Биылғы оқу маусымы дәстүрлі форматта өтетіндіктен студенттерге арналған жатақханаларда орын тапшылығы туындауы мүмкін. Әсіресе, ірі оқу орындары көп шоғырланған мегаполистерде бұл мәселе әрқашан өзекті. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен үкіметтік жиында студенттерге арналған жатақханаларды салу барысы талқыланды. – Ғылым және жоғары білім министрлігі облыс басшыларымен және Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қаласы әкімдерімен бірлесе 10 тамызға дейін студенттік жатақханалардағы орындарға тапсырысты әзірлеп, бекітуі, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе білім нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға өзгеріс енгізуі қажет, – деді Ералы Тоғжанов Осыған орай Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындары ректорларына барлық жатақханаларға ревизия жүргізіп, төсек-орын санын ұлғайту жолдарын қарастыруды тапсырды. Бұл шара қазіргі ахуалды анықтап, студенттерге уақытша тұрғын үй салу жоспарларына түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Министр сондай-ақ университеттерге жақын орналасқан жатақханалар мен қонақүйлер (хостелдер) арасында меморандум жасау тәжірибесін кеңінен қолдану қажеттігін де атап өтті. Жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жатақхана салу жобаларындағы қағазбастылықты жою мәселелері де талқыланды. Айта кету керек, 2022 жылы 10 000 орынға арналған 35 жатақхананы іске қосу жоспарланып отыр. Тапсырма орындала басталғалы (2018-2021 жылдары) 30 630 орындық 124 нысан іске қосылды, онын ішінде 2021 жылы 10 364 орындық 49 ғимарат пайдалануға берілді.