Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін әскерде өлім-жітім азайды ма?

Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін әскерде өлім-жітім азайды ма?
Фото: akorda.kz

Қазақстанда сарбаз өлімі себебінің ашық айтылмауы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әскерден қашу, суицидтің алдын алуға бола ма? Бейбіт күнде әскерге сау барып, табыты қайтқан сарбаздардың өліміне не себеп? Ресми дерек, сараптама нәтижесі туралы ата-аналардың айтар уәжі де аз емес.

Қаңтар оқиғасы кезінде қызмет бабында опат болған жауынгерлер мен әскери шенді қызметкерлерді бұл қатарға қоспадық.

Айталық, ақпанда Қарағандыда екі сарбаз әскери бөлімді тастап қашып кетті. Былтыр Жамбылдағы жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған Бауыржан Дәуітбаевтан әлі күнге дейін хабар-ошар жоқ. Тау мен тасты түгел шарлап, күлі көкке ұшқан қару-жарақ қоймасының топырағын әріптестері електен өткізсе де, іліп алар дерек пен дәйек таппады. «Андас батыр» шекара бекетінде ат қора тазалап жүрген жауынгер Ұлықбек Бердішев ұшты-күйлі жоғалды. Оның сүйегі Қырғыз Республикасынан тауда асылып тұрған жерінен табылды. Ұлықбектің әкесі «Соңғы кезде көп ақша сұрады» деп өз шындығын айтты. Ізін ала сәуір айында Қордайда әскерге келгеніне небары төрт-бес күн болған маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай қайтыс болды.

 

Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін әскерде өлім-жітім азайды ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында көз жұмған маңғыстаулық сарбаз Әлібек Саламатұлы Қалбайдың туыс-туғандарының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Президенттің пікірінше, бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза таппауы тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті.

Президент осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.

 

Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін әскерде өлім-жітім азайды ма?
Аягөзде қайтыс болған рота командирінің орынбасары, капитан Бақытжан Әріпжанды жерлеу рәсімі. Фото: elitar.kz

Десе де, айдың-күннің аманында ұлынан айырылған ата-ана құзырлы органдардан, тіпті Президенттен жиі араша сұрайды. Себебі, әскерде әлімжеттік әлі де кездеседі. Оған дәлел, Маңғыстау облысы «Бейнеу» шекара бекетінде 19 жастағы сарбаз Еділ Тешебаев қайтыс болды. «Сұраған бес мың теңгесін салып жіберуім керек еді» деп үйіне табыты оралған сарбаздың әкесі өкінішпен ұлын жерледі.

Осындай оқиғалардан кейін вице-премьер Ералы Тоғжанов әскердегі әлімжеттікке қатысты пікір білдірді.

Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін әскерде өлім-жітім азайды ма?Фото:inform.kz

«Отардағы №25717 әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтедім. Әртүрлі жағдай болды, сарбаз өлімін де көрдік. Сол кезде жалпыға ортақ міндет бар болатын. Қазір ондай міндет жоқ», – деп қысқа қайырды. Оның айтуынша, әрбір ер-азамат әскери борышын өтеуі тиіс.

Ал Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов сарбаздардың ағайын-туысынан ақша сұрайтын бір себебін түсіндіруге тырысты.

Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін әскерде өлім-жітім азайды ма?Фото:mail.kz

«Сарбаздардың ағзасына 18-19 жаста көп калория керек. Тіпті, тәтті де қажет. Әскери бөлім аумағында дүкендер бар. Сарбаздың зат сатып алуға құқығы бар», – деді Қорғаныс министрі.

Ал Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмедиевтің айтуынша, несие, қарыздың көптігі сарбаздардың өзіне-өзі қол жұмсауына түрткі болып отыр. Қарыздан бөлек, түрлі әлеуметтік проблема, отбасындағы жанжал да сарбазды күйзеліске түсіреді. Тығырыққа тірейді. Әскердегі суицидке көбінесе, түрлі әлеуметтік мәселелер себеп болады.

 

Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін әскерде өлім-жітім азайды ма?
Фото: Қорғаныс министрлігінің ресми сайтынан алынды

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев: «Бізге 18 жастағы жігіттер әскери борышын өтеуге келеді. Арасында, өкінішке қарай, мойнында 9 миллион теңге тұрмыстық және басқа да кредиті бар сарбаздар болды. Бұл – суицидтің бір ғана себебі. Яғни, бұдан да бөлек әлеуметтік проблемалар бар. Әр оқиған жеке алып қарау керек. Себебін жалпылама айтуға болмайды», – деді.

Үкіметке халық үніне құлақ асуды міндеттеген Мемлекет басшысы армиядағы өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударып, жан-жақты тексеруді тапсырды.

Президент осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеруді тапсырды. Әскердегі заңсыздықты жою және келешекте қайталанбауы үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды. Айыптыларды жауапқа тартып, жазаланатынын айтқан еді.

 

Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін әскерде өлім-жітім азайды ма?
Фото:akorda.kz

Арада бір ай өткен соң Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Президентке есеп берді. Ол жарты жылда атқарған жұмысының қорытындысын айта келе, сарбаздар ел тыныштығын күзетуге сақадай-сай болуы үшін жауынгерлік дайындық күшейтілгенін жеткізді. Тіпті, сарбаздарымыз халықаралық әскери оқу-жаттығу, ойындарға қатысты.

Арнаулы операцияларға қатысатын күштерді дамыту, оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету, отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің әлеуетін пайдалана отырып, армияны заманауи қару-жарақпен және әскери техника түрлерімен жабдықтау, әскери инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі Президент тапсырмасының орындалу барысы туралы есеп берді.

