Фискалдық ережелер Ұлттық қордағы активтердің сақталуын қамтамасыз етеді – Ұлттық банктің есебі
Фискалдық ережелер Ұлттық қордағы активтердің сақталуын қамтамасыз етеді – Ұлттық банктің есебі
477
оқылды
Қазақстан Ұлттық банкі 2021 жылға арналған қаржылық тұрақтылық туралы есебін жариялады. Онда қаржылық тұрақтылықтың негізгі тәуекелдері мен осал факторларын кешенді талдау және бағалау нәтижелері қамтылған, – деп хабарлайды реттеушінің баспасөз қызметі. Есептің қорытынды нәтижесі Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов өткізген Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Оның жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қатысты. Есепте көрсетілген деректерге сүйенсек, 2021 жылы жеңілдетілген карантин шектеулері іскерлік белсенділіктің өсуіне ықпал етті. Әйтсе де, жеткізу тізбегі толық қалпына келмей, энергия жеткізушілердің жоғары бағасы инфляциялық қысымның күшеюіне түрткі болды. Соның әсерінен, дамыған елдерде ақша-кредит саясатының күшеюі, мемлекеттік қарыз деңгейінің өсуі және бюджет тапшылығы – жаһандық сын-қатерге айналды. Фискалдық саясат үшін негізгі тәуекел факторы – мемлекеттік қаржының теңгерімсіздігі. Бұл бюджет шығыстары мен мұнайдан тыс түсетін кірістер арасында сақталып отырған тым жоғары алшақтықтан-ақ көрінеді. 2014 жылдың аяғында мұнай бағасының төмендеуі мұнай секторынан түсетін қосымша үстеме табыстың жинақталу кезеңіне тұсау салды. Бұл, өз кезегінде, ұзақ уақыттан бері Үкімет қолындағы таза активтердің төмендеуіне алып келді. 2021 жылдың соңына қарай таза активтер ЖІӨ-ге қатысты ең төменгі мәндеріне жетті (ЖІӨ-нің 10,2%-ы – мемлекеттің таза активтері, ЖІӨ-нің 4,8%-ы – мемлекеттік таза активтер). Мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен орнықтылығын арттыру мақсатында Бюджет кодексіне енгізілген фискалдық ережелерді сақтау маңызды. Олар Ұлттық қордағы активтердің сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, бюджет шығынының шамадан тыс өсуін тежейді.