Өзекті мәселелер сенаторлар назарында
Өзекті мәселелер сенаторлар назарында
454
оқылды
Парламент депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрудағы бастамаларын халық арасында түсіндіру мақсатында еліміздің аймақтарына аттанған болатын. Мәселен Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев Жетісу облысында болды. Сенатор Жоламан кентіндегі өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын «Қызылшоқы» ЖШС кешеннің қызметімен және заманауи цифрлық технологияларды пайдалану нәтижелерімен танысты. Ақылбек Күрішбаев сонымен қатар цемент өндіретін «Аласем» ЖШС кәсіпорнында да болды. Сапар барысында Сарыөзек және Шоқан елді мекендеріндегі әлеуметтік инфрақұрылымдармен, халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарларымен де танысты. Сенатор сондай-ақ «Шоқан және К» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болып, жергілікті фермерлермен кездесті және егін жинау жұмыстарына дайындықты талқылады. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының өкілдерімен кездесіп, ұйымның қызметімен танысты. Сенатор кездесу барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар және атқарушы билік саласындағы жаңалықтар туралы айтты. Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында болып, балалардың демалысын ұйымдастыру жағдайымен танысты. Сенатор орталықтың жұмысынан хабардар болды және балалар демалысы, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қауіпсіздік пен рухани құндылықтарды ілгерілету мәселелерін талқылады. Бақытжан Жұмағұлов Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясында да болды. Сенатор академияның материалдық-техникалық базасымен, оқу және білім беру бағдарламаларымен танысты. Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қарасты мекемелерде болды. Ол «Шарапат» және «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, қарттарға, мүгедек адамдарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығының, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының және т.б. ұжымдарымен кездесті. Сенаторлар Мәкежанов Сұлтанбек пен Жүсіп Нұртөре Алматы қаласына жұмыс сапары аясында «Қалқаман» метро стансасының құрылысымен танысты. Олар сондай-ақ метрополитеннің «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» жаңа стансаларында болды. Депутаттарға құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, қоғамдық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қала метрополитенінің одан әрі дамуы туралы ақпарат айтылды. сенатор Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының Темір ауданында болды. Сенатор Шығырлы және Қалмыққырылған елді мекендеріндегі орталықтандырылған ауыз су құбыры құрылысының барысымен танысты. Бұл құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр және елді мекендер көптен күткен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Депутат сапар барысында әлеуметтік мекемелерге де барып, аудан тұрғындарымен кездесті. Депутат Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда облысының Шиелі ауданында болды. Сенатор сапар барысында Шиелі кенті, Бәйтерек және Жаңатұрмыс ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар жергілікті халықтың әлеуметтік мәселелерін талқылады. Сенатор сондай-ақ көпір құрылысында, мектептерде, спорттық-сауықтыру кешенінде болып, №148 мектептің бу қазандығының қысқа дайындығын көрді. Парламент мүшесі сонымен қатар Талаптан ауылдық округіндегі спорт мектебінде болып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Елді мекендердің тұрғындары өз кезегінде ұсыныстарын айтып, аудандағы өзекті мәселелер тез арада шешілуге үміт артатынын айтты. Сенатор Жанболат Жөргенбаев Жетісу облысындағы жұмыс сапары барысында Қоғамдық кеңес мүшелерімен, Ақсу, Сарқан, Көксу аудандық мәслихат депутаттарымен, ауыл әкімдерімен және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірлердегі өзекті мәселелерге талдау да жасалды. сенатор Сенат депутаты Дәурен Әділбеков жұмыс сапары барысында Ақмола облысының Жарқайың ауданында болды. Сенатор сапар барысында ауданның ауыл шаруашылығының ахуалымен, облыстық маңызы бар Далабай – Державинск жолының жай-күйімен және Пятигорск ауылының егін жинау науқанына дайындық барысымен танысты. Парламент мүшесі сонымен қатар Державинск қаласының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру нысандарын да аралады. Сенатор Айгүл Қапбарова қалалық мәслихат депутаттарымен, салалық басқармалардың басшыларымен кездесіп, балаларға арналған спорт секцияларын қаржыландыру мәселелерін талқылады және Art sport бағдарламасына қатысушылардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады. Депутат өз сөзінде Шымкентте 250 мыңға жуық оқушы бар екенін, сондықтан балаларға спортпен және шығармашылықпен айналысуға қосымша мүмкіндік беретін Art Sport жобасы қалаға өте қажет екенін атап өтті. Депутат кездесуді қорытындылай келіп, өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, оның ішінде Art Sport сияқты бағдарламалар арқылы жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.