«Ауыл аманаты» 74 ауылдық округке таныстырылды

ауыл

«AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды ақпараттық марафон жалғасып жатыр. Басты мақсат – ауыл тұрғындарына табысын, әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу.

Биыл сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» бекітілді. Ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие алуына, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек алуына мүмкіндік пайда болады. Осы бағдарлама аясында партия Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырып жатыр.

28 шілдеде партия мүшелері ауқымды ақпараттық марафонды бастады. Соның барысында Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола және Атырау облыстарындағы 74 ауылдық округті аралап үлгерді.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында партия мүшелері 18 ауылдық елді мекенде болып, 700-ге жуық адам жобамен танысты.

«Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жобаға ерекше қызығушылық танытып отыр. Қойылған сұрақтардың көбісі 2,5 пайыздық несиеге байланысты болды. Тұрғындар банкте немесе ҚазАгро желісінде рәсімдеген несиеден гөрі, осыны төлеу оңай деп санайды», – дейді бизнес-тренер Жұмагүл Мақашева.

Атап айтқанда, Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылының тұрғындары бағдарламаға белсенді қатысуға бел байлап отыр.

«Жұмыссыздық, баянсыз болашақ пен несие, субсидияға қатысты қиындықтар адамдарды ауылдан көшуге мәжбүрледі. Тұрғындар ауыл шаруашылығымен айналысқысы келгенімен, ешқандай мүмкіндік болмаған соң айнала азып-тоза бастады. Бұл жағдай шекара шебінде орналасқан ауылымыз үшін аса қауіпті. Сондықтан аталған жоба ауылды гүлдендіріп, жастар туған жерінде жұмыс табады, қалаға көшіп кетпейді деп үміттенемін», – дейді жергілікті тұрғын Серікбол Оралбаев.

Жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие жөнінде толығырақ партия жанындағы «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесінің басшысы Нүркен Шарбиев айтып берді. Ол бірде-бір коммерциялық банкте жеке тұлға дәл осындай шартпен несиені рәсімдей алмайтынына назар аударды.

«Қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Несие әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ресімделеді. Тұрғындардан келіп түскен өтініштерді ауылдық округ әкімдігі жинап, агентке жолдайды. 7 жылға дейінгі мерзімге берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 2500 АЕК (шамамен 8 млн теңге). Тұрғындар көбінесе, бұл ақшаға мал сатып алады. Кейбіреулері наубайхана сияқты шағын бизнес нысандарын ашады», – деді ол.

Мал шаруашылығы немесе майлы дақылдарды өсіру сияқты кәсіп бағытын айқындауға ауылдық округтердің әкімдері көмектеседі. Ол үшін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауыл, ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT» партиясы өңірлік филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласындағы біліктілікті жетілдіру бойынша 2 346 адам оқытылды. Енді ауыл тұрғындарына кезек келді.

Ақмола облысындағы 30 ауылдық елді мекеннің тұрғындары табысты арттыру бағдарламасының жай-жапсарымен және «Ауыл аманаты» жобасымен танысты. Әсіресе, кооператив құру мүмкіндігі ерекше тартымды көрінеді. Оның мүшелері өздерін жем-шөппен қамтамасыз етіп, өнім өткізу кезінде бір-біріне көмек көрсете алады. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда шикізатты қайта өңдейтін өндіріс орындарын ұйымдастыруға мүмкіндік пайда болады.

«Кооператив құрғаннан кейін жем, тұқым және тыңайтқыш сатып ала аламыз. Кем дегенде 5 адам бірігіп кооператив құрып, жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиемен лизингке техника мен жабдық сатып алуына болады. Енді бұған ауылдастарымды көндіруім керек», – дейді ауыл тұрғыны Ғиззат Шолақов.

Аманаттықтардың айтуынша, кооперацияның барлық қағидатын сақтаған жағдай да, кооператив мүшелері үшін қызмет құны нарықтан әлдеқайда төмен болады. Сонымен қатар, облыс әкімдіктері кәсіби агрономдардың, ветеринарлар мен механизаторлардың, зоотехниктердің кооперативке қатысуын қамтамасыз етеді.

Маңғыстау облысында партия мүшелері 12 ауылдық елді мекенді аралап шықты. Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының тұрғыны Майра Мәмбетова 15 жылдан астам уақыт іс тігумен айналысып келеді. Оның айтуынша, жеңілдетілген несие мен «Ауыл аманаты» жобасы оған нағыз бизнеспен айналысуға көмектеседі.

«Ақша алып, өз цехымды, тіпті фабрикамды аша аламын. Бұл нағыз серпін, зор жетістік болар еді. Қазір екі бөлмелі пәтерде 50 көрпе тігіп жатырмын. Бұл да өндіріс. Алайда жалғыз тігемін. Егер көмекшілерім, жұмысшыларым болса, осы 50 көрпені 3 күнде тігіп тастар едім», – дейді Майра Мәм бетова.

Партия мүшелері ақпараттық марафон аясында арнайы барған Атырау облысының тұрғындары да табысын арттырып, өзін-өзі қамтамасыз етуге ниетті. Аманаттықтар барлығы 14 ауылды аралады. Атап айтқанда, олар Индер ауданының Өрлік ауылындада болды.

«Өз ісімді қалай жетілдіруді, қателік жібермеуді үйрендім. Ақша табу үшін тек ниеттеніп қою жеткіліксіз. Бизнес-жоспар құра білу керек. Оны қорғап, пайда әкелетінін дәлелдей алғаннан кейін ғана несие береді. Қазір жастардың мол мүмкіндігі бар. Ауылда балабақша, оқу орталығын ашуға болады. Мұндай бастамаларды қолдау қажет», – деді кәсіпкер Бибігүл Шахманова.

Мобильді топтар еліміздің әр өңіріндегі 394 ауылдық елді мекенге баруды көздеп отыр. Сапар 10 қыркүйекке дейін жалғасады.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.