Сондай-ақ сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әскери қызметшілер арасында әлімжеттікті жоюға ерекше тоқталды. Бұл мәселе турасында Қорғаныс министрі «Айқын» газетіне берген арнайы сұхбатында да айтып өтті.

«Біз бұл жерде армияны реформалау тұрақты түрде жүргізілетін процесс екенін ұмытпауымыз керек. Оның мәні мен мазмұны әлемдегі геосаяси процестерді талдау нәтижелеріне, қарулы күресті жүргізу сипаты мен әдістерінің өзгеруіне байланысты түрленіп отырады», – деген еді («Армияның ұтқырлығы авиациямен ғана бағаланбайды» деген министр Руслан Жақсылықовтың сұхбатын газетімізден оқи аласыз – ред.).

Алайда Президенттің қорғаныс саласын күшейтуге берген тапсырмасынан кейін де әскери салада өлім-жітім азая қоймады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің офицері Азат Үмбетұлы миына қан кетіп, Қордай аудандық орталық ауруханасында қайтыс болды. Ол "Өтеген" шекара бекетін тексеруге барған.

Ақтаудағы 3502 әскери бөлімінің аға сержанты Абылай Мерғалиев 30 шілде күні сағат 05:15-те өз үйінде асылып қалды. Арнайы комендатураның қарауыл бастығы Абылай Мерғалиев 1990 жылы туған. Үйленген, бір қызы бар. Ұлттық ұлан қатарында 2015 жылдан бері қызмет еткен.

Степногорда әскери борышын өтеп жүрген Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшісі өзіне-өзі қол жұмсады. Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік  баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 шілдеде сағат 21.00 шамасында автопаркте кезекшілікте тұрған қатардағы жауынгер Н.А.Оразбай кезекшіден дәретханаға сұранып кеткен. Арада біршама уақыт өткеннен кейін оны шақырып келуге шыққан кезекші сарбаз барады. Ол автопарктегі қойма ішінде Н.Оразбайдың асылып тұрғанын көрген.

Жалпы, биыл Қарулы күштерде 7 суицид дерегі тіркеліп, 4-еуінде сарбаз көз жұмды. Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскерилер арасындағы суицид деректерін елдегі жалпы статистикамен салыстырып айтып берді.

«Биыл бес айда Қазақстанда жалпы 4318 суицид дерегі тіркелді. Оның 4-уі Қарулы Күштерде болған. Суицидке оқталу әрекетінің жалпы саны – 4942. Оның ішінде, Қарулы Күштерде – 7. Яғни, бұл жалпы фактінің 0,6 пайызы... Енді арнайы құрылған топ суицидті азайту үшін  жұмыс істеп жатыр», – деді Дархан Ахмедиев.

Ал ге­не­рал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың айтуынша, армияда әлімжеттік әлі де бар.

Тоқаев сарбаз өлімінің себебін жан-жақты тексеруді тапсырғаннан кейін әскерде өлім-жітім азайды ма?Фото: exk.kz

«Әлімжеттікті жою үшін түрлі тәсілге бардық. Сөйтіп, әскердегі әлімжеттікті азайттық. Бұрынғыдай ашық түрде әлім­жет­тік жасайтындар сирек. Дегенмен қысым жасайтындар кездеседі. Негізі, әлімжеттікті азайтуға мер­зімді әскери қызметті 1 жылға де­йін қысқарту арқылы да азайтуды көздегенбіз. Бірақ әлімжеттік 100 пайыз тоқтаған жоқ», – деді.

Себебі адами фактор, тәрбие, әр­түрлі мінез жанжалға түрткі болады. Оның пайымдауынша, әскерде ко­мандир сарбазды баласы, інісіндей тәрбиелесе, жақсы көрсе, онда сарбаз да командирді әке­сі мен ағасын­дай сыйлайды. Ал бізде қалай? Айқай-шу, сарбазды кемсітеді. Ол дұрыс емес. Адам баласы болғандықтан ашық сөйлесуі керек. Біз­дің кезімізде заң бойынша жақын адамы қайтыс болса, 10 күнге еліне жіберетін. Ал қазір өзгеше. Сон­дық­тан сарбаз күйзеліске түседі. Әскерден қашуды ойлай­ды. Генералдың  айтуынша, әскердегі әлімжеттік түгел жойылмады (Бақытжан Ертаевтың сұхбатын "Айқын" газетінен оқи аласыз – ред.).

Әскердегі әлімжеттік тәрбиеден бе, әлде тәртіптің осалдығынан ба? Себебі «Әскерде нөлдік өлім-жітім» шаралар кешенін (Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың арнайы тапсырмасыред.) әзірлейтін топ жұмысының нәтижесінен кейін анықталар.

Қорғаныс министрі әскердегі проблеманы екі аптада бір рет айтып отырамын деп уәде беріп еді.

«Екі аптада бір рет БАҚ-қа арналған ресми брифинг өткізуді жоспарлап отырмыз. Брифингте жеке өзім, орынбасарларым және басқа да жауапты офицерлер журналистердің сұрағына жауап береді. Мәселе ашық айтылса, соған сай түсіністік қалыптасады», – деген болатын.

Алайда, әскери бөлімдерде болған оқиғаға қатысты деректер тергеу мүддесіне сәйкес, жария етілмейді. Бәлкім, тергеу аяқталған соң БАҚ үшін, ұлының табытын құшақтаған ата-ана үшін себебін түсіндіріп айта ма?..

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.