IQanat жазғы лагері этникалық қазақтардың басын қосты
IQanat жазғы лагері этникалық қазақтардың басын қосты
1,001
оқылды
IQanat жазғы лагері Франция, Түркия, Иран, Қырғыз Республикасы, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден келген этникалық қазақтардың басын қосты.  Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучье көлінің оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан  IQanat High School of Burabay мектебінің аумағында жазғы лагерь өтуде. Лагерьдің 17-28 шілде аралығындағы үшінші маусымы ерекше болды. Қазақстан мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген 167 баланың басын қосты. 12-17 жас аралығындағы 84 бала Түркия, Ресей, Иран, Франция, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Моңғолия елдерінен келді. Шараны IQanat қоры мен "Отандастар" ҚҚ ұйымдастырды. Балалар қазақ және ағылшын тілі бойынша қарқынды курстардан өтеді. Бағдарламада келесі бағыттар бойынша үйірмелер қарастырылған: ағаш өңдеу, қолөнер, қыш өнері, садақ ату, бағдарламалау, қаржылық сауаттылық, домбыра үйірмесі, футбол, волейбол, хореография, актерлік шеберлік, киіз үй құрастыру үйірмесі, атқа міну. 8 елден келіп, этникалық Отанына жиналған балалар қазақ тілінде сөйлеуді үйреніп, өздерінің ұлттық бірегейлігіне ие болды. Лагерь өзінің өршіл мақсатына жетті: түрлі елдің тілінде өскен балаларды біріктіру, басқа мәдениеттерді көру, олардың санасында ана тілін жаңғырту, ата-бабаларының тарихы және мәдениетімен терең таныстыру.
"Мен Францияда тұрамын және сонда оқимын. Бұл менің тарихи Отаныма алғаш келуім. Бұл өте әдемі жер. IQanat мектебінің жазғы лагері маған қатты ұнады, менің ойымша, мұндай мектептер барлық жерде болуы тиіс. Ең бастысы, біз басқа елдердің қазақтарымен де таныса алдық", деп алған әсерімен бөлісті Франциядан келген Эбрар Апак. "Менің есімім Эмир Өзқұл. Түркиядан келдім. Ата-анам қазақтар. Осындай әдемі демалыс орнына келгеніме қуаныштымын, мұндағы әр күнім керемет өтуде. Қазақ тілін жетік білмесем де, балалар, мұғалімдер және тәлімгерлер мені жақсы қабылдады. Бұл демалыс орнында күн сайын қызықты шаралар өтеді. Бізді атқа мінуге, садақ атуға үйретті, спорттық және зияткерлік жарыстарға қатыстық. Мен қазақшамды жетілдірдім. Мүмкіндік болса, міндетті түрде Қазақстанға тағы да келемін", дейді Түркиядан келген Эмир Өзқұл.
Естеріңізге сала кетейік,  IQanat  ҚҚ еліміздің ауыл оқушыларына арналған республикалық білім беру жобаларын жүзеге асырып келеді. Қордың барлық жұмысы 90-нан астам жанашыр қамқоршы-кәсіпкерлердің қолдауымен қосқан үлесінің арқасында жүзеге асты. IQanat қоры еліміздің басқа да кәсіпкерлерін осындай маңызды миссияға қосылуға шақыратынын атап өтті.