TikTok-қа тоқтау болмай тұр. Онда жартылай жалаңаш қыздар камера алдында билеп, жігіттер ерсі қылықтарымен елдің есін шығарады, – деп хабарлайды Астана арнасы. Ал әлі оң-солын білмейтін бала оларды қайталап, торға қалай түскенін байқамай қалады. Психолог Мөлдір Болатқызы TikTok – баланың психологиясын бұзып қана қоймай, басқаның пікіріне тәуелді етеді дейді. Оның айтуынша, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейтін жеткіншек үшін бұл желі жеңіл өмір сүруді үйрететін орта.
"Адами нормаларға сәйкес келмейтін нәрселерді норма ретінде көрсетеді. Мысалы, жеуге болмайтын нәрселерді жеп, қиюға болмайтын нәрселерді қиып тастау деген сияқты... Құндылықтарды жойып жатыр басқа біреудің лүпіл басуына, басқа біреулердің пікіріне тәуелді болады", – дейді психолог.Сарапшылар да тик-токтың зияны көп дейді. Балалық шақ институтының мүшесі Әлия Нидің айтуынша, баланың ойлау жүйесі нашарлайды.
"Тик-ток – баланың ойлау жүйесіне, дамуына кері әсерін тигізеді. Баланың қиялын, бойындағы ерекше қасиеттерін, даналығын жойып тастауы да мүмкін. Сондықтан әр ата-ана өз баласын үнемі қадағалау керек. Не көреді, қызығушылығы қандай, бәрінен хабары болуы керек", – дейді Әлия Ни.