Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз еліне сапары аясында Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысқан болатын. Консультативтік кездесуге Қырғыз президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев те арнайы барды. Басты мақсат – бейбітшілікті сақтай отырып, экономиканы дамыту.
Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесулердің халықаралық саясаттың маңызды факторына айналғанын атап өтіп, оның мемлекет басшыларына аймақтың одан әрі даму бағытын өзара сенімге негізделген рухта айқындауға мүмкіндік беретініне тоқталды.
– Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеруде өркениеттілік, жауаптылықтың үлгісін көрсетуі тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ, – деді Президент.Оның айтуынша, Қазақстан посткеңестік кеңістікте өзінің шекарасын толық делимитация жасаған жалғыз мемлекет ретінде өзара тиімді шешімдер іздестіруге барынша көмектесуге дайын.
Сарапшы Ерсұлтан Жансейітов: «Қазақстан 90-жылдары өз шекарасының демилитизациясын аяқтап бітірді. Бізде шекараны шегендеу мәселесінде көршілерімізге қарағанда тәжірибе көп. Сондықтан өз тәжірибемізді өзге елдермен бөліссек болады. Мұндай маңызды сауалдарды тек қана шекаралас екі ел өзара келісіп қана шеше алады. Қазақстан бұл жерде кеңес беріп, медиатор бола алады», – деді.
«Қазақстанның Әзербайжанмен арадағы тауар айналымы едәуір, яғни 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен 2 есе артқаны байқалады. Бұл жерде біздің жоғары сапалы бидай (шамамен 5 миллион тоннадан астам) мен ұн (1,5 миллион тоннаға жуық) экспортының үлесі зор. Осы ретте 1 миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз бар. Бұдан бөлек ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.Сондықтан аймақтың транспорттық байланысын арттырып, транзит шарттарын біртіндеп жақсарту қажет. Осы мақсатта жұмыс нәтижелі болу үшін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту жөнінде арнайы кеңес өткізді. Кеңесте «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші теміржол, Ақтау портында контейнерлік хаб, Алматы станциясының айналма теміржол желісінің құрылысын қоса алғанда, маршрутта ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесін айтты. Логистиканы дамыту мәселесі Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің басқосуында да талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді үздіксіз тауар айналым мәселесін жүйелеу үшін ШЫҰ-да цифрлық қызмет көрсету, электронды коммерцияны ілгерілету кезек күттірмейтінін баса айтты. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына Иран қосылса, Оңтүстік Азиямен байланыс нығая түспек. Басты мақсат – экономикалық әлеуетті арттыру, тауар айналымын көбейту.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді: «Шанхай ынтымақтастығы ұйымының 2025 жылға дейінгі стратегиясында ауыл шаруашылығына айрықша басымдық беріледі. Бұл бағытта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Қазір ұйымға 8 ел мүше болса, қыркүйекте қатарға Иран қосылмақ. Орталық Азиямен байланыс беки түседі», – деді.Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу қажет. Көрші елдердің бірлігі мығым болса, экономикасы да қарыштап дамитыны анық.
«Тыныштықтың сақталуы басты қағидат екенін көріп отырмыз. Экономикалық мәселелермен қатар ғылыми-зерттеу, өзара архивпен байланыс, қоғамдағы игі бастамаларды ортақ БАҚ арқылы Орта Азияда насихаттау да ел игілігі үшін қажет. Ел ішінде болған саяси-әлеуметтік оқиғалардың анық-қанығын тікелей халыққа жеткізу де қазіргі таңда өте маңызды», – деді Индира Рыстина.Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің бірлескен мәлімдемесі, Өңірлік ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы, Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылдар тұжырымдамасы, Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» аймақтық бағдарламасы қабылданды.