Директорлар 1 мектепті 7 жылдан артық басқара алмайды
Директорлар 1 мектепті 7 жылдан артық басқара алмайды
© egemen.kz
Директорлар 1 мектепті 7 жылдан артық басқара алмайды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған. 
«Білім беру ұйымына тағайындалғаннан күннен бастап 4 жыл лауазымды қызметте болған басшылар ротацияланады. Бұл ретте бірінші басшының бір білім беру ұйымында лауазымды қызмет атқаруына рұқсат етілген ең ұзақ мерзім 7 жылдан аспайды», – делінген Үкімет басшысы орынбасарының жауабында.
Оның атап өтуінше, ротация жүргізу үшін білім беру басқармасының кадр қызметі ауысуы тиіс бірінші басшылардың тізімін әзірлейді. Педагогтерді аттестациядан өткізу ережесі мен тәртібіне сәйкес, бірінші басшы жұмысының тиімділік көрсеткіштері бойынша есеп түзіледі. Ол жұмыс бағыттары бойынша 10-нан астам өлшемшартты қамтиды.
«Тиімділік көрсеткіштеріне қатысты мәліметтерді білім беру басқармаларының, әдістемелік кабинеттердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, білім саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен жасақталған және материалдарды шынайы әрі жан-жақты зерделеу үшін консультативтік кеңес органы саналатын комиссия қарайды. Аттестаттау ережелерінде көрсеткіштер бойынша өлшемшарттар мен тиісті балдар айқындалған. Бұл жемқорлық тәуекелдерін төмендетед. Ротацияланатын бірінші басшы қойылған балдың дұрыстығын, негізділігін қайтадан тексере алады», –  деді Ералы Тоғжанов.