Болат жолдың білгірі
Болат жолдың білгірі
267
оқылды
Қазақстанның теміржол көлігі жүйесінде саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан мамандар жетіп артылады. Олардың қатарына ғұмырының 40 жылын осы іске арнаған «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқарма трағасының орынбасары, құрметті теміржолшы Қанат Әлмағамбетов те бар. Әріптестері оның кәсібилігін, мол тәжірибесі мен парасаттылығын, ісіне адалдығын, баршаға бірдей құрметпен қарай білетін қасиетін жоғары бағалайды. Компанияның 25 жылдығы және Көлік қызметкерлері күні қарсаңында Қанат Есмұханұлы асқаралы 60 жасқа толады. Қанат Әлмағамбетовтің кәсіби қызметі болат магистралінің қалыптасуы мен дамуының ең күрделі кезеңдеріне тұспа-тұс келді. Соған қарамастан ол жауапкершіліктің, саланың ерекшелігін терең білетін және мәселелерді шешуде өзіндік көзқарасы бар маман ретінде мойындата алды. Бүгін Құрметті теміржолшының тағдыры басқаша болуы мүмкін деп елестетудің өзі қиын. Мектеп кезінде ол математикаға ерекше құмар болды. Сүйікті пәнінен сабақ берген ұстазының ақылымен Томск педагогикалық институтына түскісі келген. Алайда жоспар кілт өзгеріп, Алматыға сапар шекті. Болашақ теміржолшының балалық шағы Көкшетау облысының Щучье ауданында өтті. Әкесі Есмұхан Манабайұлы «Ұрымқай» орман шаруашылығында 45 жылдан астам еңбек етті. Біраз осы шаруашылыққа басшылық жасады. Қуаныш Ғазезқызымен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірді. Орман шаруашылығындағы жұмыстың ерекшелігіне байланысты отбасы жиі көшуге мәжбүр болды. Осылайша, бірінші және екінші сыныпты Қанат Әлмағамбетов Блошинка ауылында оқып, кейін Лесной хутор елді мекенінде, ал жоғары сыныптарда Щучинск қаласының теміржол мектебінде оқыды. Оның бойындағы теміржол туралы түсінік осы кезде қалыптасса керек. Әрі «Ұрымқай» орман шаруашылығына жазда шөп дайындау науқаны кезінде түрлі ұйымның ұжымы келіп жататын олардың арасында теміржолшылар да болды. Есмұхан Манабайұлы оларға шөп орылатын орындарды белгілеп беріп, шабындық басында жиі жүретін. Мұнда ол ұлы Қанатты ертіп алатын. Осы шаруаның басы-қасында жүріп Есмұхан Манабайұлы Бурабай курорты стансасы бастығының орынбасары Николай Дамелевичпен танысты. Кейін станса бастығының орынбасары Әлмағамбетовтердің отбасымен жақсы араласып, үйлеріне де жиі барып тұрды. Оның дастарқан басындағы темір жол туралы әңгімелері, ұжымның бірлігі, бала Қанатқа қатты әсер етті.
– 10-сыныпта бізді Көкшетау жол бөліміне экскурсияға алып кетті. Диспетчерлердің жұмысын бақылап, басқару пультін қарап шыққанымыз есімде. Оқушылар үшін бұл нағыз экзотика болды. Шамамен сол кезеңде Алматыда теміржол көлігі үшін мамандар даярлайтын қазақстандық жоғары оқу орны ашылды, біздің мұғалімдер: «Бұл оқу орнында теміржол мектептерінің түлектері болмаса кім оқиды?!» деп бізге бағыт бергендей болды, – дейді Қанат Есмұханұлы.
