Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Үкілі домбыра» музыкалық кеші өтті

Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Үкілі домбыра» музыкалық кеші өтті

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Үкілі домбыра» музыкалық кеші өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – дарынды балалар мен жасөспірімдерді қолдау, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыру, туған елдің мәдени мұрасын зерттеу арқылы патриотизмді қалыптастыру.     Кеш Л.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Серікзат Дүйсенғазы және «Шабыт» ҚазҰӨУ оқытушысы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, домбырашы Досым Мақсұтов қатысуымен өтті.   Күй орындаушылар ретінде домбырада жалпы білім беретін және музыка мектептерінің оқушылары, этномәдени бірлестіктердің көркемдік ұжымдарының мүшелері, сондай-ақ 6 жастан 14 жасқа дейінгі барлық тілек білдірушілер өз таңдауы бойынша дәстүрлі аспаптық күйлер орындады. Іс-шара барысында Дүйсенғазы Серікзат қазақтың ұлттық домбырасының ерекшелігі мен маңызын, күй орындау өнері туралы айтып берді. Кәсіби домбырашы Досым Мақсұтов домбырада ойнаудың қыр-сырымен бөлісіп, шеберлік сабағын өткізді. Шара соңында барлық қатысушылар қонақтармен бірге «Ерке сылқым» және «Балбырауын» күйлерін орындады.