Парламент депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құрудағы бастамаларын халық арасында түсіндіру мақсатында еліміздің аймақтарына аттанған болатын.
Мәселен Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев Жетісу облысында болды. Сенатор Жоламан кентіндегі
өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын «Қызылшоқы» ЖШС кешеннің қызметімен және заманауи цифрлық технологияларды пайдалану нәтижелерімен танысты. Ақылбек Күрішбаев сонымен қатар цемент өндіретін «Аласем» ЖШС кәсіпорнында да болды. Сапар барысында Сарыөзек және Шоқан елді мекендеріндегі әлеуметтік инфрақұрылымдармен, халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарларымен де танысты. Сенатор сондай-ақ «Шоқан және К» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болып, жергілікті фермерлермен кездесті және егін жинау жұмыстарына дайындықты талқылады.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының өкілдерімен кездесіп, ұйымның қызметімен танысты. Сенатор кездесу барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар және атқарушы билік саласындағы жаңалықтар туралы айтты.
Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында болып, балалардың демалысын ұйымдастыру жағдайымен танысты. Сенатор орталықтың жұмысынан хабардар болды және балалар демалысы, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қауіпсіздік пен рухани құндылықтарды ілгерілету мәселелерін талқылады.
Бақытжан Жұмағұлов Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясында да болды. Сенатор академияның материалдық-техникалық базасымен, оқу және білім беру бағдарламаларымен танысты.
Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қарасты мекемелерде болды. Ол «Шарапат» және «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, қарттарға, мүгедек адамдарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығының, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының және т.б. ұжымдарымен кездесті.
Сенаторлар Мәкежанов Сұлтанбек пен Жүсіп Нұртөре Алматы қаласына жұмыс сапары аясында «Қалқаман» метро стансасының құрылысымен танысты. Олар сондай-ақ метрополитеннің «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» жаңа стансаларында болды. Депутаттарға құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, қоғамдық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қала метрополитенінің одан әрі дамуы туралы ақпарат айтылды.