Биыл бірнеше өңірде әкім орынбасарлары қызметінен қысқарып жатыр. Мамандар мемлекеттік қызметтегі осындай ауыс-түйіс пен қысқартуларды тиімді деп санаса керек. Ал ондаған жылдық еңбек өтілі бар кадрлардың қайда барары белгісіз. Олар басқарған сала енді қай басшылардың қарауына өтеді? Қысқартудың соңы қайшылыққа ұласып кетпей ме? ШТАТТЫҢ ШЫРҒАЛАҢЫ Ең алдымен бір дүниені ескерген абзал. Қысқартылып жатқан орынбасарлар сөгіс алып немесе келеңсіз жағдайлардың cалдарынан кетіп жатқан жоқ. Бұның бәрі әуелден жоспарланған штаттың қысқаруы. Өткен айда Атырау облысы әкімінің бір емес, қос орынбасары қызметінен кетті. Оның бірі – С.Айдарбеков әкімнің бірінші орынбасары болатын. Былтыр көктемде Айдарбеков облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланы сот қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануда кінәлі деп таныған соң қызметінен кету туралы арыз жазған болатын. Бірақ сол кездегі облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов арызын қабылдамай, қатаң сөгіспен шектелген. Дегенмен штаттық қысқартуға бұл оқиғаның еш қатысы жоқ екені хабарланды.
«Облыстар мен республикалық маңызы бар қала әкімдері аппараттарында мемлекеттік қызметшілерді оңтайландыру туралы Мемлекет басшысының 2022 жылы 16-наурыздағы Жолдауында айтылған тапсырманы орындау мақсатында Атырау облысы әкімі орынбасарларының шекті саны 2 адамға қысқартылды», – деп мәлімдеді Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.Дәл осындай тапсырмадан кейін Павлодар облысы әкімі орынбасарларының да саны азайды. 1 тамыздан бастап Павлодар облысы әкімінің Экономика және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Динара Шаймұратова лауазымынан босатылды. Осылайша облыс әкімінің тек үш орынбасары қалды. Биыл наурыз айында аймақ басшысы орынбасарларының саны бесеу еді. Біреуін әкім сол кезде қысқартты. Өткен жылы штат саны лимитін қысқарту барысында 10 ауданның әкім орынбасарлары мен 15 облыстық басқарма басшысының бір орынбасары лауазымы алынып тасталған. 2021 жылы Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілердің штаты бірден 15 пайызға қысқарды. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтың орынбасарлары да қысқарту құрығына ілінді. Қазір қала әкімінің 4 орынбасары қызметін жалғастырып жатыр. Елорда әкімдігінде Ермек Қизатов энергетика мен коммуналдық шаруашылыққа, ал Берік Жәкенов әлеуметтік салаға жауапты болған. Жәкенов әкім орынбасары қызметіне 2022 жылдың ақпанында ғана кіріскен. Бірақ өзінің қысқарарын алдын ала білгендей ме, шілденің басында-ақ оның АМANAT партиясы елорда филиалының Атқарушы хатшысы қызметіне ауысқаны хабарланды. Яғни, қызметі қысқарған мамандар жұмыссыз қалмайды. Айтпақшы, штат саны қысқаруына байланысты қызметінен босатылған әкім орынбасарларының атқарған қызметі әкімнің басқа орынбасарларына жүктеледі. Алайда қызметтегі әкім орынбасарларына жұмыс артқанымен, олардың жалақысы көбеймейді. ҚЫЗМЕТТЕГІЛЕР 25 ПАЙЫЗҒА АЗАЙМАҚ Мемлекеттік қызметшілерді қысқарту процесі 2020 жылы басталған болатын. Сол кезде Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің төрттен бірі қысқарып, саланың едәуір өзгеріске ұшырайтын түрі аңғарылған. Дегенмен бұны біреулер қолдаса, кейбіреулер елде мемқызметшілердің онсыз да аз екенін айтып жатты. Мысалы, 2020 жылы 9,2 млн экономикалық белсенді халықтың 1,1 пайызы ғана мемлекеттік қызметте болған. Ал Францияда мемлекеттік қызметшілердің үлесі халықтың 8 пайызын құрайды. Канадада 1,5 пайыз, Австралияда 1,4 пайыз, АҚШ-та 1,3 пайыз межесінде. Бізде сәл де болса аз екені көрінеді. Сонда мемлекеттік қызметшілердің санының азаюы тиімсіз болғаны ма? Әлбетте, мемлекет бұл ретте ресурсты үнемдегенімен, жұмысынан босап қалған азаматтар қайда баратыны белгісіз? Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұған қатысты нормасы бар. Онда «Әлеуметтік тұрғыда әлсіз және қысқаруға жататын мемлекеттік қызметшілердің қорғалуын қамтамасыз ету керек. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыстан аяғы ауыр әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдер, жалғызбасты аналар, бала тәрбиелеп отырған басқа да адамдар, сонымен бірге зейнет жасына 2 жыл уақыт қалған адамдар қысқартылмайды» деп жазылған. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің жоғарыда аталған құқықтарының қорғалуына бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте кемі үш жылдық еңбек өтілі бар адамдарға жұмыстан шығарда орташа айлықтың төрт еселенген мөлшері беріледі. Бұл норма тәжірибелі қызметкерлерді жүйеде қалдыруға ынталандыруға бағытталған екен. Дегенмен бұл тұста тағы бір мәселенің бары жасырын емес. Елімізде мемқызметшілер жыл сайын «өздігінен» де қысқарып отыратын. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегіне сенсек, әр жыл сайын мемлекеттік аппараттағы жалпы лауазымының 8-9 пайызы бос тұрады. Зейнеткерлердің жұмысты босатуына байланысты жылына тағы 1 мың лауазым босайды. Бұдан бөлек, әр жылы 6 мың мемлекеттік қызметші жеке сектор мен басқа да ұйымдарға ауысып жатады. Біздің шамалауымыз бойынша, мемлекеттік қызметшілер ретсіз қысқармайды, ал қысқарған мамандар квазимемлекеттік немесе жеке секторлардан қызмет табуы мүмкін. Мәселен, 2 жыл бұрын жауапты хатшылардың міндеті аппарат басшыларына беріліп, көп мемлекеттік органдарда аталған штат қысқаруға ұшырады. Дегенмен онда қызмет еткендердің біразы жерде қалмағанына куәміз.