«AMANAT» партиясы жанындағы азық-түлік және халық тұтынатын тауарлардың бағасына мониторинг жүргізетін қоғамдық топтардың жұмысы белсенді жалғасып жатыр. Осы аптада партиялықтар Өскемен, Ақтөбе, Тараз және Шымкент қалаларындағы сауда нысандарын тексерді. Шығыс Қазақстан облысында партиялықтар сәбіз 28,9%-ға (250 теңгеге), картоп 21,8%-ға (218 теңгеге), майлылығы 2,5% болатын айран 24,2%-ға (410 теңгеге) қымбаттағанын тіркеді. Сонымен қатар нан 14,9%-ға немесе (160 теңгеге), күнбағыс майы 13,6%-ға (715 теңгеге) дейін арзандады.
«Кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік бағасының 15%-дан артық өсуіне жол бермеуі тиіс. Бағаны жөн-жосықсыз көтерген сатушыларға ескерту жасадық. Егер қайта тексеру кезінде жағдай қайталанатын болса, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, Тұтынушыларды қорғау комитеті секілді мемлекеттік құзырлы органдар оларға қатысты айыппұл санкцияларын қолданады. Сондай-ақ санитарлық кітапшалардың болуын міндетті түрде тексереміз. Кейбір сауда орындары талаптарды сақтамайды», – деді Өскемен қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Серік Оразбайұлы.Мониторинг топтары Жамбыл облысында да белсенді жұмыс істеп жатыр. Өңірде азық-түлік бағасы біртіндеп төмендеп келеді. Атап айтқанда, бірінші сұрыпты бидай ұны 10,8%-ға, қырыққабат 27,7%-ға, тауық жұмыртқасы 11%-ға арзандаған. Тараз қаласында партиялықтар бірқатар сауда орталығын аралады. Баға облыс әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы белгілеген бағамен сәйкес келеді. Алайда дүкендердің бірінде қант болмай шықты. Партиялық мониторинг тобы азық-түлік түрлері толық болуы үшін тиісті ұсыныстар әзірледі. Шымкент қаласындағы ірі супермаркеттердің бірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері іс жүзінде болғанымен, сатып алушылар үшін оны тауып алу қиынға соғады. Себебі бұл өнімдерді ең төменгі сөрелерде немесе алыс бұрыштарда орналастырады. Тағы бір мәселе – азық-түліктің төменгі шекті мәні бойынша аз болуы. Мәселен, партиялықтар бір келісі 2230 теңгеден белгіленген сиыр еті бар болғанымен, өте шектеулі көлемде екенін атап өтті. Сауда нысанының басшылығына ескерту жасалды. Ал қалалық базарлардың бірін де көкөніс пен жеміс сатушылар жеткізушілердің бағаны күн сайын өзгертетінін айтып, шағымданады. Қалада бәрінен бұрын пияз бағасы қымбаттады. Оның бағасы 49,2%-ға өсіп, бір келісі 285 теңгеге жетті. Сүт бағасы 20,8%-ға өсіп, бір литрі бүгінде 372 теңгені құрап отыр. Ақтөбеде мониторинг тобының мүшелері облыс орталығында орналасқан супермаркеттердің біріндегі және орталық базардағы бағаны тексерді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіндегі өнімдердің түр-түрі бар. Өрескел бұзушылықтар анықталған жоқ. Жалпы, өңірде баға төмендеп келеді. Мәселен, сары май бағасы 15,9%-ға арзандап, 1 келісі 2749 теңгені, тауық жұмыртқасының бағасы 22%-ға төмендеп, 10 данасы 290 теңгені, тұз 23%-ға арзандап, 47 теңгені құрап отыр. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада еліміздің барлық облысы мен ауданында мониторинг және қадағалау жүргізетін 216 партиялық топ жұмысқа кірісті. Мониторинг топтары күн сайын жұмыс іс тейді. Аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өзгергеніне қатысты мәліметтің мән-жайы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралады. Өзгеріс анықталған жағдайда мәселені шешу үшін ұсынымдар әзірленіп, нақты мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленеді.