Бүгін әлеуметтік желілер арқылы Болат Назарбаевтың қатерлі дерттен қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Бұрынғы президенттің інісіне тиесілі "Салиқалы ұрпақ" қоры бұл мәліметті жоққа шығарды.
“Бүгін анонимді Telegram арналарда таралған Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Болат Назарбаев қажетті емін алып, медициналық процедуралардан өтуде. Оның денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде”, – делінген қор таратқан хабарламада.Ел ішінде Болат Назарбаевтың өңештің созылмалы қатерлі ісігіне шалдыққаны туралы ақпарат тарады. 22 шілдеде "Салиқалы ұрпақ" сайтында қордың директоры Қасым Қасабеков Болат Назарбаевтың жағдайы тұрақты ауыр екенін және 2015 жылдан бері онкологиялық аурудан емделіп жатқанын хабарлады. Бұған дейін БАҚ-та Болат Назарбаевтың фотосы мен видеосы жарияланған. Дереккөзге сілтеме жасалған мәліметте дәрігерлер Болат Назарбаевтың жағдайын ауыр, тіпті өте ауыр деп жарыса жазды. Болат Назарбаев наурызда 69 жасқа толды.