Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының Open Space форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов 7 тұрғынды қабылдады. Тұрғындардың басым бөлігі білім саласындағы мәселелер бойынша шағымданды. Келес ауданынан келген Ж.Әбдірайымов мектептен, кентаулық А.Тойбекова балабақшадағы жұмысынан заңсыз шығарылғанын айтып шағымданды. Өз кезегінде Сәкен Қалқаманов екі тұрғынның мәселесі бойынша тексеру жұмыстары жүретінін, егер де заңсыздық анықталса, оларды қайтадан жұмысқа алатынын айтты. Бұл мәселе бойынша Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаевқа тапсырма берді. Қоғамдық қабылдауға Кентау қаласынан келген бір топ тұрғын өздері жұмыс істейтін балабақшаның жекеменшікке өтіп кету қаупі бар екенін айтып арызданды. Облыс әкімінің орынбасары мәселені жылдам әрі жүйелі түрде шеше білді. Кентау қаласы әкімінің орынбасарына хабарласып, балабақша ғимаратын ретке келтіріп, нысанды жөндеу жөнінде тапсырма берді. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат жеткіліксіз болғандықтан, осы жылдан бастап жөндеу жұмыстары қайта қолға алынады. Ал келесі жылы күрделі жөндеуден өтпек. Түркістандық ұстаздар Г.Абдурахманова мен Н.Қозыбақова жаңа мектепке ауыстырылуына байланысты сағат жетіспей жатқанын айтты. Мұғалімдердің мұңына құлақ асқан С.Қалқаманов бұл білім ұясында тексеру жүріп, аттестациядан өткен ұстаздар заңға сәйкес сағатына ие болатынын жеткізді. Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы алдағы уақытта аталған мәселе бойынша жұмыс жүргізеді. Әбілмансұр ЖАСАН