Атырауда әйелдер колониясының басшысы мен бас есепшісі қарамағындағы қызметкерлердің сыйақысы мен көтерме ақыларының тең жартысын өздері алып келген, – деп жазады 24.kz. Сыбайластар жыл бойы қызметкерлердің сыйақысын иеленіп келген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен облыстық прокуратураның бірлескен тексеру қорытындысынан кейін оларға қатысты «Пара алу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстары толық дәлелденсе, колонияның жоғары лауазымды тұлғалары қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Істің ақ-қарасын сот анықтайды. Облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев: «Күдікті деп танылған Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті УГ 157/11 мекемесінің басшысы және бас есепшісіне қатысты 2 ай мерзімге күдікпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасуда», – деді.