– Бүкіл елді алаңдатып отырған жайт – Қордайдағы жанжал. Сіз үкіметтік комиссия құрамында оқиға орнына бардыңыз, жергілікті жұртпен сөйлестіңіз. Бұл кеше шыққан дау емес, жылдар бойы қордаланған кикілжің деген байлам бар. Дүнген халқы қоғаммен араласпайды, алыс-берісі аз деген ақпарат тарады. Бұл рас па?
– Мәселенің мән-жайына терең бойлау үшін тарихқа шолу жасаған жөн. Біз дүнген деп атайтын хуэй этносы көп қудаланған, тарихтан талай теперіш көрген халық. Олар шың (цинь) империясының отаршылдығына қарсы қаншама рет бас көтерген, аяусыз басып-жаншылған. Жан төзбес қудалау көрген. Мысалы, тарихшылардың айтуынша, XVIII ғасырда жоңғар империясы жойылғанда ол жерді қазақтар басып алмауы үшін Қытай Жоңғарияға сибе, даур, солон, халха-моңғолдар мен тараншы-ұйғырлар сыртында, Кен-су (Ганьсу) аймағынан дүнгендерді көшіре бастайды. Сөйтіп, Шыңжаң (қытайша «жаңа шекара») аймағы пайда болды.
1864 жылы ұйғырлар мен дүнгендердің кең ауқымды және қуатты көтерілісі басталды. 1867 жылы қоқан қолбасшысы Жақып бек Қашқария аумағын өзіне қаратып, дүнген хандығын қалпына келтірді. Осылайша, Іле сұлтанаты құрылды. Осы кезде қазақ хандығын отарлап үлгерген Ресей патшасы Шығыс Түркістандағы мұсылмандардың дәуірлеуі Жетісудағы қазақтарға дем береді деп үрейленеді. Бұл қауіптің алдын алу үшін орыс әскері 1871 жылы Іле аймағына басып кірген. Жақып бек билігінен айырылды.
Орыстар о бастан сонда қалуды ойламағандықтан, Қытайдың сол жерді қайтару талабына келіседі. 1881 жылғы 12 ақпанда Санкт-Петерборда екі империя арасында бейбіт келісім бекітілгені мәлім. Осы арқылы Ресей мен Цинь империясының Орталық Азиядағы өзара шекараны ажырату бойынша ұзақ әрі күрделі процесс аяқталды. Келісімнің 3-бабына сәйкес, Іле аймағы халқына Қытай мен Ресейдің бірінің бодандығын ерікті түрде таңдау құқығы берілді. Бірақ 1-бап бойынша бұл аймақ толығымен шың мемлекетінің құзырына көшкен. Демек, Ресей бодандығын қабылдаса, ол жерден кетуі шарт.
Қытайдың көтеріліске қатысқандарды қудаламасына сенбеген 100 мыңдай мұсылман діндес қазақ еліне көшуді қолай көреді. Нәтижесінде, тарихымыздағы XIX ғасырдағы ең ірі оқиғаның бірі – дүнген мен ұйғырдың қазақ жеріне үдере көшуі болды. Империя осылай мейірім танытты деген бос сөз: ақ патша әскери-саяси қатынас күрделенсе, оларды Қытайға қарсы пайдалануға ниеттенді.
Бар баспана, бүкіл шаруашылық, егістік пен бақша, дүние-мүлік атаулының бәрін Қытай жағында қалдырып, жол қапшығымен ғана бас сауғалай қашқан жүз мыңдай адамға Ресей империясы Жетісудан жер берді, ол жер қазақтардан тартып алынды.
Бастапқыда тұрғылықты халық – қазақтар бұларға отарлаушының серігі ретінде суық қабылдаған екен. Кейін араласа бастады. Өйткені дүнгендер тары, күріш, бидайды көп өсіреді, бұл жұртшылықтың сұранысына ие өнім. Одан қалды, 1916 жылы «әскерге жігіт бермеймін» деп қазақтар патша жарлығына қарсы шыққанда, дүнгендер біздің қатарымызда отаршыға қарсы шайқасқан.