Көктемгі демалыста жас жігіт ағасымен бірге Алматыға аттанды. Жасыл, гүлденген ел астанасы, оның қарқынды ырғағы мен жарқын жастарына көңілі толған Қанат Әлмағамбетов сол кезде осы қалада білім аламын деп шешім қабылдады. Томске оқу жоспарынан бас тартқан ол Алматы теміржол көлігі инженер лері институтына түсуге дайындықты бастады. Оның бұл әрекетінен кейбір сыныптастары да үлгі алып, теміржол саласына таңдау жасады. Бірақ соңында теміржол мектебінің тоғыз түлегінің екеуі ғана оқуға түсті. Емтиханда жақсы нәтиже көрсеткен Қанат Әлмағамбетов сол кездегі Одақтың теміржолшыларды даярлайтын кез келген жоғары оқу орнын таңдай алатын еді. Бірақ ол Алматыда оқуға деген ниетінен айнымады. Және дегеніне жетіп, Алматы көлік және логистика институтының «Темір жолдарды пайдалану» мамандығы бойынша оқуға түсті. Кейіпкеріміз студенттік жылдарды айрықша ықыласпен еске алады. Институттағы оқу үздігі Қанат Әлмағамбетов лениндік стипендияның иегері атанды. Факультеттің Ғылыми кеңесінің мүшесі болды және үшінші курстан бастап факультеттік комсомол ұйымын басқарды. Алғашқы өндірістік тәжірибені туған өлкеде – Бурабай курорты стансасында пойыз құрастырушының көмекшісі болып өткізді. Ал 1983 жылы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіргенде бірден бірнеше теміржол кәсіпорнынан ұсыныстар түсіп жатты. Солардың ішінде Алматы магистраліндегі тасымалдау қызметінің аға инженері лауазымы да бар еді. Бірақ өз оқытушыларының кеңесіне сүйене отырып, жас маман еңбек жолын қарапайым қызметтен бастау туралы шешім қабылдады. Осылайша, Алматы-1 стансасына пойыз құрастырушы болып орналасты. Ал бірнеше айдан кейін Қанат Әлмағамбетов әскерге шақырту алып, Отан алдындағы қастерлі борышын өтеуге аттанды. Әскери борышын өтеп келген соң жас теміржолшы Щучинск қаласына оралды.   ТАБЫСТЫҢ ФОРМУЛАСЫ – ТАБАНДЫ ЕҢБЕК 1985 жылдың жазында ол Курорт-Бурабай стансасында орталықтандыру постының операторы болып орналасты. Көп ұзамай парк бойынша кезекші, содан кейін станса бойынша кезекші болып тағайындалды. Бұл қызметте жүргенінде аталған учаскеде жүрдек пойызының қозғалысы қарқын алды. Алғашқы электровоздар, ұзын құрамды, ауыр салмақты пойыздар да ерсілі-қарсылы ағылып жатты. Станса бойынша кезекші уақыттың қалай жылдам өткенін аңғармай да қалды. Бір жылдан кейін өзін жауапкершілігі мол, кәсіби біліктілігі жоғары маман ретінде көрсете алған Қ. Әлмағамбетовке Новоишимская стансасы бастығының орынбасары лауазымы ұсынылды. Бұл қызметте де Қанат Әлмағамбетов үлкен мектептен өтті.
– Мен кез келген жағдайда қолдау көрсетуге және көмектесуге дайын тәжірибелі азаматтармен иық теңестіре қызмет атқарғанымды жиі айтамын. Олардың арасында Бурабай Курорты стансасының бастығы Мұхтар Әбдірашитов, оның орынбасарлары Лесова, Баранов бар. Ал Новоишимская стансасының ұжымы кіл жас мамандардан құралды. Кадрлардың тұрақтамауы, пайдалану жұмысында тәртіптің болмауы, ақтүтек боранмен, дүлей жел жұмысты қиындата түсті. Теміржолшылардың арасында «Новоишимскаяның сынағынан кім өтеді, сол әрі қарай жұмыс істей алады» деген пікір де болған, – деп еске алады Қанат Есмұханұлы.
Бәрін өте жақсы етіп істеу кейіпкеріміздің таланты немесе әдеті дерсіз. Шындап келгенде бұл оның қызметкер ретіндегі ерекшелігі еді. Ол қай жерде жұмыс істесе де, әрқашан оң нәтижелерге қол жеткізді. Новоишимская стансасында да төрт жыл бойы әріптестерімен бірге жағдайды едәуір түзете алды. 1990 жылы Қ. Әлмағамбетов Көкшетау-2 стансасының басшысы, ал сегіз айдан кейін Көкшетау сыныптан тыс стансасының бас инженері болып тағайындалды. Бұл күрделі, бетбұрыс кезеңіне тап келді. Жалақының кешігуі, тасымалдау көлемінің төмендеуі байқалды. Ұжымдағы қолдау мен өзара түсіністік барлық қиындықтарды жеңуге көмектесті. 1994 жылы Қ. Әлмағамбетовке Көкшетау жол бөлімшесінің тасымалдау бөлімінің бастығы лауазымына ауысу туралы ұсыныс түсті. Сол кезде ол Тың магистраліндегі тасымалдау бөлімінің ең жас басшысы еді.
– Мені әр кезеңде жан-жақты қолдаған Ахмет Қасаев, Серік Түсіпов, Амангелді Қасымов, Ғалым Ғайнутдинов сияқты кәсіби мамандарды өз ұстазым деп санаймын. Оған қоса, қызмет жолымда түрлі басшылармен жұмыс істеуге тура келді. Олардың әрқайсысы менің маман ретінде қалыптасуыма өз үлесін қосты.
1995 жылы болашағынан үміт күттіретін маманға Тың теміржолы тасымалдау қызметі басшысының орынбасары лауазымы сеніп тапсырылды. Бұл Қазақстанның негізгі жүк тиеу аймағы болды және теміржол елдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарына қызмет көрсетті. Өндірістік байланыстардың ыдырауы жағдайында КСРО-ның тарауына байланысты вагондарды ауыстырумен, кедендік шекара қызметтерінде қиындық туындады. Бірақ теміржолшылар барлық сынақтардан лайықты өтті.
