Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаевтың жетекшілігімен брифинг өтті. Өңірлік коммуникацияның ашық алаңында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Баспасөз мәслихатында Ж.Жөргенбаев Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалының 2019 жылдың қорытындысын және биылғы жоспарларын бөлісті. «Nur Otan партиясының 7 серпіні» бағдарламасының 6-серпінінде белгіленген мақсатты жұмыстар мен тапсырмалар жайлы айтты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын жариялаған болатын. Осы тұста бағдарламаның алтыншы серпінінде қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыру тапсырмасы жолға қойылған.
– Бүгінгі күні Nur Otan өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауда. Біздің мақсат – бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнату, объективті және жедел ақпарат тарату, халықтың сеніміне ие болу. Осы тұста бұқаралық ақпарат өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеу бағыттарын жан-жақты қарастырудамыз, – деді Ж.Жөргенбаев.Ол сонымен қатар алғаш рет құрылып отырған белсенді партия ардагерлері қауымдастығының мақсаты мен міндеттеріне де ерекше тоқталып өтті. Абылайхан ЖҰМАШ