Жастарға берілетін 1 миллион теңге грантты кімдер ала алатыны белгілі болды
Жастарға берілетін 1 миллион теңге грантты кімдер ала алатыны белгілі болды
© elorda.info

Қарағанды және Ұлытау облыстарының жастарына 1 миллион теңге көлемінде грант беріледі. Бұл туралы "Жас Ұлан" ББЖҰ" РҚБ баспасөз қызметі хабарлады. 

Республикалық "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасованың айтуынша, жоба аясында сомасы 1 миллион теңге көлеміндегі 63 жобаға қолдау көрсетіледі.
"Біздің ұйым Қарағанды және Ұлытау облыстарында Zhas project жобасын іске қосты. Мақсатымыз - жастарды елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық өміріне кеңінен тарту, жұмыспен қамту, сондай-ақ әлеуметтік осал топтардағы жастарды қолдау. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ бірлесіп жүзеге асырылады", - дейді Динара Сәдуақасова.
Ұйым басшысының айтуынша, жобаға 18 және 28 жас аралығындағы жастар қатыса алады.
"Ерекше басымдық жастардың осал топтарына берілмек. Атап айтқанда, жұмыссыз тіркелген жастар, аз қамтылған отбасыдан шыққан азаматтар, жетімдер мен мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері мен көпбалалы ата-аналар жатады. Өтінім беруші Қарағанды және Ұлытау облысы аумағында кемінде 3 ай тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы тиіс", - дейді ол.
Байқауға өтінім беру 2022 жылдың 26 шілдесінен 10 тамызына дейін жүргізіледі. Өтінімдерді қабылдау жобаның сайты арқылы қабылданады. Гранттарды жүзеге асыру үшін 3 айға дейінгі көлемде уақыт беріледі. Грант берілетін жобалар әлеуметтік маңызы бар, аймақты, ауылдар мен ауданды көркейтуге бағытталған болуы керек.
"Жеңімпаздарға жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін қажетті білімі мен тәжірибесі бар менторлар қолдау көрсетіп, арнайы оқыту өткізеді. Сондай-ақ Қарағанды және Ұлытау облыстарының әр ауданында жоба үйлестірушілері бар. Жоба бойынша Қарағанды қаласында фронт-офис ашылып, колл-орталық жұмыс істеп жатыр. Қараша айында жобаларын сәтті жүргізген жеңімпаздардың қатысуымен Үздік тәжірибелер форумын өткізу жоспарланған", - дейді қоғамдық ұйымның төрайымы.
2022 жылы Zhas project жобасы пилоттық режимде еліміздің Алматы, Қарағанды, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүзеге асырылып жатыр.