Оқ пен оттың ортасында
Оқ пен оттың ортасында
195
оқылды
Қордайдағы жағдай қазір қалыпты. Тұрғындармен жүр­гізілген түсіндірме жұмыс­тары жемісін беруде. Десе де әлі де болса Масаншы, Бұлар батыр, Сортөбе, Қара­кемер, Ауқатты ауылдарында төтенше жағдай алынған жоқ. Ол түсінікті де. Себебі тәртіп сақ­шыларының аталған елді мекендерде атқарар жұ­мыс­тары аз емес. Оған біз атал­ған ауылдарға арнайы ат басын бұрғанда анық көз жеткіздік. Жалпы, ауылдар арасына орнатылған өткізу бекеттері бір­неше сарбаздармен қамтылған. Әр көлік мұқият тексеріліп, ауылға кіріп-шыққан адамдардың есімі­ толықтай жазылуда. Сондай-ақ арнайы үйретілген ит те өз қызметін қырағы атқаруда. Ал жедел жасақ қызметкерлері әр көшені күндіз-түні күзетіп, жіті бақылауына алған. Жамбылдық полицейлер де толық құраммен ауылдарда жүр. Және дәл осы өңір сақшылары қақтығыс кезінде бірінші соқ­қы­ны өздеріне қабылдаған. Облыс­тық полиция департаменті бер­ген мәліметке сүйенсек, Қор­­дай ауданында орын алған оқиға кезінде қоғамдық тәртіпті қам­тамасыз ету мақсатында жам­былдық полицейлер дер кезінде же­тіп, алғы шептен көрінген екен. Халықты сабырға шақыру ке­зінде алғашқы соққыны да, атыл­ған оқты да бірінші болып қабылдаған. Салдарынан 18 по­лиция қызметкері түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Атап айт­сақ, атылған оқ бір сақшының аяғына тисе, екіншісінің қолын жаралаған. Ал бір полицейдің бетіне бытыра тиіп, дереу ау­ру­ханаға жеткізілген. Өзге сақшылар да мойын мен арқа күйіктерін алып, бастары жарылған. Осы­лайша, топтың алғашқы соққысын да, тепкісін де өңір сақшылары өздеріне қабылдаған. Жамбыл облыстық поли­ция департаменті жылдам қи­мыл­дайтын арнайы жаса­ғы­­ның командирі, полиция подпол­ковнигі Қанағат Райқұловтың айтуынша, оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінен жиналғандар саны бірнеше есе көп болған екен. Нәтижесінде, тәртіп сақшыларына өздерінен саны басым бүлікшілерге жалаң қолмен төтеп беруге тура келген. Осылайша, оққа ұшып, соқ­қыға жығылған сақшылар аудан­дық орталық ауруханаға жет­кізілген. Алайда антына берік сар­баздар қазір өз еркімен оқиға орнына қайта жіберуді сұранып, қатарға қосылуда.  width= – Бәрі бірден басталып кет­кеннен кейін тұрғындар ара­сын­да дүрбелең туды. Алайда біз мұн­дай жағдайға арнайы дайын­дал­ғандықтан, сабыр сақтадық. Алдыңғы шепте тұрған сарбаздар ең бірінші өзінің өмірін емес, тұрғындардың қауіпсіздігін ой­лады. Сол себепті қаруы бола тұра, сақшылар бүлікшілерді жалаң қолмен тоқтатуға тырысты. Бірақ 18 қызметкеріміз жарақаттанып, өзім де оң жақ белімнен оқ жара­қатын алдым. Дәрігерлердің емінен кейін қазір қайта сапқа қосылып отырмын. Сондай-ақ әртүрлі дене жарақатын алған жігіттер де толықтай сапта. Бұдан бөлек, еңбек демалысында жүрген әріптестеріміздің оқиға орнына келіп, көмектесуге сұранғанын естіп, өз жұмысымызға деген жауап­­кершілігіміз арта түсті. Об­лыс қана емес, мемлекеттік дең­­гейдегі жағдай болғаннан кейін күн-түн демей тұрғындардың ты­ныштығын күзетудеміз. Біздің де ойлаған бар мақсатымыз – жағдайдың толықтай тұрақтанып, халық күнделікті тұрмысына қайта оралуы, – дейді ауыр жарақатына қарамастан сарбаздарының қатарынан қайта табылған ЖҚАЖ командирі, полиция под­полковнигі Қанағат Райқұлов. Қазіргі таңда Қордай ауда­нында облыстық полиция де­партаментінің жедел жасақ сар­­баз­дарынан бастап, барлық құ­­ры­лымның мамандары бар. 50-ге жуық арнайы көлік аумақтық шо­луда жүрсе, үйретілген төрт ит тәр­тіп сақшыларының жұмысына жәр­демдесуде. Сонымен қатар ауылдардан әскери емханалар да құрылған. Онда 5 дәрігер жара­қат алған сарбаздар мен ауыл тұрғындарының күтіміне көмек көрсетуде. – Оқиға орын алған күннен осындамыз. Жарақат алған сар­баздар мен тұрғындарға барынша көмек көрсеттік. Әрине, ал­ғаш­қы күндері жұмысымыз қауырт болды. Бірақ қазір жағ­дай тұрақтанды. Жарақат ал­ған тұрғындарға да, тәртіп сақ­шы­ла­рына да медициналық кө­мек көрсетуге қажетті барлық құрылғымыз бар. Мұнда жүрген дәрігер мамандардың бәрі білікті. Сондықтан қазір туындап отырған ешқандай мәселе жоқ, – дейді Жамбыл облысы ПД медициналық бөлімінің басшы-дәрігері Құрманғазы Сәкенұлы. 7 ақпан күні Сортөбе ауы­лында «Хонда Одиссей» маркалы автокөлігін тоқтатып, соңында дүнген азаматтармен текетірескен жол сақшылары да дін аман. Жамбыл облысы ПД жергілікті полиция қызметі арнайы взво­дының инспекторлары А.Калтаев пен М.Карибаев та қатарға қосылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жәрдемдесуде. Бір сөзбен айтқанда, жам­был­дық тәртіп сақшылары оқи­ғаның бел ортасында. Бұдан бө­лек, алматылық сарбаздар да қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесуде. Мұнда өзге өңірлерден келген сарбаздар туралы да айтылады. Алайда әскери құпияға бай­ла­­нысты олардың нақты саны көр­сетілмеуде. Десе де, олар­дың да ойлағаны ең бірінші халық­тың амандығы мен жұрттың ты­ныш­тығы екені даусыз.   Саятхан САТЫЛҒАНОВ, Жамбыл облысы