Кепілде тұрған үй қауіпсіз бе?

Кепілде тұрған үй қауіпсіз бе?

Осыдан алты жыл бұрын апатты деп танылған Арал қаласындағы екі қабатты ғимарат әлі күнге сүрілмей тұр. Бұл мәселені талайдан көтеріп жүрген жергілікті тұрғындардың меселі қайтып қалғандай. Ал әлгі ғимараттың мұрты да бұзылмаған. Негізінен, аудан орталығындағы бұл ғимараттың қабырғасы 1986 жылы қаланған. «Арай» атты балабақша ретінде салынған бұл нысан жұмысы жүйелі ұйымдастырылды. 1990 жылғы тоқырау кезеңінің салдарынан балабақша жұмысын тоқтатып, қараусыз қалған ғимарат тұрғын үйге айналған. Содан бері 30 жылдай уақыт баспана ретінде халықтың кәдесіне жараған екі қабатты ғимарат 2018 жылы сыр берді. Тұрғын үйдің екі бөлігін жалғап тұрған өткелі опырылып құлап түскен. Соның салдарынан апатты ғимаратты паналаған отбасылар далада қалды. Облыс әкімдігі тұрғын үй қоныстанған 19 отбасын баспанамен қамтамасыз етіп, материалдық шығындарын өтеп берді. Сол кезде бұл ғимарат апатты деп танылса да, тұрғын үй ретінде пайдаланылып келген.

– Содан бері ғимарат қараусыз тұр. Осы маңда ойнайтын балалардың өміріне алаңдаймыз. Ойын балалары қанша ескертсек те әзер тұрған ғимараттың маңына үйірсек, – дейді Арал қаласының тұрғыны Самат Азамат.
Ал Арал ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер ғимараттың сүрілмеуінің өз себебі бар екенін айтады. Тексеру кезінде мамандар апатты нысандағы пәтердің бірі банкте кепілде тұрғанын анықтаған. Дәл осы жайт үйді бұздыруда қолбайлау болған. Қазір ғимараттың есік-терезелері ашық-шашық жатыр. Оған ойын балалары мен ересек адамдар емін-еркін кіріп, шыға алады. Қалай десек те, банкте кепілде тұрған жалғыз пәтерге бола сүрілмей тұрған ғимараттан қауіп көп. Жергілікті тұрғындардың қалауы осы. Оның үстіне, пәтері кепілдікте тұрған кісі берешегін өтеп болғанша бұл үйдің дін аман тұруы екіталай.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,

Қызылорда облысы