Қасқырды қолға үйрету қиын емес
Қасқырды қолға үйрету қиын емес
964
оқылды
Бүгінде цирк өнеріне баулынбаған азулы аң жоқ. Ал арландарды арбау адамның қолынан келмейді. Әйтсе де «ақылды әрі айлакер жыртқышты қолда өсіру – кез келген қазақтың қолынан келеді» дейтін елордалық аңшы әрі этнограф Ұлағат Ханзада азулы аңның тілін табудың құпиясымен бөлісті. – Қалам ұстаған жанның аңшылыққа аңсары қай кезден бастап ауғанын білсек... – Негізі өзім Сыр бойының қазағымын. Қазақтың этнографиялық танымына қызығушылық бала күнімізден бойымызға сіңген. Бұл бізге аталарымыз бен әкелеріміздің қасында жүріп, қазақ дәстүріне, қазақшылыққа құмартып өсуінің әсерінен пайда болған дүние. Кейіннен әдебиет пен өнердің айналасында қағаз бен қаламды серік етіп, кітапты кеміре бастадық. Осылайша, қазақтың ескі танымын көзкөрген ақсақалдардан естіп-біліп, әңгімелерінен ой қорыта жүріп, жадымыздан өшіп қалған дүниелерді қайта түлетсек, елдің жадын тірілтсек деген ниет пайда болды. Себебі жаңа айтқандай, ес білгелі құсбегілік пен аңшылық, саятшылық пен атбегілікке қызығып өстік. Бұл қызығушылық қазақтың қаны бар кез келген адамның бойында бар. Өкінішке қарай, қазір біреулерге дүние мен мансап, атақ-даңқ, жалған сөлкебай қызық болып жүр. Алайда, қасқыр мен бүркіт, тазы мен жүйрік атты алаңға алып шықса, делебесі қозбайтын, айқайға аттан салмайтын қазақты көрмейсің. Себебі, бұл қазақтың тұтас бір генфоны десек болады. Яғни жадында сақталатын тектік ақпарат. Ақселеу ағамыз бұрын осы тектік ақпарат дегенді жиі айтатын еді. Сол бойымыздағы тектік ақпаратты жаңғыртуды қолға алсақ деп жанталасып жатқан жайым бар. Әйтпесе, елден озып, көпшіліктің көзіне түсуге, не болмаса пайда табайын деген мақсатым жоқ. Қасқыр асырау көнеріп бара жатқан ескі жадымызға жан бітіруге деген қызығушылықтан басталды. Қазақтың тазысын әлемдік деңгейге танытпасақ та, дәстүрлі аңшылық пен саятшылықты бекзада өнер ретінде насихаттай алсақ дейміз. Журналистикада жүрген кезімде еркелігім мен далақұмарлығыма кешіріммен қарап, түсіністік танытқан басшыларым көп болды. Телефонды көтерместен аңға шығып кететін кездерім болады. Жұмысқа тұрған кезде: «шығармашылық еркіндігім тоқтаған жерде, жұмысым да тоқтайды» деп айтатынмын. Саятшылыққа құмарлықтың қай кезден, қалай басталғанын дөп басып айту қиын. Ес білгеннен атқа қондырып, тізгінді қолға бергеннен бастап бойға сіңген қасиет болса керек. Ат жалын тартып өскен балада ілесіп қасында құмай тазысы да жүретін. Ол кездерде тазы иттер бағаланбайтын. Екі ауылдың арасында тазы иттер өріп жүретін. Қазір сол тазының қадір-қасиетін білетін кісілер қала жағалап кетті. Даланың танымы өшіп барады. Ең алғаш елордаға келгенде тазыларым мен жүйріктерімді сағынып, көңілім құлазып жүрді. Тазы ұстайтын достарымның үйіне аңсарым ауып, үйір бола бастадым. Сөйтіп жүріп бір күні ауылдағы екі тазымды осында көшіріп алдым. Пәтер жалдап жүрген кезім еді. Соған қарамай, жер