Түркістан облысында полицейлердің адамды азаптап жатқан видеосы тарады
Түркістан облысында полицейлердің адамды азаптап жатқан видеосы тарады
Фото: nur.kz
Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Сауран ауданының полиция бөлімінде түсірілген видео тарады. Онда 34 жастағы жергілікті тұрғынның жанұшыра айқайлаған дауысы естіледі, деп хабарлады Elitar.kz. Белгілі болғандай, 34 жастағы ер адамды мал ұрлығына күдікті ретінде аудандық полиция бөлімшесіне алып келген. Өзінің айтуынша, оның басына полицейлер полиэтилен пакет кигізіп, әбден ұрып-соғыпты. Сондағысы жоғалған екі қойды оның мойнына ілгісі келген көрінеді. Оқиға биыл 8 ақпанда болған. Облыстық Полиция департаменті азапталған ер адамның мал ұрлығына қатысы жоқ екенін айтты. Жәбірленушінің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Ал оны азаптауға қатысы бар деген күдікпен бес бірдей полицей ұсталыпты. Бәрінің үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір бұл іспен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысып жатыр. Алайда жәбірленуші антикордың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Айтуынша, іс белгісіз себептермен әлі сотқа жетпеген. Антикор қызметкерлері полицейлерге кешірім беруді өтініп, бірнеше рет ұсыныс жасапты. Сондықтан жәбірленуші енді Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағымданбақшы. https://www.youtube.com/watch?v=o0gUD3buKxc