам қаласында жүзеге асырылуда және 1 млрд евроға жуық қаржы тартуға мүмкіндік берген. Атап өтерлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өңірдің инфрақұрылымына халықаралық және қаржылық ұйымдардың қаржысын тиімді тарту мақсатында 2015 жылдан бері Еуропалық қайта құру және даму банкімен белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Аталған жұмыстар еліміздің гүлденуі мен тұрақты дамуын қолдауға бағытталған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЕҚҚДБ арасындағы әріптестікті арттыру бойынша серіктестік келісімінің аясында жүзеге асырылуда. 2015-2020 жылдар аралығында ЕҚҚДБ-мен іске асырылған инвестициялық жобалардың жалпы сомасы 12 жоба бойынша 74,7 млрд теңгені құрады. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы