Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елорданы жан-жақты дамыту бойынша қойған міндеттерін орындауда. Бұл ретте ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары оңтайланып, реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта маңызды міндеттерді сапалы орындау керектігін әркім түйсінген. Кеше Нұрсұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің халыққа есеп беру кездесуінде жыл бойғы жұмыс есебін тыңдай отырып, қоғам қажеттіліктеріне сәйкес нақты жұмыс жүргізіліп жатқанына куә болдық. Әлеуметтік даму динамикасы қарқынды өсіп келе жатқан елорда халқының саны 20 жылдан астам уақыт ішінде 400 мың тұрғыннан 1,2 миллионға жетіп отыр, сәйкесінше, қала аумағы 797 шаршы шақырымға ұлғайған. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз қозғаған қала әкімі жыл сайын бизнес субьектілерінің көбейіп келе жатқанына тоқталды. «Биыл Нұр-Сұлтан қаласының елорда болғанына 22 жыл толады. Қаламызда осыдан 20 жыл бұрын дүниеге жылына 4 500 сәби келетін болса, қазіргі уақытта 25 мың сәби дүниеге келеді. Сонымен қатар жылына 50 мыңдай адам қалаға көшіп келуде. Қазіргі кезде орта және шағын бизнесті дамыту керек екендігі туралы тапсырма берді, бұл экономикамыздың дамуына үлес қосады», – дейді Алтай Көлгінов.
50 мектеп салынады
Халықтың саны мен денсаулығы, туу мөлшері, табиғи өсуі және әлеуметтік-мәдени қажеттіліктерінің қамсыздандырылу деңгейі сияқты бірқатар мәселелерге тоқталған әкім білім саласындағы түйткілді жайттарды атап өтті. Оның айтуынша, қазір қалада 115 мектеп пен 182 мың оқушы бар. Халықтың өсуіне байланысты қалада әлеуметтік нысандарға жүктеме артқаны себепті 8 мектеп қазір үш ауысымда оқытуға мәжбүр. – Биыл және келесі жылы 12 мектептен салынады. Бірінші кезекте мектеп құрылысына арналған орындар анықталды. Мектептердің құрылысына жеке инвесторларды тартамыз. Өңірлік кеңесте жеке инвестиция есебінен 22 мың оқушыға есептелген 22 мектеп салу қолдау тапты, – деген А. Көлгінов кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 60 мың орынды 50 мектеп салу жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ елордада еңбек етуге қолайлы жағдай жасау үшін 350 орынды мұғалімдерге арналған жатақхана салынған әрі кадрларды даярлауға арнайы гранттар бөлінеді. Биыл «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, педагогтердің еңбекақысы 25 пайызға артты, әйтсе де білім саласында 250 маман тапшылығы жетіспейді. Жаңадан ашылатын мектептерді есептегенде маман тапшылығы мың адамға дейін жетуі мүмкін.Дәрігерлер үшін әлеуметтік пакет дайындалады
Ал қоғам өмірінің маңызды саласы саналатын денсаулық сақтау саласы бойынша соңғы 20 жылда нарықтық экономиканың жағдайларына көп бейімделгені рас. Бұл ретте Алтай Көлгінов еліміздің экономикалық дамуындағы жетістіктерімен қала халқын әлеуметтік дамыту жүйесі де тығыз байланысты екенін атап өтті. – 2000 жылдың басында орташа өмір сүру ұзақтығы 65 жас болса, қазіргі уақытта 76 жасқа ұзарған. Бұл – өмір сапасының жақсарғандығының белгісі. Ал қаладағы жағдайға келетін болсақ, денсаулық сақтау нысандарына айтарлықтай салмақ түсуде. Былтыр 12 нысан аштық және оның саны көбейе береді, – деді ол. Әкімнің айтуынша, қалалық жедел жәрдем стансасындағы 84 автомобиль 63 пайызға тозған. 11 көлік жаңадан сатып алынып, 16 машина жаңартылған. Нәтижесінде, жедел жәрдем қызметі 15 минуттан 3 минутқа дейін қысқарып, «алтын сағатқа» қол жеткізіп отыр. Алтай Көлгінов қаладағы сапасы сын көтермей тұрған кейбір апатты жағдайдағы ауруханалардың жайына тоқталып, Орталық теміржол ауруханасының жаңа ғимаратқа көшірілгенін, сондай-ақ мемлекеттік жеке серіктестік бойынша Сарыарқа ауданында көпсалалы жаңа аурухана салынатын жеткізді. Қазіргі күні Нұр-Сұлтанда 14 мыңға жуық медицина қызметкері бар. Десе де, кадр тапшылығы әлі де өзекті мәселенің бірі ретінде қалып отыр. «Бізде 500-ге жуық дәрігердің жетіспеушілігі болған. Былтыр бұл мәселенің жартысын шештік. Сондықтан дәрігерлер үшін де әлеуметтік пакет дайындалады. Қолжетімді баспана – жатақханалар беруді жалғастырамыз», – деді А.Көлгінов.Қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі 3 есеге артады
Азаматтарды қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі ретінде қала бермек. Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қолжетімді баспанаға кезекте тұрғандардың саны – 48 мың адам. Бұдан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 214 мың салымшы өзінің есепшотын ашқан. – Өткен жылы 2 900 пәтер бердік. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 1 050 жұмыс істеуші жастарға үй бердік. Енді биыл біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мұны 3 есе көбейтеміз. Біз 10 мың пәтердің құрылысын бастаймыз. Соның 8 мыңын жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Оның барлығы – қолжетімді баспана, осы мұқтаж азаматтарға арналған, – деді Алтай Көлгінов. Жиында апатты тұрғын үй мәселесі де кең айтылды. Биыл қаладағы Ойыл көшесі, 19, Квартал К2, 6 мекенжайындағы үйлер сүріледі.Жол-көлік апаты 2 есе төмендеген
Сондай-ақ мегаполистің тағы бір мәселесі – көлік саны 2 есе ұлғайып, 500 мыңға дейін жеткен. Қалада жалпы ұзындығы 853 шақырымнан көп болатын 1 110 көше бар. Жол-құрылыс жұмыстарының көлемі 2019 жылы 51 шақырымнан асса, 2020 жылы 100 шақырымды құрап отыр. «Боран болған кезде, бізге жақын маңдағы ауылдармен сөйлесу қиынға соқты. Адамдарға қалаға немесе кері жету қиын болды. Қала ішінде, көліктің сапасын жақсартуға, климатқа байланысты жылы аялдамалар салу жөнінде көп өтініш түседі», – деген қала басшысы биыл 100 электро автобус сатып алынатындығын атап өтті. Ал қала халқының қауіпсіздігі үшін іске қосылған «Қауіпсіз аула – қауіпсіз мектеп» смарт жобасы аясында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу үшін қаладағы білім нысандары мен аулалар орталықтандырылған бірыңғай бақылау жүйесіне көшіріледі. Биыл жол-көлік апаты 2 есе төмендеген болса, өлім-жітім көрсеткіші 43 пайыз азайған.Газ тарту ыстан құтқарады
Қыс түссе, Нұр-Сұлтан қаласын қою қара түтін басып, бас ауыртар мәселеге айналғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Әкім келтірген деректерге сүйенер болсақ, 1-жылу электр стансасы мен 2-жылу электр стансасы қыс бойы 3 миллион 800 мың тонна көмір жағады. Ал жеке секторлар 500 мың тонна көмір тұтынатын көрінеді. «Сонда қыс бойы шамамен 4,5 миллион тонна көмір жағамыз. Біз экологияны ойлауымыз керек. Қазіргі уақытта бұған қатысты қиындық бар. Күн суық және желсіз күндері қаланы қою түтін басады. Осындай көрініс былтыр да болған, биыл да байқалады. Бұл адамның денсаулығына зиян келтіреді. Қала тұрғындарының саны жыл өткен сайын арта түсетінін ескерсек, бұл мәселе тереңдей береді», – дейді Алтай Көлгінов. Қала әкімінің айтуынша, газдандыруға көшкеннен кейін елорда ауасының ластану индексі 25 пайыз төмендейді. Қазір газ бағасы туралы есептеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылыту кезеңінде олар ЖЭО-1, 2, Көктал-1, 2, Агрогородок, Индустриалды, Железнодорожный, Оңтүстік-Шығыс аудандарында газбен жылытылады деп жоспарлануда. Іске асыру мерзімі – 2020-2023 жж. Биыл жылдағыға қарағанда 3,5 есе қалың түскен қар кесірінен елордада төтенше жағдай жарияланып, жүріп-тұру қиындап қалған еді. Коммуналдық қызметтің жұмылып жұмыс істегені арқасында бүгінде 2,5 млн текше метр қар шығарылған. Көктемнің келуіне бір айдан аз уақыт қалғанын ескерген қала әкімдігі тасқынға қарсы штаб құрылғанын айтты. Бұдан соң қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер бойынша әкімге сауал жолдап, тиісті шешімдер айтылып жатты. Олардың арасында кәсіпкерлікті дамыту, жеңілдікті несие, тиісті ақысын ала алмай жүрген азаматтардың мәселесі кездесу барысында ашық айтылды. Есептік кездесу барысында қаланы дамытуға қатысты көкейкесті жайттар кең талқыланып, кешенді іс-шаралар жоспарын құру мен жаңа міндеттер нақтыланды. Әл-Фарабидің 1 150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Алтынбек ТОЛЫМБЕКОВ, Нұр-Сұлтан