Мәдениет және өнер саласындағы бірқатар жоғары оқу орындары оқытушыларының еңбекақысы көтерілді. Үкімет бұл туралы тиісті қаулы қабылдады, - деп хабарлады primeminister.kz. 2025 жылға дейінгі Халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары профессор-оқытушылар құрамының лауазымдық еңбекақыларының белгіленген мөлшеріне арттыру коэффициентін ұлғайту (1,75-тен 3,5-ке дейін) көзделген. Қаулы төрт шығармашылық жоғары оқу орнына қатысты: Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті және Қазақ ұлттық хореография академиясы. Қаулы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қалыптасқан қатынастарға қатысты қолданылады, сондықтан осы жылдың өткен айларының еңбекақысы бойынша қайта есептеу жүргізілетін болады.