үй қарастырдым. Сосын оларды ауыздандырып, аң көрсету керек болды. Оларға қасқырды тірідей көрсету үшін ұзақ сапарға шығу қажет. Кемінде қаладан мың шақырым жерге дейін қара күздің кезінде немесе қараша мен желтоқсан айларында артынып-тартынып, тазымызды алып аңшылыққа шығып жүрдік. Қасқыр алған тазыларым бар. Қазір мылтықпен, қарда жүретін шанамен, түрлі техниканың көмегімен қасқыр алып жатқандар бар. Ал біздің мақсат – дәстүрлі аңшылықты насихаттау. Сол үшін қасқырды қолда үйретіп жүрмін. – Қасқырды қолда өсіруді пайда көзіне айналдырғандардың қатарынан емеспін дейсіз ғой? – Қасқыр асыраудың біз үшін бақыр тиындық пайдасы жоқ. Шындығына келсек, экономикалық тұрғыдан аңға шығу қып-қызыл шығын. Ол рухани ләззат сыйлайды. – Дұрыс қой, бірақ түз тағысы еркіндікті сүйеді дейміз. Даланың дара аңын қолда өсіру қаншалықты дұрыс? – Басында қасқырды қолда өсіремін деген ой болған жоқ. Қазір жабайы аңды қолда өсіріп жатқаным үшін министрлікпен соттасып та жатырмын. Қажеттілік пен мұқтаждық үшін қасқырды қолда бағып отырған жоқпыз. Негізі қасқырды қолда ұстау қазаққа таңсық емес. Қолында құмай тазысы мен бүріп алатын бүркіті бар кез келген аңшы қасқыр асыраған. Қазір қасқырды қолда өсіруді қорлау деп ойлайтындар көп. Аңның тағдырын аңға, құстың тағдырын құсқа шешкізу бұрыннан келе жатқан бекзадалық өнер. Бұрын қазақ қолына мылтық ұстаған жағдай сирек болған. Ал тазы мен бүркітке аң алдыру деген өнер. Қасқырды иттерге талату үшін асырап отырған жоқпын. Екеуін де аңшы жігіттерден бөлтірік кезінде сатып алдым. Егер мен оны өлтіретін болсам, сол кезде тазыларға тартқызып тастар едім. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай асырап бақтым. Ал екінші бөлтірік маған жаралы келді. Аңшылардың өзі емдей алмаған соң берген. Дәл сол уақытта концепциясы толық пісіп-жетіліп тұрған жоба бар еді. Қазақтың жеті қазынасы саналатын тазы, қыран бүркіт, жүйрік аты туралы, қазақы танымды жаңғыртып, деректі фильм түсірсек деген ниетте жүрген кезіміз болатын. Қазақтың төл өнерін таныту үшін төрт жыл қатарынан Discovery-ге хат жаздық. Олардан карантиннің алдында ғана жауап алдық. Қасқырды қолға үйретуді көрсете алса, қаржы салып, кино түсіруге келісім берген. Құлағымыз көтеріліп жүргенде осы екі бөлтірік қолымызға түсті. Құртқаны әдейі жабайылау өсірдік. Себебі бөлтіріктерін өргізген жағдайда табиғатта еркін өмір сүріп кете алатындай инстинкт беру керек. «Қасқыр қолға үйренбейді» дейтіндерге айтарым, қасқыр орманға қарап ұлығанмен, орманды аңсап тұрады дегенді білдірмейді. Мысалы біздегі екі жасар Көкжал атты арланды бос жіберсе, қауіп-қатерді сезінген бойда қайтып бізге келеді. Өйткені ол жақсылықты адамнан көрді. Дәл қазір Көкжал қаңғыған оқтан өлгенше, қазақтың руханиятына қызмет етсін. – Қасқыр қолда өссе табиғи болмысынан ажырап қалады дейтіндер бар ғой... – Қасқыр ешқашан табиғи болмысын жоғалтпайды. Қасқырдың болмысына қатысты жалған ақпарат