«Волонтер болса, балаң төрде». Еріктілер жылының ашылуында айтылған осы әзіл шындыққа айналуы ықтимал. Өйткені ақы сұрамай-ақ ерен еңбек ететін азаматтарға мемлекет қуатты қолдау көрсетуге, ондай тұлғаларды қоғамға үлгі етіп, ілгерілетуге ниетті. «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады екен. Ал біздегі белсенділері небәрі 16 мың адам. Мұны азсынған ел Президенті осы көрсеткішті 100 мыңға дейін жеткізу міндетін қойды.
– Биылғы Волонтер жылында көптеген ауқымды жоба қолға алынады. Осы арнайы кеңседе өте маңызды бастамалар жүзеге асады деп сенемін. Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз, – деді Қ.Тоқаев.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету.
– Тарихтан мәлім, кезінде Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Сол қиын-қыстау уақытта халқымыз оларды бауырына басып, бір үзім нанын бөлісті. Шынайы жанашырлық көрсету – қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер болудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек. Дүниежүзінде бұл үрдіс кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналды. Оның жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Әлемдік ЖІӨ 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Көптеген елде ерікті болу қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды, – деді Мемлекет басшысы.
Ол шетелдік тәжірибені үлгі етті. Мысалы, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді.
– Біз де осындай деңгейге ұмтылуымыз керек. Азаматтарымыз өзгеге көмек көрсетуден аянып қалмауы қажет. Сол арқылы қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті арттырамыз. Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер ең алдымен елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік дегеніміз – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет ету. Еріктілік – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет. Ұлы Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзі осындай игі істерге үндейді, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы қатары аз болып отырған бұл қозғалыс енді кеңінен дәріптелетінін нықтады.
Сонымен бірге билік өз еркімен қақтығысқа қатысатын қазақстандықтарды волонтер деп танымайды.
– Өзгелердің үйіне басып кіріп, мүлкін тонап, олардың өміріне қауіп төндірген, псевдоұлтшыл ұрандарды айғайлайтын азаматтар ешқашан халқымыздың патриоты бола алмайды. Мұндай адамдар – заңды өрескел бұзған қылмыскерлер, криминалды элементтер. Олар заң алдында жауап беруі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бейбіт күнде әскери қоймадағы мина-снарядтардың астында қалған Арыс қаласына жұртшылықтың көмегі еріктілер қызметінің үздік үлгісі ретінде аталды.
– Бүгінде ел азаматтары мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді. Арыс оқиғасы – соның айқын дәлелі. Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмектесті. Қаланы қалпына келтіруге белсене атсалысты. Халқымыз өзгенің басына түскен жағдайға ешқашан бейжай қарамаған. Бұған күнделікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады, – деді Президент.
Атап айтқанда, 1,5 мыңдай еріктісі бар Lider.kz төтенше жағдайда көмек көрсету үшін құрылған. Оның мүшелері жоғалған азаматтарды іздестіруге атсалысуда. Best for kids қоғамдық қоры он жылдан бері балалар үйіндегі жасөспірімдерге қолдау көрсетіп келеді.
– Волонтерлер адамдардың жұмысқа орналасуына, әлеуметке кірігуіне, балаларды мектепке дайындауға көмектеседі. Жануарларды қорғау жұмысы да мақтауға лайық. Бұл – өте маңызды жұмыс. Жақында белгілі киноактриса Бриджит Бардодан хат алдым, ол иттерді және басқа жануарларды қорғауда көмек сұрайды. Менің ойымша, бұл – дұрыс үндеу. Оған көңіл бөліп, өзімізді мейірбан ұлт ретінде көрсетуге тиіспіз. Тек адамдарды ғана емес, жануарларды қорғауға да мән беруіміз қажет, – деп баса айтты Қ.Тоқаев.
Елімізде 200-ден астам ерікті ұйымы әрекет етеді. Оларда 50 мыңдай ерікті тіркелген.
Мемлекет басшысы Волонтер жылына орай Үкімет алдына бірнеше міндет қойды. Біріншіден, қазақстандықтар жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуді мақсат ететін халықаралық еріктілер бастамасына белсенді тартылмақ. 116 елден 20 миллионнан аса адамды біріктіретін World Clean up Day экологиялық науқанына, БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC еріктілер бағдарламасына және басқасына қатысу әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елге үздік волонтерлік тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, еріктілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі, оларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Мысалы, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып есептеледі. Сондай-ақ волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі.
Осы салада жұмыс істейтін ҮЕҰ-ларға қаржылай көмек беріледі. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде.
Әкімдерге де жергілікті бюджеттен қосымша гранттар бөлу жүктелді.
Ерекшеленген волонтер мемлекеттік наградаларға ұсынылады.
Үшіншіден, қозғалыстың белсенді дамуына қолайлы жағдай жасалады. Бұл ретте барлық өңірде Еріктілер бағдарламалары мен жобаларын үйлестіру және мониторингтеу жөніндегі кеңсе ашылды. Кез келген адам соған жүгініп, өз идеясын, нақты жобасын ұсына алады.
ЖОО, колледждер мен мектептерде волонтерлер бірлестігі құрылады.
Төртіншіден, корпоративтік волонтерліктің өркендеуіне салмақты серпін беріледі, барлық жобалар мемлекеттің және бизнестің тығыз әрекеттесуі арқылы іске асырылады.
Мемлекет басшысы шенеуніктерге, ұлттық компаниялар мен коммуналдық кәсіпорын қызметкерлеріне осы бағытта үлгі көрсетуді тапсырды. Олар апта сайын бірнеше сағат бойы әртүрлі салада қоғамға тегін көмек көрсетуі шарт.
Бесіншіден, еріктілер еліміздің рухани әлеуетін арттыруға үлес қосуы керек. Мәдениетімізді дамытпай, өсіп-өркендеу мүмкін емес. Мәдениет және өнер саласындағы жас таланттар арқасында Қазақстан күллі әлемге танылады. Үкіметке осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу міндеті қойылды. Яғни, ойы ұшқыр, дарынды азаматтарды барынша қолдау қажет. Сонда мәдениетімізді жаңа белеске көтерер буын қалыптасады.
Мемлекет басшысы тапсырмасымен Мәдениет және шығармашылық бастамаларды қолдау қоры құрылатын болды. Қор шығармашылық одақтар мен перспективалы жобаларға қаржылық және басқа да көмек көрсетеді. Еріктілер онда музей, кітапхана және өнер мекемелерінде өз жобаларын жүзеге асыра алады. Осы шаралар еліміздің шығармашылық әлеуетін нығайтуға мол мүмкіндік беруі тиіс.
– Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін. Бұл – өркениетті елдің және зор жауапкершіліктің белгісі. Волонтер болу – жүректің ісі, яғни, шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстың барлығы дәл осындай мейірімділіктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ, – деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше, «Бірге–Таза Қазақстан» экологиялық науқанына 300 мың адам қатысқан. Министр Дәурен Абаев осы жылы аталған шара жалғасатынын және оған 1 млн қазақстандық тартылатынын мәлім етті. Ол World Clean up Day дүниежүзілік науқанына Қазақстан биыл қосылатынын жеткізді.
– Бірақ еріктілер қозғалысы жүйелі сипат алған жоқ. Қазіргі кезде Қазақстан халқының небәрі 6 пайызы ғана – белсенді волонтер. Бірақ қуантарлық сан да бар: азаматтарымыздың 48 пайызы бұл қызметке қатысуға дайын. Демек, үлкен әлеует бар, – деді Д.Абаев.
Айхан ШӘРІП