Жол апаты жиіледі
Жол апаты жиіледі
Жазғы уақытта еңбек демалысын алғандар Балқашқа қарай ағылады. Көлік санында есеп жоқ. Ал жолы жөнделіп бітпеген тасжолда жол-көлік оқиғалары жиілеген. Сонымен қатар Қарағанды облысында жолы күрделі жөндеуді күткен ауыл-аймақтар да жеткілікті. Жантүршігерлік апаттардың статистикасы төбе шашыңды тік тұрғызады. Шілде айының ортасына дейін Балқаш–Сарышаған, Қарағанды–Жезқазған, Абай қаласы маңында ондаған адам жол апатының құрбаны болды. 16 шілдеде «Алматы – Қарағанды» тасжолының Шет ауданындағы бөлігінде MAN және Mercedes Sprinter микроавтобусы соғысып, 8 адам қаза тапты. Әртүрлі дене жарақатын алған тоғыз адам ауруханаға жеткізілген. Алдын ала болжам бойынша, Mercedes Sprinter автокөлігінің жүргізушісі көлікті жүргізіп келе жатып ұйықтап кеткен екен. Көктемнің басынан бастап Қарағанды облысының тұрғындары мотокөлікті белсенді пайдалана бастады. Есесіне жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері жиіледі. Осы уақытқа дейін өңір бойынша мотоцикл жүргізушілері кінәсінен төрт жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан бір адам қаза тауып, үш жолаушы әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Осыған байланысты өткен аптада облыста «Мотоцикл» жедел алдын алу іс-шарасы өтті, оның барысында мотоцикл айдаушылар тарапынан 167 бұзушылық анықталған. Оның ішінде жолаушылар ды тасымалдау және қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамау фактілері жиі тіркелген. Ережені елемегендердің арасында мемлекеттік тіркеу нөмірінің белгісі жоқ мотоциклді басқару, рөлге ішімдік ішкен күйде отыратындардың да үлесі басым. Жақында Ұлытау ауданында 45 жастағы ер адам басқаруға ие бола алмай, мотоциклмен аударылып қалған. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында қайтыс болды. Тексеру кезінде полиция ер адамның мотоциклге қатысты құжаттары жоқ екенін және оны қорғаныш жабдықтарынсыз басқарғанын анықтады. Жолдардағы жағдай мотоцикл жүргізушілердің жол ережелерін елемейтінін және қорғаныс құралдарын пайдаланбайтынын көрсетеді. Сонымен қатар жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері басқа көлік түрлерінің жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуға ерекше назар аударды. Бұл ретте техникалық ақаулары бар, мас күйінде, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын басқаруға, жылдамдық режимін, басып озу қағидаларын сақтауға ерекше назар аударылды. Соңғы уақытта жол апаттарының жиілеп кетуіне орай полиция өкілдері көлік жүргізушілеріне жолға шыққанда сақтық шараларын барынша ұстауға шақырады.