Алматы әкімдігі «Южный» саябағындағы учаскені қайтару туралы сотқа шағым түсірді. Ал иесі өтемақы мөлшерімен келіспейді. Тұрғындармен кездесу кезінде Алматы әкімі Ерболат Досаев «Южный» саябағындағы даулы аймақтың мәселесіне тоқталды. Тұрғындар оны жекеменшік иесінен алып, саябаққа қайтаруды талап етті. Қазір бұл аймақ коммерциялық жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын компанияға тиесілі.
«19 сәуірде Алматы әкімдігі осы учаскені алып қою туралы қаулы қабылдады, бірақ иесі өтемақы сомасымен келіспейді. Сондықтан әкімдік экономикалық сотқа мемлекеттік мүлік үшін жер телімін мәжбүрлеп алып қою туралы арыз түсірді. Оң шешім қабылданған жағдайда «Южный» саябағының аумағы 2,8 гектарға ұлғаяды», – деді әкім.14 шілдеде Алматы әкімдігі Жароков – Левитан көшесіндегі ауданы 30 сотық жер телімін алып қою туралы қаулы қабылдады. Бұл аумақта 2023 жылғы қазанға дейін аудан тұрғындарының бос уақыты мен демалысы үшін спорттық, балалар және workout алаңдары орнатылады. Сондай-ақ, әкім Mountain Drive тұрғын үй кешенінің жекелеген жер телімдерін қала балансына беру мәселесі бойынша жер телімінің бір бөлігі коммуналдық меншікке өткенін, ал қалған бөлігіне жерге орналастыру жобасы әзірленетінін хабарлады. Жобадан кейін Алматы әкімдігінің қаулысы қабылданады.