Балалар үйі болмайды
Балалар үйі болмайды

Балалар үйі жабылып, балабақшаға айналады

Алматы қаласындағы №1 Ба­­лалар үйі биыл тамыз айын­да жұмысын тоқтатады. Бұл ха­бар­ды естігенде бірден «Ба­ла­­лар үйінің жабылуына не себеп? Ондағы балалар қайда кет­пек?» деген ой келетіні рас. Туғаннан тағдырынан теперіш көрген балалар далада қалмайды. Олар «SOS Алматы балалар үйі» мемлекеттік емес білім беру меке­ме­сіне орналастырылмақ. Бұл – жетім балалар мен ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қал­ған бала­ларды тәрбиелеуге бағыт­тал­­ған ұйым. Мұндай шешімге кейінгі жылдары Балалар үйінде тәрбиеленушілердің азаюы бас­ты себеп болып отыр. Былтыр Алматы қалалық әкімдігі, «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры», «Халық» қайырымдылық қоры, SOS Алматы балалар қа­ла­­­шығы мен №1 Балалар үйі ара­­­сында ынтымақтастық келі­сім­шарт жасалған. Осы мемо­ран­дум аясында №1 Балалар үйінің тәр­бие­ленушілерін «SOS Алматы балалар қалашығы» мемлекеттік емес білім беру мекемесіне кө­ші­ру жайында әңгіме болған. Ба­ла­лар қалашығында отбасы үл­гі­сіндегі тәрбиеге көбірек көңіл бөлі­неді. Тамыз айында бала­лар қалашығына барлығы 38 тәр­бие­ленуші ауыстырылмақ. Мем­ле­кеттік Балалар үйі жабы­лып, босаған ғимарат мемлекеттік бала­бақша ретінде қайта құры­ла­ды.  

Фостерлік отбасылардың тиімділігі

Статистика бойынша, елімізде Балалар үйінде тәрбиеленушілер қатары жылдан-жылға азайып келеді. Бұл сөзімізді бала құқық­тары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да мақұлдайды. Тіпті, ол уақыт өте келе Балалар үйін жауып тастау керек екенін айтып жүр. Сонда жетім, асыраушысынан айырылған балалар қайда барады? Бұл сұраққа Аружан ханымның айтар уәжі мына­дай: «Бүгінде елімізде 109 Ба­ла­лар үйі мен интернат бар. Онда шамамен 4 600 бала қалды. Бұл көп емес. Негізі, Балалар үй­ле­­рін толығымен жауып тастауға болады. Ол үшін мемлекеттік ме­ке­мелерді кәсіби фостерлік отба­сылармен алмастыру қажет. Бүгінде әлемнің көптеген елінде мәселені осылай шешіп жатыр. Олар барлық интернатты жауып тас­тады. Ата-анасыз қалған бала­лар интернатқа емес, кәсіби отба­сы қамқорлығында болады. Мұн­дай отбасылар мемлекетке жұмыс істейді». Аружан Саинның айтуынша, олар әр баламен жеке-дара жұмыс істейді. Ата-анасынан айырылып қалып, өмірде ауыр жағдайды басынан өткізіп жатқан баланы өз қамқорлығына алады. Бала мұндай отбасында өз ата-анасы басына түскен қиыншылықтан құтылғанша немесе жаңа асырап алушы отбасы табылғанша тұрады. Әрине, әр балаға жеке-дара қам­қорлық қажет. Сонда олар өзде­рінің керек екенін, қоғамда орны бар екенін сезінеді. Фостерлік от­ба­сылардың тиімділігі сонда. Бала үнемі отбасының назарында және қамқорлығында болады. Аружан Саин елімізге шамамен 350-500 фостерлік отбасы қажет екенін айтады. Бұл жыл сайын ата-анасының асырауынсыз қалатын 1 500 баланы орналастыруға жетеді. Ол үшін әрбір фостерлік отбасы 3-5 баладан алуы керек. Сонда келе­шекте интернат мәселесі де өз-өзінен шешіледі.  