Бірақ ақсақалдардың айтуынша, кеңес заманында бұл қарым-қатынас үзіліп қалды. Дінге берік, діңі қатты дүнгендер өзгелерден іргесін аулақ салып, жабық қауымға айналғаны құпия емес. Араларында қалған азғантай қазақтарға да жиі тізесі батқан.
Қордай ауданында «Ауқатты» ауылдық округінің мектеп директорымен сөйлестім. Білім ордасында 1,5 мың оқушы оқыса, соның 1 300-і – дүнген, ал 200-і – қазақ баласы. Көпшілік азшылыққа әлімжеттік жасайды дейді. Тіпті, мектеп ауласында даурыққан дүнген жігіттерінен аулақ кетуді сыпайы сұраған екі қазақ мұғалімін олар жабыла ұрған. Бірақ мұндай оқиғалар ақсақалдардың және бәлкім, ақшаның араласуымен жабулы қазан күйінде қалдырылыпты.
Дән себу, егін ору науқандарында дүнгендер таң азаннан кеш қарайғанша үлкен-кішісі тегіс егіс басында жүреді. Мұғалімдер балаларын мектепке келтіруге талаптанса, «Сабақ бергің келсе, өзің егіндікке кел!» деп талап қойған. Тіпті, егістікке барып, сабақ беріп жүргені де бар көрінеді. Бұл –
өрескел дүние. Бұдан былай оған жол бермеу керегі жөнінде ескерту жасадық.
– Олардың әлі орыстілді жұрт болып қалуының себебі неде?
– Бұл – жалғыз оларды емес, бүкіл қоғамымызды жайлаған кесел. Қазақстанда қазақ тіліне қажеттіліктің жоғын олар да жақсы түсінеді. Бұл кеңес кезіндегі жаппай орыстандырудың қалдығы. Бірақ жағдай өзгеріп жатқандай. Қазіргі кезде қоғамда дүмпу туғызған, елді дүр сілкіндірген ең өзекті мәселелерді қазақтілділер көтеріп жүргендіктен, қазақ баспасөзі мен қазақтілді ақпарат құралдарының беделі өсе бастағаны байқалады.
Қордай ауданындағы бес ауыл өкілдерін жиып, құрылтай-кеңес өткізгенімізде дүнген жастарының белсенділері қазақ тілінде жақсы сөйлейтініне куә болдық. Тек олар үлкен сөйлегенде үнсіз тыңдайтын қазақ жастарына тән инабаттылықты үйренсе, игі болар еді. Ауруханаға бара жатқан қазақ ақсақалын ұруы да тәрбиесіздіктен.
– Сіз Ауғандағы қан майдан ортасынан оралған ардагер жауынгерсіз. Отан алдындағы антқа адалдықтың не екенін білесіз. Ал дүнген халқы баласын әскерге бермейді дегені рас па? Рас болса, заңға қайшы ғой. Бұл мәселені қалай шешу керек?
– Сізге одан да сорақысын айтайын. Әскерилер берген дерекке жүгінсек, бүгінде әскерге баратындардың 1 пайызы ғана өзге ұлт өкілдері екен. Қалған 99 пайызы – өзіміздің қазақ жігіттері. Оның үстіне сол 1 пайыздың көбісін орыстар құрайтын көрінеді. Қазақстанда 125 этнос тұрып жатыр дейміз. Демек, олардың балаларының басым көпшілігі Қазақстан әскеріне барудан, Отанға қорған болудан қаша ма? Мұны жауапты органдар анықтап, мән бергені жөн. Өзім де депутат ретінде мұны назарда ұстаймын. Халық достығы дәріптелетін мереке, жиын-тойда ұлттық костюм киіп алып, «түріміз бөлек болғанымен, жүрегіміз бір, отауымыз бөлек болғанымен, Отанымыз бір» деп шаттанғанда алдымызға жан салмаймыз. Бәрі «урапатриотизм» болып қалмай, отаншылдығымыз ісімізден көрінуге тиіс.