көп. «Қасқыр өмірінде бір-ақ рет бөлтіріктейді», «қасқыр адам қолынан тамақ жемейді» деген әңгіме жетерлік. Бұларда да әлеуметтік орта бар. Үлкені мен кішісі, қауқарлысы мен әлсізі бар. Бірақ ол ортаға адам міндетті түрде араласады. Мысалға, Ақмола облысында онға жетер-жетпес қасқыр бар. Өйткені 1-2 шақырымнан дәлдеп тигізетін оптикалық мылтықтардың кесірінен қасқырдың тұқымы құрып жатыр. Тазысы мен бүркіті, жүйрік аты бар дәстүрлі аңшылар табиғаттың балансын міндетті түрде сақтап отырады. Өзіңіз көргендей, қазір тазылардың барлығы байлаулы тұр. Себебі, аңшылық маусым әлі басталған жоқ. Оларды бос жіберсек, еліктердің аяқтанбаған лағы мен қоянның көжектерін жатқан жерден қырып тастайды. Ал браконерлерге бәрібір. Біз табиғи ортасынан бөліп алған дүниені міндетті түрде табиғи ортасына қосамыз. Киномызды түсіріп алсақ, табиғи ортаға бейімдеп еркіндікке жібереміз. Мүмкін болса, заң аясында қорғалатын экологиялық аумақ болса жақсы болар еді деп отырмыз. – Қазақтың танымына «Көксерек» киносы қасқырды қатыгез, жауыз деген көзқарас қалыптас тырды. Сонда «қасқыр қасқырлығын жасайды» дегенді жоққа шығарасыз ба? – Қасқыр – тәңір сипатындағы табынатын дүние емес. Алайда, қасқырдың көзіндей сұлу көз ешқашан көрген емеспін. Себебі, қанша қауіп төніп тұрса да, алдындағы азығына разы болып тұрса да көз жанары ешқашан өзгермейді. Тура сол мөп-мөлдір, суық қалпынан танбайды. Бұл қасқырдың көп адамға қарағанда, бірқалыпты мінезді ұстай алатынын аңғартады. Бірқалыпты мінезге бейімделген. Құдайдың жаратқан табиғи селекциясы. Біз қасқырды қазақ руханиятының бөлшегі ретінде үлес қосатын артикул ретінде пайдаланғымыз келеді. Рас, оларды табиғи ортасына жіберсең әлдеқайда ұзақ өмір сүреді. Бірақ 1-2 жасқа дейін аяқтан тұрып кеткенше бөлтіріктің де ауыратын кездері болады. 4-5 бөлтіріктің біреуі ғана тірі қалады. Қалғаны әртүрлі індеттен қырылып қалады. Біз ауырып келген бөлтірікті емдедік, вакцина салдық. Сол иммунитетпен өмір сүріп кетті. Ертең ол кейінгі ұрпағына өзінің қанында қалыптасқан түрлі вирустарға қарсы иммунитетті қоса береді. Экологиялық тұрғыдан алғанда пайдасы көп. Біздегі Құртқаны сыртқа шығарсаң, қазір қашып кетеді. Себебі, ол қалай үйреткеніңе байланысты. Арланын жібере салған күннің өзінде қашпайды. Себебі, оның жадында адамнан қорқу деген жоқ. Ұрғашысы жабайылау етіп тәрбиеленді. Қатты жақындаған жоқпыз, сипамаймыз. Еркіне қол сұққан жоқпыз. Ал арланы ысқырғанға келеді, тіпті итше үре алады. Бірақ бұл тұр десе тұратын, жат десе жататын ит емес. Сондықтан «Қасқыр қолға үйренбейді» деген миф қана. Даланың дара иті. Қасқыр рух тұрғысынан ғана көп нәрсеге бағынбауы мүмкін. Өзін еркін, азат ұстайтын даланың санитары. «Қасқыр болғандықтан қыра береді» деген де қате. Қасқыр даладағы бір табын ақбөкеннің ішінде ең әлсіз деген ауруын таңдап алады. Ауырсынып жүрген табиғи әлсіз түрімен қоректенеді. Адамға аса қатты соқтықпайды. Егер адам