Мәлімет банкі көп мәселені шешті

Мамандардың айтуынша, елі­міз­де Балалар үйінде тәрбие­ле­нушілер қатарының азаюына республикалық жетім балалардың мәлімет банкінің құрылуы да үл­кен рөл ойнап отыр. Осы пор­тал­дың ашылуына байланысты қа­­зақстандықтар бюрократиялық ке­дергілерге тап болмай, өте қыс­қа мер­зімде бала асырап алу мүмкін­ді­гіне ие бола бастаған  width= «2006 жылы «Қазақстан же­тім­дерсіз» бағдарламасын бастаға­ны­мыз­да еліміздегі Балалар үйінде 19 800 бала болған. Қазір соның 4 600-і қалды. Бұл – үкіметтік емес ұйымдар мен ел басшыларының үлкен еңбегі. Бұрын отбасылардың бала асырап алуында түрлі кедергі болған. Сол кездері біз арнайы сайт ашып, сонда бала туралы бү­­кіл мәліметті салып отырдық. Сон­дай-ақ Балалар үйінде бала саны­ның азаюына «Аналар үйінің» ашылуы да көп септігін тигізді. Бұл жоба арқылы баланың анасынан қол үзіп қалмауына мүмкіндік туды», – дейді Аружан Саин. Реті келіп тұрғанда айта кету керек, «Аналар үйінің» жұмыс істеуіне кәсіпкерлердің үлкен көмегі тиді. Мұн­дай үйлер ашылғалы қиын жағ­­дайға тап болған аналар өз ба­ла­­сын Балалар үйіне тапсы­ра­тын жағдай бірден азайды. Қазіргі таң­да барлық аймақта «Аналар үйі» бар.  

Ұлттық агенттік ұтымды ма?

Негізі, бұрынғы жүйемен жұ­­мыс істейтін Балалар үйін жа­уып, орнына отбасылық үлгідегі жаңа жүйені енгізу туралы біраздан бері айтылып келеді. Бірер жыл бұ­­рын өткен VIII Азаматтық фо­рум­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отан­дық кәсіпкер Айдын Рахым­баев­тың Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құру туралы ұсы­ны­сын қолдаған. «Көптеген биз­нес­мен көмек көрсетіп, қайы­рым­­дылықпен айналысып келеді. Аналар үйі, жетімдер – бұл мә­се­ле мені қатты алаңдатады. Қазақ­стан­да Балалар үйі болмауы тиіс деп есептеймін. Ал ол (кәсіпкер) қан­дай бағытта қозғалу керек еке­­нін көрсетіп отыр» деген бола­тын. Ел тәуелсіздігін алған елең-алаң уақытта қазақтың каракөз балаларын шетелдіктер асырап алды. Берісін былай қойғанда, та­лай бала мұхит асып кетті. Олар­дың арасында шынымен де бір балаға зар болып, сол қуанышын Қазақстаннан тауып, бала асырап алған мейірімді жандар да, кінәсіз бүлдіршіндерге небір зорлық-зомбылық көрсетіп, қорлағандар да болды. Еліміздің туын төріне қойып, «Сенің туған жерің – Қа­зақ­стан, сен – қазақсың» деп құ­­лағына құйып отырған жүре­гі жұмсақ жандарға қалай риза бол­­майсың. Ал қорғансыз бүл­дір­­шіндерге зұлымдық әрекет жа­са­ғандарға қарап отырып ызаң ке­леді.  

Отбасының жылуына не жетсін?!

Рас, қиын-қыстау өтпелі ке­зең­де біраз қателік жіберіп алдық. Оны мойындауымыз керек. Таяуда отандық меценаттың ұсынысы бойынша жұмысын бастайтын Бала асырып алу жөніндегі ұлттық агенттіктің құрылуы туралы заң жо­басын Сенат депутаттары қа­был­­дады. Бас прокурордың орын­ба­сары Марат Ахметжанов сол кезде елімізде бала асырап алу жө­ніндегі 20-ға жуық шетелдік агент­тік жұмыс істейтінін айтып қалды. Оның айтуынша, шетелдік агенттіктердің негізгі бағыты біздің балаларымызды іздеу және оларды өзге мемлекетте тәрбиелеу үшін бағыттау. Енді ғана қазақстандық агент­тік құру жөнінде заң жобасы қа­былданып отыр. Бір істің алға басуы, оның қалай жұмыс істеуі заң­ға байланысты. Алдағы уақытта осы саланың ісі бір қадам болса да алға жылжиды деген үміт бар. Өткен аптада ғана пре­мьер-министрдің экс орынбасары Берді­­бек Сапарбаев елімізде 2023 жылы бірде-бір Балалар үйі қал­май­тынын, ондағы балаларды от­ба­сылық үлгідегі орталықтарға ауыс­ты­ратынымызды айтқан бо­ла­­тын. Демек, жастайынан ата-ана­­сынан айырылып қалған ба­ла­­лар енді отбасының жылуын сезі­ніп өсетін болады.    width=Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