Тіршілігі теміржол торабымен біте қайнасқан...
Тіршілігі теміржол торабымен біте қайнасқан...
538
оқылды
Династиялық сала ретінде теміржол саласы басқаларына қарағанда ең танымалы десек артық емес. Бұл салада отбасылық кәсіптің негізін қалаушы ата-аналар, тіпті атасы мен әжесі емес, арғы аталары мен әжелері болған жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезінде теміржол эшелондарын басқарған Андрей Иванович Левин және 1952 жылы 7 наурызда Павлодар станциясына алғашқы «Павлодар-Ақмола» пойызын әкелгенде теміржол саласында оның қызы мен немересі ғана емес, тіпті шөбересі де қызмет ететінін сезді ме екен? Паровоз машинисі Тәжікораз Қанатбай бірнеше рет жолға шығып, әрқашан қуанышпен қайта оралатын туған станциясын ондаған жыл өткен соң немересі Нұрлан Қанатбаев басқарады деп ойлады ма? Павлодарлық теміржолшылар арасында ұрпақтан ұрпаққа берілетін теміржол кәсібіне деген адалдықтың осындай мысалдары аз емес. Теміржолдың өзіне баурап алуының сыры неде? Дәл осы кәсіби мереке қарсаңында біз бірден екі станция – Павлодар және Павлодар-Северный жұмысшыларынан кәсіптерінің қыр-сырын білуге тырыстық.

 Әке көрген – оқ жонар

Көпшілікке теміржол станциясының кезекшісі – бұл станциядағы пойыздардың қозғалысына жауапты адам. Бір қарағанда әдеттегі іш пыстырарлық әрі қарапайым жұмыс болып көрінуі мүмкін. Алайда оператордың басқару станциясындағы сансыз түймелер, шамдар, тұтқалар, интерактивті жол картасы бар үлкен панель жұмыстың қаншалықты күрделі екендігін дәлелдейді. Теміржол құрамы, жолаушы немесе жүк көлігі Ертіс өзеніндегі көпірді кесіп өтіп, станциядағы кезекшінің учаскесіне енеді. Бірнеше минуттардан соң соңғы аялдамаға келіп жетеді. Ал осы уақытта жолаушылар жүктерін қолына алып, қаннен-қаперсіз шығуға дайындалып тұрады. Олардың қай-қайсысы да станция кезекшілері маршруттардың қауіпсіздігін ойламаса, жолда апатқа ұшырауымыз да мүмкін деп ойламайды.
– Тәулік сайын Павлодар станциясының сұрыптау бөлімі арқылы орта есеппен 2000-ға жуық вагон таратылып, 20-ға дейін пойыз құрастырылады. Сонымен қатар, шамамен 15 транзиттік пойыз өтеді. Станциядан пойыздар 17 бағыт бойынша қатынайды, оның ішінде Қытайдың Достық, Алтынкөл станциялары, Ресейдің Красноярск, Багульгная станцияларынан өтетін пункттері бар, – деп нақтылады Павлодар станциясының бастығы Нұрлан Қанатбаев.
Осы орайда станция кезекшісінің мамандығы әлдеқайда жауапты және маңызды екенін айтқымыз келеді.    width=
– Қазір мен өз мамандығымды басқа мамандыққа алмастырғым келмейді. Бұған дейін мұғалім болғым келгеніне мүлде сене алмаймын, – деп жымиды Павлодар станциясының кезекшісі Ксения Кузнецова.
Ксения Кузнецованың әкесі тепловоз машинисі болған. Оны мұғалімдіктен бас тартуға көндірген де сол әкесі еді. Ксения басында бұл мамандықты менсінбегенін мойындайды. Алғашқыда  ол өзін теміржол қызметкері ретінде мүлдем елестете алмағанын күліп еске алады. Себебі, Ксения, көбіне бұл ер адамдарға арналған мамандық деп ойлағанын жасырмады. «Мен сені тепловоз айдауға емес, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін теміржол маршруттарын жасайтын мамандыққа оқуға жіберемін», – деген әкесінің сөзі әсер еткен. Сөйтіп, әкесінің айтуымен қызы күндізгі теміржол кәсіптік мектебіне және сырттай Көлік және коммуникация академиясына түсті. Ол оқу барысында мамандық таңдаудан қателеспегенін түсінген. Алғашқыда бағыттамалық қосынның кезекшісі болып, негізгі қызметі бағыттамалық бұрмаларды тиісті жағдайда ұстау болған кезде өмірін әрі қарай тек теміржолмен байланыстыруға бел байлаған. Ксенияның жұбайы да – теміржолшы. Олар кездескен кезде оның жолдасы әкесінің, яғни, машинистің көмекшісі болып жүрген. Кезекті сапардан кейін жігіт өзінің аға тәлімгерінің үйіне қонаққа келген. «Мен сол жылы оқудан келген кезімде үйде қонақтар болды», – деп еске алады Ксения. Бұл жастар үшін тағдырлы кездесу болды. Олардың шаңырақ көтергендеріне 20 жыл болған. Бүгінде өздеріндей болашақ теміржолшыларды тәрбиелеп отыр. Кузнецовтардың үшем қыздарының екеуі 9 жасында-ақ ата-анасының ізімен жүргісі келетінін айтқан: қыздары анасы сияқты станцияда кезекші болуды армандаса, ұлы – әкесі сияқты тепловоз машинисі болмақ.

