"Ауыл аманаты" табысты арттыруға бағытталған
"Ауыл аманаты" табысты арттыруға бағытталған
«Ауыл аманаты» жобасын халық арасында түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Ақмола облысында AMANAT партиясының мобильді тобы 10 күн бойы өңірдің барлық аудандарында болып, 60- тан аса ауылдың тұрғындарымен кездесіп, жоба аясында табысты арттырудың жолдарын түсіндірмек. Аршалы ауданының Жібек жолы, Ижев ауылдары мен Аршалы кенті тұрғындарымен кездескен партияның мобильді тобы мүшелері ауылдықтарға жобаның мақсаты мен міндетін, табысты арттырудың жолдарын түсіндірді. Бизнес-тренер Дмитрий Шледевицтің айтуынша, жоба ауылдықтарға кәсіпті бірлесе кооперация құру арқылы жүргізіп, ауқымды іс бастауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Үкіметтен де қолдау бар. Кооператив құрамын дегендерге 2,5 пайызбен несие алуға болады.
«Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар. Одан қалды агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандардан тегін кеңестер беріледі. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Бұл да үлкен қолдау. Мәселен, қорадағы малының сүтін тапсырам дейтін кооператив мүшесі оны корпорация арқылы нарық бағасымен сата алады», – деп Дмитрий Шледевиц.
Аршалы ауданының Жібек жолы ауылы тұрғыны, жеке кәсіпкер Мейрам Мұсайбековтің айтуынша, жобаның қарапайым халық үшін пайдасы мол болмақ.
«Біріншіден, жеңілдетілген несиенің пайызы төмен. Ұлттық валютаның инфляциясы бойынша бұл нөлдік пайызға тең деуге болады. Сондықтан халыққа оны өтеу оңайырақ деп ойлаймын. Бағдарлама халықты бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Оның да пайдасы көп. «Бірлік барда тірлік бар» демекші, ауылымызды көтеруге болады. Оның үстіне, жергілікті әкімдік те, AMANAT партиясы да көмектесіп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл өте маңызды. Себебі сала мамандарының кеңесі жеке кәсібін енді дөңгелентем деушілерге өте керек», – дейді Мейрам Мұсайбеков.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында бұған дейін ауыл әкімдері арнайы курстан өткен болатын. Қазір олар өздері басқаратын ауылда өндіруге болатын басым бағыттарды анықтайтын болады. Одан бөлек, ауылдарды аралау арқылы сараптама жүргізіледі. Жер телімі, инфрақұрылым және басқа да қажеттіліктер ескеріліп барып, ауылдардағы пилоттық жобаларға сай кооперативтер құрылады. Нақты ауылдың қажеттілігін өтейтін, одан әрі нарыққа шығаруға болатын өнім өндіруге басымдық берілмек.