Әсел Айтпаеваның өлімі: сот оқиғаның қалай болғанын анықтады
Әсел Айтпаеваның өлімі: сот оқиғаның қалай болғанын анықтады
Фото: kazlenta.kz
Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қыдырбек Алхожаев Грузияда көз жұмған  Әсел Айтпаеваның өліміне қатысты оқиғаның мән-жайын айтты.  Сот жабық режимде өтті.  Бойжеткеннің туысы 56 жастағы Мұрат Мейірбековке оны зорлап, кейін сатып жіберген деген айып тағылды.  Грузия азаматы  Бесик Тордуа қызды зорлап, өз-өзіне қол жұмсауға жеткізген деп айыпталды.
Судьяның айтуынша, айыптау үкімін шығару кезінде сотталушының, жәбірленушілердің, куәгерлердің берген жауабы, сараптама қорытындысы және іс бойынша объективті дәлелдер негізге алынған.
"Сот анықтағандай, Мұрат Мейірбеков жәбірленуші Әсел Айтпаеваға жалақысы 500 долларлық жұмыс ұсынып, Қазақстаннан Грузияға келуіне ықпал еткен. Рустави қаласындағы жалға алынған пәтерде Мұрат Мейірбеков пен Әсел Айтпаева ішімдік ішкен, кейін қыз ұйықтап қалған. Осы жағдайды пайдаланып, Мейірбеков оны еркінен тыс зорлаған. Мейірбеков өзінің пайдасы үшін және қызметіне көмектескен Грузия азаматы Бесик Тордуаны өз ісіне пайдалану үшін  Әсел Айтпаеваны оған сыйламақ болған. Сөйтіп, Тордуа мен Мейірбеков өзара келісімге келген", –  деді Алхожаев.
Әсел Айтпаева өзін зорламақ болған Тордуадан қашып, 9-қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп, сол жерде көз жұмған. Сот үкім шығарған кезде сотталушының кішкентай балалары бар екенін ескерген. Соттың үкімімен Мұрат Мейірбеков 15 жылға сотталды. Бұдан басқа қыздың ата-анасының пайдасына сотталушыдан 5 миллион теңге өндіріледі.