Дүнген жастары негізгі тәрбиені мешітте алады. Егер әскерге барса, еліміздің өзге өңірінде болса, қоғамымызға кірігуі жеделдер ме еді.
«Дүнген жігіттері әскерге бармайды, ақша табумен, егін егумен, коммерциямен айналысады» деген ақпаратты кездесу үстінде Әбдібек Сейілханов ақсақал хабарлады, ол бұрын «Қаракемерде» әкім болған, сондықтан жергілікті жағдайды жақсы біледі.
Кейін осы деректің анық-қанығын анықтағанымда, Қорғаныс ведомствосы басқаша мәлімет ұсынды: 2019 жылы Жамбыл облысынан көктемде – 13, күзде 22 дүнген жігіті әскерге шақырылған. Осы облыста жалпы алғанда, дүнген ұлтының 58 201 өкілі тұрады. Бірақ әскерге шақыру науқанын ұйымдастырған азаматтармен тілдескенімде, олар әскери есепте тұрған дүнгендер әскерге бармаудың әртүрлі жолын пайдаланатынына шағымданды.
Мысалы, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес, әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан діни ұйымдарда оқитындар және тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады. Бұл кедергі кезінде әскерге жат ағындар қаптап еніп, қарулы жауынгерлер арасында қауіпті уағызын таратпауы үшін жасалғаны жасырын емес. Бұлар осы бапты да қолданатын болса керек. Осы мәселені көтергеннен кейін дүнген жігіттерінің негізсіз әскерден қашуына тосқауыл қою бойынша шаралар қабылданатын болды.
– Дүнген жұрты – мұсылман. Алайда сол ауылдағы кейбір мешіттерде уағызды қазақ тілінде жүргізбейді екен. Мүфтият аталған мәселені шеше ала ма?
– Дүнгендер өзіміздің Ислам дінінің Ханафи мазхабын ұстанады. Масаншыда – 12 мешіт, Сортөбеде 13 мешіт бар. Имамдардың барлығы ҚМДБ-ның бекітуімен, Бас мүфтидің бұйрығымен жұмыс істеуде. Аттестациядан өткен. Алайда имам сыртында жергілікті беделді ақсақалдардың бірі көбіне дүнген тілінде уағыз оқиды. Ол не айтып жатыр? Бізге қарсы үгіт жүргізіп жатпағанына кім кепіл? Дүнгендер тек Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт. Масаншы мен Сортөбе мешіттерінде жұма уағызы көбіне дүнген тілінде, кейбір мешітте орыс тілінде өтетінін білдім. Бірақ Қордай ауданының бас имамы қазақ, аты – Дәурен Құттыбаев. Дереу еліміздің Бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен хабарластым. Ол облыстық имамды да Қордай ауданына жіберді. «Діни бағыттағы сала бақылауда болады. Жұмыс істейміз. Әр шараны қадағалап отырмын», – деді жаңа Бас мүфтиіміз.
– Үй өртеп, қиратқандар жергілікті жұрт емес, сырттан келгендер деген болжам айтылды. Бұл ақпарат расталды ма?
