Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа байланысты карантинге жабылған Diamond Princess круиздік лайнерінде 4 қазақстандық бар екенін хабарлады. Жапония жағалауындағы кемеде 50 елдің 3 700 азаматы болған. – Коронавирусты лайнердегі 174 адам жұқтырған. Кемедегі 3 700 адамның ішінде қазақстандық 4 азамат бар. Олардың денсаулығы қанағаттанарлық. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері іске қосылып жатыр, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Карантин 19 ақпанда аяқталуы мүмкін. 10 ақпанда Diamond Princess круиздік лайнеріндегі қарт адамдар мен созылмалы аурулары бар адамдар сыртқа шығарылатыны жарияланған. Кемедегі 2 000-ға жуық адам медициналық көмекке зәру. Жапония сыртқы істер министрлігінің айтуынша, 1 850 адам инсулин сияқты маңызды дәрі түрлерін сұраған. Жолаушылардың жартысынан көбі – 70 жастан асқан адамдар. Кейбір дереккөздерде Жапонияның індетке байланысты тексеріс жүргізетін құрылғыларының саны шектеулі екені айтылған. Жолаушылар мәлімдегендей, кеме ішінде жабдықталған үлкен каюталар бар. Күні бойы бір орында отырмай, балконға шығып тұратындарын жеткізген. Карантинге жабылған кеме ішінде қызметкерлер әлі күнге дейін жолаушыларға қызмет көрсетіп отыр.Мадияр ТӨЛЕУОВ