Жол салу қазынаға қол салу емес
Жол салу қазынаға қол салу емес
Коллаж: Елдар Қаба
Елімізде жол құрылысына жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Шамамен республикалық және жергілікті бюджеттерден маңызы бар деп танылғ­ан жолдардың өзіне 200 млрд теңге көлемінде қаражат қаралады екен. Одан өзге аудан мен елді мекендер ішіндегі жолдарды есепке алыңыз. Бұл іске 2019 жылы 200-ді былай қойып, 500 млрд теңге жұмсалды. Бірақ жолдардың көбінің сапасына жолаушылардың көңілі толмайды. Бұған жол құрылысын жемқорлық жайлағ­аны кесірін тигізіп отыр­ғаны даусыз.   ЖЕТІ ӨҢІРДЕГІ ЖӨНСІЗДІК Таяуда Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеті облыста жауаптылар сапасыз салынған жолды қабылдай бергенін жария етті. Биыл жергілікті жолдардың сапасына бақылау жүргізіп, 9 мыңға жуық сынама алған, соның 2,5 мың сынамасы (28 пайызы) талаптарға сәйкес келмеген. Маңғыстау, Алматы, ШҚО, БҚО мен Шымкент, Түркістан қаласында жол сапасына қатысты шикілік көп шыққан. Бір қызығы, ведомствоның ескертулеріне қарамастан, тапсырыс берушілер нысандарды қабылдай берген. Енді осындай фактілер бойынша бірнеше өңірде қылмыстық іс ашылған.
«Қаржыландыруды тепе-тең бөлу мәселесі өзекті болып отыр. Міндеттерге қарамастан жекелеген облыстар бұл талаптарды сақтамайды (БҚО, СҚО, Қостанай, Павлодар). Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасына қарамастан, Батыс Қазақстан облысында жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту ісінің қарқыны төмен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республиканың орташа көрсеткіші 80 пайыз бола тұра, өңірдегі жолдардың нормативтік жай-күйі 39 пайызды құрады. Батыс Қазақстан облысына биыл 2,6 млрд теңге бөлінді, бұл барлық бюджеттің 10 пайызын құрап отыр», – деді Қ. Өскенбаев.
Министр тамыздың соңына дейін автожол жобаларында сапа мен бақылауды күшейту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, Үкімет басшысының назарына ұсынбақ. Айтпақшы, соның алдында ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов жол мәселесіндегі жемқорлық жайын қозғап, «барлық ірі мердігерлер мен олардың артында кім тұрғанын білеміз» деп мәлімдеген болатын. Бектеновтің бұлайша белсенділік танытуына өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол сапасының нашар болғаны үшін жауаптылардың бәрін жазаға тарту керегін айтқаны себеп болса керек. Сол жолы Президент Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құру қажеттігіне тоқталған. Ірі компаниялар жол салу тендерлерін ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салатыны да сөз болды. Көп ұзамай Сыбайлас жемқорлық қарсы қызмет Көлік комитетінің бірнеше қызметкерін әшкере қылғаны есте.   ҚАРЖЫ ҚАЛТАҒА КЕТЕ МЕ? 5 жыл бұрынғы есепке жүгінсек, Қазақстанда екіжолақты асфальтталған жолдың бір шақырымын салу үшін шамамен 700-800 мың доллар қажет деп көрсетілген. Ал цемент-бетон жабыны мен бөліп тұратын қоршауы бар төрт жолақты жолдың бір шақырымына 3,7 миллион доллар шығын болады деп жоспарланыпты. Енді қараңыз, бұл баға жол төсеуге ұсынған әлемдегі ең қымбат бағалардан асып түскен. Соған қарамастан жалпы еліміздегі жол сапасы өте төмен деңгейде. Сөзіміз жалған болмасын, жол сапасы жөніндегі халықаралық рейтингте 2017 жылы 114-орында, 2018 жылы 106-орынға шықсақ, 2019 жылы 93-орынмен ғана шектелдік. Жолға көп қаржы бөлетін елдердің арасында көш бастап тұрып, сапа жөнінде мұндай көрсеткішке құлдырауымыз шынында жақсылық емес. Былтыр «Қазавтожолдың» өңірлік филиалдарының лауазымды тұлғаларының бірнешеуі сотталып кетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құрылысы саласында жемқорлықтың көп екенін бұған дейін де растаған. Агенттік бұл тұста шенділер мен мердігер компаниялардың қандай әдістермен айлаға баратынын көрсеткен екен. Талдау бойынша, қызмет жеткізушісін анықтау кезінде мемлекеттік сатып алуды өткізу ережелерін бұзу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде жобаның құнын арттырып жазу, сапасыз құрылыс материалдарын алып, қаражат жымқыру көп кездеседі. Бір ескерері, мұндай амалдардың бәрінде шенділер өз «үлесін» алады. Сондай-ақ нысандарды пайдалануға қабылдауды, реконструкциялау және жөндеу кезінде тексеру рәсімдерін лауазымды тұлғалар жүзеге асыратынын ойласақ, жемқорлық құзырлы органдар арқылы «жайқалып» отыр. Ал техникалық қадағалауды осы салада қажетті білімі жоқ тұлғалар атқарады немесе кемшілікті көре тұра, оң бағалай салады. Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары мұны шешудің жолын да ұсыныпты. Айтуынша, қоғамдық бақылауды күшейту керек. Яғни, жол құрылысын қабылдар алдында халық пікірі ескерілуі қажет. Мәселен, нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде арнайы комиссиялар құрылады. Олардың құрамына тапсырыс берушінің, бас мердігердің, жергілікті атқарушы органдардың, сәулет және қала құрылысының өкілдері ғана кіреді. 2019 жылы мамыр айында барлық аймақтық жол зертханалары Ұлттық жол активтері сапасы орталығының құрамына біріктірілді. Жол сапасын бақылауға қатысты ауқымды жұмыстар ілгері басты. Былтыр орталық мамандары 11,5 мыңнан астам асфальт сынамасын тексерген. Оның үштен бірі, яғни 4,5 мыңы стандартқа мүлде сай келмейтін болып шыққан. Қазақстандағы ең жақсы жолдар Маңғыстау, Павлодар және Алматы облыстарына тиесілі. Ал ең нашар бағаланған жолдар Батыс Қазақстан, Атырау мен Солтүстік Қазақстан облысында екен. Тексеру нәтижесіне сенсек, әсіресе жергілікті жолдардың тозығы жеткен, республикалық бағыттармен салыстырғанда кем-кетігі өте көп. Біріншіден, қаржыландыру мардымсыз. Бірақ бұл пікірге аса сенім жоқ. Екіншіден, мердігер ұйымдар жергілікті жолдарға кепілдік мерзімін екі есе қысқа белгілейді. Үшіншіден, мемлекет жергілікті жолдарды көлденең көк атты компанияларға сеніп тапсырады. Мәселен, Талдықорған – Өскемен және Омбы – Майқапшағай магистралдарының кейбір учаскелерінде жұмысқа қытайлық CITIC Construction Ltd, италиялық Todini Central Asia секілді ірі консорциумдар жұмылдырылған. Ал жергілікті жолдарды місе тұтатын кішігірім отандық компаниялар техникалық жабдықталуы жағынан шетелдіктердің шеніне келмейді. Олар құрылыс материалдарын тасуға да қиналып, өзге өңірлерден әкелсе, қалтасы қағылатынын біліп, таяу маңда жатқан қиыршық тастарды талғамай пайдаланады екен. 2020 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға дейін Қазақстандағы автожолдың 95 пайызын мінсіз қылмаққа мақсат қойды. Жойқын жоспарды орындауға республикалық бюджеттен аста-төк ақша б-лінеді. Шетелдік инвесторлар да қарап отырған жоқ. Үкімет жол төсейтін компанияларға қатаң талаптар қойып жатыр. 2020 жылы ең қиын учаскелерді анықтау үшін цифрлық карта сызылып, жолдардың сапалық рейтингі түзілген болатын. Жолдың 95 пайызын мінсіз ету шындыққа айнала ма, әлде құр қиял ма, әзірге беймәлім. Кесіп-пішіп, нақты жауап беру қиын-ақ. Әйткенмен, жемқорлық ауыздықталмайтын болса, осы тесік-шұқыр жолдардан арыла қоймасымыз белгілі.