– Жалпы, қарасы 75 үй мен сауда нысанына нұқсан келтірілген. Оның 35-і өртеліпті. Біз барғанда бықсып жатты. Қатысушылар арасында көрші ауылдардың да, өзге өңірлердің де тұрғындары болған. Бір аңғарғаным, бір көшеде самсай орын тепкен ғимараттар жаппай өртелмеген. Кейбір баспана, соның ішінде еңселі сарайдың терезесі шағылғаны болмаса, өртке оранбаған. «Тек жергілікті қазақтарға тізесі батқандардың үйлері мен сауда орындарына ғана от тасталған» деген жорамал туындады. Бірақ оны қазақ жағы растамады, дүнгендер, әрине теріске шығарды. Қақтығыс салдарынан 10 адам қаза тапты. Оларды жерлеу рәсіміне қатыстық. Туыс-туғандарына қайғырып, көңіл айттық. Мысалы, жазықсыз құрбандардың бірі 25 жастағы Дархан Әбдірахым таксист болып жұмыс істеген. Қырғын төбелес болған күні жамандықтан хабары жоқ ол жолаушыны дүнген ауылына жеткізеді. Қазаққа ызаланған жергілікті тұрғындардың бірі оны көре сала тап беріп, атып тастаған. Көлігін өртеп жіберген. Д.Әбдірахымның артында үш баласы ұлардай шулап қалды. Өзі ата-анасының жалғыз баласы. Бүлік шыққан жерден өлік шығады. Ынтымақ ұйыған ел болсақ қана қазағымыздың санын көбейте аламыз.
Жауынгерлік – қазақтың қанында бар. «Қазақты жаппай сабап жатыр» деген хабар ел арасына жайылғанда біраз азамат байыз тауып отыра алмай, «ереуіл атқа ер салып» жедел аттанған. Ұлтжандылық – кез келген мемлекеттің ұстыны. Әйтпесе, жаны үшін сатылуға даяр тұратын адамдар қарасы басым елді дұшпан шаппай алар еді.
Бірақ жасыратыны жоқ, бұл қатарға кімді ұрса да, бәрібір санайтын, қажет болса, қазақ баласын да жазым етуге даяр бірлі-жарым қаны бұзылған адамдар кіріп кеткен. Ұлттық ұлан жауынгерлері тұрғындары төбелеске тартылған ауылдарды тыныштандыру үшін қоршай орналасқанда өзге өңірлерден ағылған көліктер бері өте алмай жиналып қалды. Арасында «дүнгендерді жазалауға» келгендер де болды. Біз олармен әңгімелесіп, арпалыс үстінде арашалауға келген жазықсыз адамдар да зардап шеккенін, мұсылман мұсылманның қанын жүктемеуі керегін, қазақтарға енді ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтып түсіндірдік. Ақылы бар азаматтар талаптарын қойып, жағдайдың бақылауда екенін байқап, кері қайтып жатты. Аралап келе жатып, бет-аузы қан-қан екі-үш жігітті кезіктірдім. «Бұларға кім күш қолданды?» деп ашынып, мән-жайын сұрасам, олар араққа тойып алып, бір-бірімен төбелесіпті. Іштей налып қалдым.
– Қан төгілді, үй қирады. Үй қалпына келер, жол жөнделер. Әкім ауысар. Алайда екі халық арасына сызат түсті. Оны жоюдың, өзге өңірде мұның алдын алудың жолы қандай?
– Біріншіден, қантөгіске үндеуді қою керек. Ол қазақшылыққа да, адамшылыққа да, мұсылманшылыққа да жат. Кейбір азаматтар бара-бара азшылық ұлыстарға қатысты геноцидке шақыра бастады. Бұл – қауіпті қадам. Кезінде сол жолға түскен Югославия ірі державалардың араласуымен тоз-тозы шықты, тәуелсіздігінен айырылды. Қанқұмарлықта тоқтауы жоқ ел жоқтау айтуға мәжбүр болады.
Сонымен бірге жалғыз дүнген ғана емес, басқа барлық этностар мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге бір ұлт болып ұйысуы керек. Әйтпесе, әрқайсысы әр жаққа тартып, жерімізді ту-талақай етуі ықтимал. Ендеше осы бағытта пәрменді шаралар қабылданып, шетелдік озық тәжірибе қолданылуы қажет.
