Жаңа үш облыстан Сенатқа 6 орынға 18 кандидат тіркелді
Жаңа үш облыстан Сенатқа 6 орынға 18 кандидат тіркелді
Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылғы 24 тамызда тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Отырысқа Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты. Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды: 1) «Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы»; 2) «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы»; 3) «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы». Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров отырысты аша отырып, Парламент Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан барысымен қысқаша таныстырып өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы баяндады. Барлығы 6 мандатқа үш өңірден 33 кандидат ұсынылды. Барлық кандидаттар өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған, оның ішінде Жетісу облысында 2 кандидатты осы облыстың Алакөл және Кербұлақ аудандық мәслихаттары ұсынды. Жетісу облысында бір кандидат және Абай облысында бір кандидат тіркелгенге дейін өз өтініші бойынша кандидатураларын алып тастады. Қызмет салалары бойынша: ұсынылған 31 кандидаттың 10-ы коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері; 12-і әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері; 8-і мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері; 1-і саяси партия мен ҮЕҰ қызмет етеді. Партияға қатыстылығы бойынша: 24-і «AMANAT» партиясының мүшелері; 1-і «Ақ Жол» ҚДП мүшесі; 2-і партиясыз; 4-і партияға қатыстылығын көрсетпеген. Гендерлік құрамы бойынша: 10 әйел және 21 ер адам. Барлық кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігі тексерілді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 73-бабына сәйкес, кандидаттарды тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады: 1) депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсу ниеті (келісімі) туралы өтініш; 2) кандидатты қолдап, таңдаушылардың қойған қолдарын тексеру нәтижелері туралы облыстық сайлау комиссиясының хаттамасы; 3) кандидат туралы өмірбаяндық деректер; 4) кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; 5) кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат. Ұсынылған 31 кандидаттың: 10-ы тіркеуге қажетті барлық құжаттарды ұсынбағаны; 3-і өздерін қолдауға қажетті қол санын ұсынбағаны анықталды. 2022 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша барлығы 18 кандидат тіркелген (әр облыстан 6 адамнан). Қызмет салалары бойынша: 11-і әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері; 4-і коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері; 3-і мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері. Партияға қатыстылығы бойынша: 14-і «AMANAT» партиясының мүшелері; 4-і партияға қатыстылығын көрсетпеген. Гендерлік құрамы бойынша: 5 әйел және 13 ер адам. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу 3 тамызда сағат 18.00-де аяқталды.