Бір айдан астам уақыт бұрын «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылған болатын. Оның негізгі мақсаты – пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Бүгінге дейін осы бағытта біршама іс атқарылды. Осы ретте «Жер аманаты» комиссиясы мүшесі Марат Бәшімов маңызды мәселелерді айтты.
Жергілікті жерлерде де латифундистер көп
Марат Башимовтың айтуынша, Қазақстан әлемде жайылым аумағы жағынан 5-орында болғанымен, ауылдағы жұрт мал жаятын жайылымнан таршылық көріп отыр. Елімізде табиғи мал азығы жерлерінің жалпы көлемі 189 млн гектардан астам немесе барлық жер қорының 70 пайызын құрайды. Осы жердің 184 млн гектары – жайылымдық, ал 5 млн гектары – шабындық жер телімдері.«Біз әдетте ірі жер иеленушілер үлкен қалаларда көп деп ойлап қаламыз. Алайда статистика жергілікті жерлерде де латифундистердің көп екенін көрсетіп берді. Олар жайылым жерлерді баяғыда-ақ өзара бөліске салып алған. Сондай-ақ кезінде ауылшаруашылық алқаптарының мөлшеріне шектеудің болмауы да латифундистердің пайда болуына себеп болды. Осылайша, жер көп, бірақ жайылым жоқ. Бұрынғы Үкіметтен бәйге алғандар бар, одан жекешелендіру кезіндегі асығыстықты пайдаланып көп жерді өз атына жаздырып алғандар да бар. Былай қарасаң, бос жатқан жерлер. Халық та ол жерді мемлекеттің меншігі деп ойлап, қаннен-қаперсіз малын жайып жүре берді. Сөйтсе, жайылым жерлер баз біреулердің меншігі болып шықты. Үйге тығылған мал бақшаға жайылып, ауыл тұрғындары мал бағуды ұмыта бастады», – деп нақтылады Бәшімов.Шынымен, жайылым жердің жоқтығы мал шаруашылығымен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігі мен хал-ахуалына тікелей әсер етеді. Башимов мал бағатын жайлы жердің болмауы ауыл жастарының қалаға ағылуына да әсер етеді деп санайды. Сондықтан да комиссия мүшелері жерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны кәсіп қылуға ниетті жастарға беріп, олардың аяққа тұруына көмектесіп, елдегі ауыл шаруашылығын дамытсақ дейді.
Жер мен табиғи ресурстардың иесі – халық
Бүгінде «Жер аманаты» комиссиясы жер мәселесінің айналасында шоғырланған мәселелерді оңынан шешу жолында тынбай еңбек етіп жатыр. Осыған дейін мемлекет меншігіне бірнеше млрд гектар жер қайтарылды. Жер комиссиясы мұндай ауқымды жұмысты республиканың барлық өңірі бойынша жүргізіп жатыр. Атқарылған жұмысты көріп, білген халық та дән риза. Себебі тіршілігі төрт түлікке байланған ауыл халқы үшін бұл мәселе қашан да өзекті. Осы орайда Марат Бәшімов комиссия мүшелерінің өте ауқымды әрі күрделі жұмыс жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.«Қазір депутаттар өңірлерді аралап, халықтың жағдайын саралай жүріп, жаңа заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетіні анық. Жер қатынастары саласындағы заңсыздықтар, бармақ басты, көз қысты жасалған келісімшарттарды да тексеретін уақыт жетті. Пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару – өте дұрыс шешім. Өйткені жер мен табиғи ресурстардың иесі – халық. Мемлекет басшысы «Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық» деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор екенін айтты. «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы», – деді Президент. Ата Заң жердің және ресурстардың иесі халық дегенді нақтылап берді. Бүгінде комиссия жұмысының біршама нәтижесін көрдік. Алдағы уақытта мемлекет меншігіне қайтарылатын жер көлемінің мөлшері арта береді», – деді «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі.
Қайтарылған жерді ел игілігіне пайдалануы тиіс
«Жер аманаты» өз жұмысын бастағалы халық арасында «қайтарылған жерге кім иелік етеді?» деген сұрақтар туындай бастады. Әрине, мұндай сұрақтың пайда болуы орынды. Себебі азаматтар елде жүзеге асып жатқан әрбір шараның игілігін көріп, оның қалай жүзеге асып жатқанын бақылап отыруға құқылы. Марат Советұлы қайтарылған жерлер заңды түрде әрі теңдей мөлшерде сол ауылдың үлесіне берілетінін жеткізді. Өйткені бұл жобаның басты мақсаты – қайтарылған жерді ел игілігіне айналдыру.«Қайтарылған жерлерге орта және шағын бизнесі бар кәсіпкерлер иелік етсе де жақсы болады. Заңсыз берілген жерлерді қайтарғаннан кейін оны пайдалануға алғандар да жерді қажетіне жаратса деймін. Алдағы уақытта жер иеленушілердің құжаттары, келісімшарттары тексеріледі. Әкімдерге де тықыр таянды. Өйткені қызметтік міндетін атқару кезінде атына жер сатып алған немесе заңсыз иемденген әкімдер де болды. Кезінде Мемлекет басшысы да өз Жолдауында «Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр» деген болатын. Бүгінде халық әділетті қоғам құруға талпынып, заңсыздықтарды ашық айта бастады. Заңды өзгертпей, жерді қайтару қиын», – деп түсіндірді Марат Бәшімов.Сондай-ақ ол жер халықтікі деп нақтыланғаннан кейін латифундистер де келісімшарттарын түгендеп, жердің заңды иесі өзі екенін дәлелдеуге тырысып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, Бәшімов үлкен қалаларда да жердің жөнсіз пайдаланылып жатқанына тоқталды.
«Елордамыз сияқты үлкен қалаларда жер көп болса да үйлерді қаланың ортасына салып жатыр. Сол қорап-қорап үйлердің арасына бірде-бір мектеп салмайды. Жерді дұрыс пайдаланып, шет жаққа да құрылыс жұмыстарын жүргізу керек қой. Мысалы, Есіл ауданында 2 мектеп және 1 емхана (№9 емхана) ғана бар. Сол жағалаудың халқы күн санап артып келе жатқанын ескерсек, жаңа мектеп, емхана да қажет екені сөзсіз. Бұл да жер мәселесіне қатысты болғандықтан, ерекше атап өткім келіп отыр», – деді ол.Жалпы айтқанда «Жер аманатының» жұмысы белсенді түрде жүріп жатыр. Оны комиссия мүшелерінің әлеуметтік желідегі есеп жазбалары мен күнделікті ақпарат көздеріне шығып жатқан жағымды жаңалықтардан-ақ байқауға болады. Комиссия мүшелері аймақтарды аралап, халықпен кездесіп, жер мәселесінің түйткілдерін шешу бағытында тынбай жұмыс жүргізіп жатыр. Кейінгі бірнеше ай ішінде комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарында болды. Жер комиссиясының құрамына Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» депутаттары Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжан, Қайнар Абасов, Артур Платонов, тәуелсіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлері Бақытжан Базарбек, Марат Бәшімов, Кирилл Павлов, Марат Шибұтов, Мақсат Толықбай және басқалар кіреді. Еске сала кетсек, қазақстандықтар жер мәселелеріне қатысты заң бұзушылықтар жайлы «AMANAT» партиясының 8 800 080 44 41 жедел желі телефоны бойынша хабарлай алады. Соынмен қатар +7 700 800 44 41 WhatsApp нөміріне өтініш қалдыруға болады.