өзі барып, ұясын бұзып, бөлтірігін алып, зарарын тигізіп, азуын көрсетпесе, өздігінен қасқыр бөтен жерді былғамайды. Адам мен малға шабатын бір ғана себебі, қасқырлардың бір-бірімен ұйығатын уақыты. Сол бөрі сырғақтың кезінде серігіне әлді екенін көрсету үшін жолында не кездеседі, соны жарып өтуге дайын. Әдетте жалғыз бармайтын арқар мен жабайы қабанның ортасына барып мертігіп те қалатын кездері бар. Басқа уақытта қоңыр малдың қарасына төтеннен келмейді. Өз аумағын жақсы біледі, қауіптің адамнан келетінін де түсінеді. – Қолға үйрету оңай болса, қасқырды цирк өнеріне үйрету неге қиын? – Қытайда өнер көрсететін 12 қасқыр бар екен. Жабайы тас дәуіріндегі қасқырлардың адамның қолынан етті тартып жеп жатқан сәтін көрсететін эпизодтары бар. Солар бізден екі жылдан бері Көкжалды сатуды сұрап келеді. Біз бірден бас тарттық. Өйткені қасқыр жемтік үшін жұмыс істемейтін аң. Қасқыр жан-дүниесімен жұмыс істейді. Қасқыр кімді қожайын деп санаса, ол сол үшін өмірін қиюға дайын. Ол үшін адамның ерік-жігері мен рухы мықты болу керек. Қытайдағы қасқырларды ұрып-соғып үйрету мүмкін емес. Қасқырды қолда үйрету үшін рухың қасқырдан басым болуы керек, не болмаса тең дәрежеде болу қажет. Өйткені бұл аң рухани күшті тез сезеді. Дегенмен қасқырдың циркте өнер көрсеткенін қаламаймын. Қасқыр, қасқыр болып қалғаны дұрыс. Үрей мен қорқыныш сипатында қала бергені жөн. Ал адамзаттың игілігі үшін қолға үйреткеннен қазақ ұтылмайды. – Қасқырды асырау қалтаға салмақ салмай ма? – Әрине, салады. Күніне жаздыгүні 4-4,5 келі ет, қыста бір жегенде 9-10 келі етті қылқытып салады. Жүн-жұрқа, мүйізіне дейін қалдырмайды. Асқазанындағы қышқыл кез келген нәрсені ірітіп жібереді. Дала санитары деп атауының себебі осы. Қасқыр жеген өлексесінен ары қарай вирус таратпайды. Ағзасында өлтіреді.  – «Бөрінің бөрілігі» дегенді қалай түсіндірер едіңіз? – Қазақ көбіне бөрі болуға тырысқан. Өз ісіне мығым, шаруасына епті, өз сөзінде тұратын азулы, алғыр жігіттерді «қасқыр екен» дейді. «Мынау қабылан, барыс екен» демеген. Өйткені қасқыр өзінікін өзгеге оңайлықпен бере қоймайтын, қажеттілігі үшін табандап тұрып беретін аң. Бірқалыпты мінезі мен досына қас қылмайтын қасиетіне қарата «қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деп жырға қосқан. Ал тағы тағылығын істейді десек, қожайынына қастық қылатын азулы иттер де бар. Бөрілігі сол, қожайынның қас-қабағын, ым-жымын, қимыл-қозғалысын, әрбір әрекетін қалтқысыз кірпік қақпай бағады. Анау-мынау ит маужырап ұйықтап қалуы мүмкін, бірақ қасқыр сергек әрі сезімтал. Қожайыны қандай көңіл-күйде тамақ беріп жатқанын алыстан сезеді. Көкжалым ашуланып келген кезде ырылдап, сақ-сақ ететіні бар. «Ашуыңды көрсетпе» дегендей айбат көрсетеді. Көңілің құлазып келгенде, білегіңнің сыртынан жалап, көңіліңді аулайды. Құндылықты қапаста қалдырған қала өмірінен қажыған сәтте рухани жетімсірегендерге тірі табиғаттың жаратылысымен сырласу жетіспейді.