Интернет шабан, астаналықтар алаң
Интернет шабан, астаналықтар алаң
152
оқылды
Басқа түгіл, астананың өзінде интернет жылдам­дығы шабан. Елордалықтар қонақтары алдында соған кәдімгідей ұялады. Кейбірі Үкіметке, салалық министрлікке, әкімдікке, ұлттық телекоммуни­кация­лық алпауытқа шағым жазады. Ал билік өкілдері бұған халықтың өзін кінәлап отыр. Нұр-Сұлтан тұрғыны Тимур Жантикин «Министрліктер үйі­нің» жанында, Мәңгілік ел даң­ғылында тұрады. Ұялы опера­тор­лар ұсынатын қызметтің сапасына шағымын айтады. «Kcell-ге талай бардым. Телефонда сигналдың жақсы еке­ні көрсетіліп тұрады. Бірақ Speedtest құралымен тексерсең, шынында оның жылдамдығы 0,3 МБ/секундтен аспайды. Олқы­лықты түзеу орнына операторлар деректер беру шарты қалай түзі­л­етінін түсіндіріп, жалтарма жа­уап қайыра салды. Елорданың жекелеген аудандарында ғана жыл­дамдық 30 МБ/секундке же­теді. Бас қалада осылай болып тұрғанда, Қазақстанда біздің ұялы операторлардың 5G енгі­зуге қауқарлы екеніне күмәнім бар», – дейді Т.Жантикин.
Шағымданушылардың бірі байланыс операторлары станса­сында арналардың жеткілікті сиымдылығы жоқ деген жорамал айтады. «Олар тұтынушыларды кең жолақты интернетке қол жет­кізесіз деп алдайды. Инфра­құ­ры­лымға мейлінше аз инвес­ти­ция салып, барынша көп табыс табуға құныққан», – дейді тұтынушы. 
Қазақстанды цифрландыруға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі жауапты. Министр Ас­қар Жұмағалиев ұялы байла­ныс қыз­метін көрсету сапасын бақы­лау мақ­сатында «Байланыс қыз­ме­ті са­пасының техникалық па­ра­метр­лерін өлшеу әдістемесі» және «Бай­ланыс қызметі сапа­сының көр­сеткіші» бекітілгенін мәлім етті. – Осы құжаттар негізінде және азаматтардың шағымына орай біздің министрлік тексе­рістер жүргізді. Оның нәтиже­сінде, ұялы байланыс желілерінің жабу аймақтарындағы осал тұс­тары анықталды. Адамдар ұялы байланыс құралына берілген рұқсат қағаздарды мойында­май­ды және шатырда базалық станса орнатылуына қарсы шығады. Мұн­дай деректер әсіресе, елор­да­ның жаңа аудандарына тән, – дейді Асқар Жұмағалиев.   Айхан ШӘРІП