– Бұл Қазақстан теміржолының тарихында ауыр кезеңдер еді. Төлемнің, жалақының кешігуі қызметкерлердің наразылығын туындатты. Сонымен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындар вагондардың уақытында берілмейтінін сынайтын. Жүкті тиеу мен оны жөнелтудегі өндірісті үзбеу үшін бүкіл Қазақстан бойынша әріптестеріммен өзара іс-қимыл жасауға тура келді, – дейді Қанат Әлмағамбетов.
  ЖАҢА ЖАҒДАЙ, ЖАҢА МҮМКІНДІК 1997 жылы «Қазақстан темір жолы» кәсіпорны құрылған кезде Қанат Әлмағамбетов Целинный магистралінің тасымалдау қызметінің басшысы болды. Ал келесі қайта құрылымдаудан кейін Ақмола тасымалдау бөлімшесінің тасымалдау бөлімін басқарды. 1998 жылы Павлодар тасымалдау бөлімшесінің басшысы болып тағайындалды. Бір жылдан кейін – «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнының тасымалдау Бас басқармасының басшысы, содан кейін екі жылға жуық осы кәсіпорынның Жүк тасымалы департаментінің орынбасары, департаменттің директорлығына көтерілді. Ал 2001 жылы «Жүк тасымалы» кәсіпорнына басшы болды.
 – «Қазақстан темір жолына» басшылық еткен Абылай Мырзахметов секілді біздің реформаторларымызға салаға түбегейлі өзгеріс әкелу үшін көп күш салуға тура келді. Бұл қайта құрулар шынында революциялық болды. Инфрақұрылымды, тасымалдаушыларды, вагон паркін, жөндеу базасын бөлу, бейінді емес активтерден арылу секілді ауқымды жұмыстар жүргізілді. Алғашында біз мұны мойындамадық. Шындап келгенде өзгерістердің қажет екені және олардың болмай қоймайтынын ұғыну қиын болды, – деп мойындайды Қанат Есмұханұлы.
Жылдар өте біздің кейіпкеріміз сол кездегі көптеген шешімдердің дұрыстығына көз жеткізген. Мәселен, компанияның түгендеу паркін бөлу. Егер оны нарыққа беріп, жеке оператор ретінде құрмаса, «Қазақстан темір жолының» жағдайы қиындай түсер еді.
– Осы қадамға бара отырып, басқа жеке операторларға өздерінің парктерін дамыту үшін тең мүм кіндік бердік. Бүгінде «Қазтеміртранс» паркі жалпы көлемнің шамамен 40 пайызын құрайды. Сондай-ақ жеке тұлғаларға қызмет көрсететін жөндеу кәсіпорындарын құрғанымыз дұрыс шешім болды, – дейді Қанат Есмұханұлы.
Теміржолшы тек қана тасымалдаушының инфрақұрылыммен бөлінуіне ғана келіспейді.   ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС Ақтау портынан Құлсары портына дейін «Теңізшевройл» аса ірі көлемдегі (500 тонна) жүктерді тасымалдауды сәтті ұйымдастыра білген Қанат Әлмағамбетовке жаңадан құрылған «Қазжелдортранс» АҚ-ның жүк және коммерциялық жұмыс жөніндегі вице-президенті болуға ұсыныс түсті. 2008 жылдан бастап 2015 жылға дейін біздің кейіпкеріміздің білімі, тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті «ҚТЖ» ҰК» АҚ Тасымалдау процесі жөніндегі басқарушы директоры, аппарат басшысы, компания президентінің кеңесшісі ретінде кәдесіне жарады. Жаңа теміржол желілерін іске қосу, отандық машина жасау саласын дамыту, «ҚТЖ»-ның транзиттік әлеуеті мен имиджін арттыру Қанат Әлмағамбетов сол кезеңдегі саланың әрбір жетістіктеріне үлес қосты. 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін Kazlogistics Қазақстан көлік қызметкерлері одағының Бас директоры қызметін атқарса, 2018 жылдан бастап «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметінде. Қанат Есмұханұлы асқаралы 60 жасына жоғары кәсібилігі мен принципшілдігін ұжым мойындаған маман ретінде жетті. Оған өмірлік серігі Сайран Біләшқызы мен балаларының, немерелерінің де өзіндік ықпалы бар. Қанат Әлмағамбетовтің салаға сіңірген ерен еңбегі ескеріліп, әр жылдары «Құрметті теміржолшы» жоғары салалық наградасымен, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан теміржолына 100 жыл» мерейтойлық медалімен, «Біртұтас Қазақ теміржолына 50 жыл» және «Достық– Алашанькоу теміржолдарының түйіскеніне 20 жыл» сияқты төс белгілер табысталды. «Құрметті теміржолшының» ғұмыр жолы әлдеқашан Қазақстанның болат магистралі тарихының бір бөлігіне айналған. Сонда да болса Қ. Әлмағамбетовті алда әлі талай даңқты жаңа беттер күтіп тұрғанына күмән жоқ.

Любовь РОВБА, журналист