Екіншіден, жергілікті жерде жол, аурухана, мектеп және басқасына қатысты жылдар бойы қордаланған, халықтың ашу-ызасын өршітетін, билікке деген сенімге селкеу түсіретін әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешімін табуы қажет. Үкіметтік комиссия түйткілді проблемаларын анықтады. Енді нақты істер қолға алынуы тиіс.
Үшіншіден, Қордай ауданында адамдардың қаруланып алуы мәселесіне кезіктік. Неге қазақтардан тәркіленген қару олардан тәркіленбейді? Қаруды заңды алған ба, әлде заңсыз жолмен иеленген бе? Мысалы, Қытайда қарапайым тұрғындарға қарудың кез келген түрін, тіпті травматикалық қаруды алуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Оны аз десеңіз, қарапайым асхана пышағы да кім көрінгенге сатылмайды, сатып алса, пышаққа оның иесінің аты жазылады. Көрші алпауыт ел адам өлтіру қылмысымен осылай қатал күресуде.
Қазақстан мұндай шетін қадамға бара қоймас. Әсіресе, этностар шоғырлана тұратын елді мекендерді нақты қарусыздандыру шаралары жүзеге асырылғаны жөн. Бұл тек Жамбыл облысына ғана қатысты емес, солтүстік өңірлерге де жіті назар аударған маңызды. «Қазақтар басып кірсе, қорғанамын» деп өзгелер де жасырын қаруланып жатпағанына кім кепіл? Мысалы, аңшымын дейтіндерге ірі жануарды алыстан сұлата алар қуатты қаруға қол жеткізуіне рұқсат. Бейбітшілігімізді сақтау, лаңкестік шабуылдардан қорғану үшін құқық қорғау органдары тегеурінді іс-қимыл жүргізгені, қару айналымына бақылауды күшейткені абзал. Ал «қаруыңды өз еркіңмен тапсырсаң, ақша аласың» дейтін науқанмен шектелу әбестік. Құқық қорғау органдарының қауқарсыздық танытуы, олардың арасын жемқорлық жайлауы мәселесі де шара қабылдауды талап етеді.
Төртіншіден, Қордайдағы төбелес қоғамымызда тағат-толеранттылықтың тоқырағанын паш етті. Этно-мәдени орталықтар ән айтып, би билеумен шектелмеуі керек, олар әртүрлі этнос бойында қиын-қыстау шақта құшағын ашып, пана берген мемлекет құрушы қазақтарға алғыс сезімін тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарауды үйретуге күш салуы тиіс. Олар мемлекеттік тілді өз еркімен меңгеріп, күнделікті өмірінде жаппай қолдана білуі керек. Басқасына – дініне, діліне, ұлттық киім-костюміне тиісіп отырған жоқ, өз тілінде қатар сөйлеуіне де қарсы емеспіз. Алайда мемлекеттік тілді білмесе, білгісі келмесе, ол этностар қалай мемлекетімізге кірігеді? Үй ішінен үй тігуі, жабық қауым құруы – тәуелсіздігімізге қауіп. Бұл тарапта жұмыстың түрен түспеген үлкен өрісі жатыр.
Бесіншіден, әрине қазақ халқының өкілдері де тарылмай, кеңпейілдігін, мейірбандығын сақтағаны абзал. Қазақ соның арқасында өткен ғасырларда Сібір хандығы, ноғай жұрты, моңғол, қытай және басқа да елдердің ұлыс-тайпаларын құрамына қосып, тастай батырды, судай сіңірді. Олар қазір – қазақтың бір-бір руы! Кеңес тұсында өзіміз де ұлт ретінде жойылып кете жаздап, осы ұлы қасиетімізден айырылуға шақ қалдық. Егер сол дарынымызды қайта түлетсек, ұлт пен ұлысты ұйыстырған, бір тілде ұғыстырған, бір ортада сыйыстырған, біріне-бірін туыс қылған айбынды елге айнала аламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлихан ИСМАН