Шексіз қозғалыс

Ал Павлодар-Северный станциясының электр орталықтандыру қосалқы станциясының кезекші көмекшісінің ұлы Станислав Тимошенко бүгінде өзінің бала арманына қол жеткізген. Ол – вагон құрастырушы. Теміржолдағы вагон құрастырушының маңызын театрдағы сценаристтің маңыздылығымен салыстыруға болады. Жас жігіт осы мамандық бойынша жұмыс істей жүріп алдына бұдан да үлкен мақсат қояды. Әрине, ол да теміржолмен байланысты. Сөйтіп, ол Алматыдағы көлік және коммуникация академиясына сырттай оқуға түседі. Ендігі кезекте Павлодар-Северный станциясында 30 жылдан астам уақыт бойы пойыздардың қауіпсіз жүру маршруттарын жасайтын анасының жолын қууға шешім қабылдайды.    width= – Иә, станция бойынша диспетчерлік кезекшінің бірінші кездесуінде Славаның рельсте машинистсіз жүріп келе жатқан вагондарды қуана-қуана бақылап тұрғаны әлі есімде. Ол үшін бұл нағыз жаңалық болды!  Ал оған вагондардың қозғалысын диспетчерлік бөлмеден басқарып, жұмысшыларға аяқкиім-тежегіштерді қай жерде орнату керектігі туралы нұсқау берілетінін естігенде бірден: «Мен де өсіп, тежегіш аяқкиімді қоятын боламын деді!» – деп күледі Елена Тимошенко. Станислав Тимошенко – Үшінші буындағы теміржолшы. Әжесі – бухгалтер. Ол да өзінің еңбек жолын Павлодар-Северный станциясынан бастап, зейнетке теміржол бөлімшесінің бухгалтері болып шықты. Атасы – қозғалыс жылдамдығын реттеуші, әкесі – станция бойынша кезекші, ал анасы – кезекшінің көмекшісі.    width= Теміржолшылар әулетінің бұл мамандыққа деген адалдығының сыры неде?  Бала кезден теміржолды көріп өскен рухтың әсері ме, әлде материалдық жағдай үшін бе (теміржолшылар ел экономикасы үшін ең қиын кезеңдерде де жақсы өмір сүрді)? Бұл сұраққа Станислав Тимошенко: «Теміржол дегеніміз не? Бұл шексіз қозғалыс. Себебі қозғалыс – бұл өмір»,  – деп философиялық тұрғыда жауап берді. Шынында, онымен келіспеу мүмкін емес! Теміржолшылар – бұл бір үлкен тату отбасы. Ондағы әр маман, станция кезекшісі, жолсерік, қозғалыс жылдамдығын реттеуші, бағыттаушы бір-бірін толықтырып тұрады. Олар үшін кәсіби мереке – бұл жаңа жыл сияқты отбасылық мереке, ең жақын және қымбат адамдарды дастарқан басына жинауға таптырмас мүмкіндік.

Ирина ВОЛКОВА, Павлодар