Сапасыз заң – билік беделіне дақ
Сапасыз заң – билік беделіне дақ
191
оқылды
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Парламент палаталарында заң жобаларының қаралу кестесі бойынша кеңес өткізді. Ол жалпы алғанда заң шығару процесінің жақсарып келе жатқанына қарамастан, бірқатар шешілмеген мәселе барына екпін түсірді. Заң жобаларының 90 па­йызын Үкімет әзірлейді. Осыған орай тиісті жоспар жыл сайын бекітіледі, онда нақты мерзімдері көрсетіледі. «Дегенмен іс жүзінде сол жос­пар сақталмайды. Жыл соңына қарай заң жобаларын Парла­ментке беру мерзімдері үнемі өзгеріп кетеді. Бұл жоспарлаудың сапасыздығы мен орындау тәр­тібінің төмендігін көрсетеді. Осы­ған байланысты жоспарлау мен бақылауды жақсарту қаже­тіне Үкімет өкілдері назарын ау­дарамын», – деді Д.Назарбаева. Тағы бір түйткілдер, Сенат Төрағасының айтуынша, Үкі­меттің Парламентке беретін заң жобаларының сапасына қатысты. Үкімет жобаларды шикі күйде әкеледі, ол бойынша Мәжіліс ау­қымды жұмыс жүргізеді, көп түзетулер енгізеді. Кейде6 тіпті заң жобасы қайта жазылады. Депутаттардың кейбір түзетулері қаржы шығынын талап етtді, оған Үкіметтің қорытындысын алу қажет. Ол қорытынды кел­генше, мерзім бұзылады. «Бір ғана мысалды келтірейін: жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселе­лері жөніндегі заң жобасы 11 қыр­күйекте Мәжіліске түсіп, онда үш ай қаралды. Сенатқа 12 желтоқ­санда келді. Мереке және демалыс күндерін есептемегенде, 3 жұмыс күнінен кейін оны па­лата отыры­сында бірінші оқы­лымда, ал тағы 3 күннен кейін екінші оқылымда қарауға мәжбүр болдық. Осы­лайша, Сенаттың аталған заң жобасын қарауына 8 жұмыс күні ғана қалды. Бұл ісі­міздегі үйле­сім­сіздіктің жарқын бір мысалы», – деді Дариға Назарбаева. Сенаторлар заң жобаларына түзету енгізу құқығының аяқасты болатынына алаңдайды. Жоғар­ғы палата депутаты олқылықты бай­қап, заң жобасын жақсар­татын түзету ұсына бастайды, бі­рақ бұл – жобаның Мәжіліске ке­рі қай­туына соқтырады. Сон­дық­тан жо­баны әзірлеушілер қайшы­лық­тың бәрі келесі заң жобасында ескерілетінін айтып сендіреді. Сонымен қатар ме­рзі­мінің шек­телуіне байланысты әлгі заң жо­басын түзетусіз қа­былдауды сұ­райды. Ізінше уәде ұмытылады. «Сенаторлар заң жобасын Мәжіліске ешқашан негізсіз қай­тарған емес. Біздің барлық ұсы­ныстарымыз сайып келгенде заң жобаларының сапасын арттыруға бағытталған. Сапасыз заңдар мемлекет билігінің беделін түсі­реді», – деді Д. Назарбаева. Ол халықаралық келісімдерді дайындау рәсімдерін өзгертуді, оны әзірлеуге сенаторларды да қатыстыруды ұсынды. Сенат тө­ра­­­ғасы заң жобаларының тұжы­рымдамаларын талқылаудан бас­тап заң қабылданғанға дейін мекеме мүдделерін ысыра тұрып, ынтымақпен әрі келісіп жұмыс істеуді ұсынды. «Әрбір заңның артында көп адамның, бизнестің тағдыры тұр. Бұл өте маңызды мәселе. Үкіметті осы жылға арналған заң жобалары жұмыстарының жоспарын қайта қарауға шақырамын, ол жұмыс істемей тұр», – деді Дариға Назарбаева.   Айхан ШӘРІП