Дүниежүзілік академия Қазақстанда
Дүниежүзілік академия Қазақстанда
175
оқылды
Швейцариялық ең үздік  қонақжайлылық және турис­тік мектептердің өкілдігі және БҰҰ жанындағы Дүние­жүзілік туристік ұйымның (UNWTO) алғашқы акаде­мияларының бірі Қазақстанда ашылады. Бүгінде аталған білім беру орталықтары тек Грузияда бар, жуырда Португалия, Швейца­рияда және Қытай елдерінде де ашылады деп күтілуде. Оқу орталығы Үкіметтің 2019 жы­лғы 20 наурыздағы №129 қау­лысымен Нұр-Сұлтан қала­сында құрылған Халықа­ралық туризм және қонақ­жай­лы­лық университеті негізінде жұ­мыс істейді деп жос­пар­ла­нуда. Ор­талықтың алдағы жыл­дар­дағы негізгі міндеті –осы салада жұ­мыс істейтін 1 200 маман мен жаңа кадрларды даяр­лау болып табылады. Орталықты қаржыландыру Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің жоспарланған бюджеті ая­сын­да жүзеге асырылса,  қар­жы­лан­дыруға осы салаға қызы­ғу­шылар мен маманға тапшы жұмыс берушілер және меценаттар тар­тылады.
– Еліміздегі туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі – қызмет көрсету сапасын жақсарту. Екі айдың ішінде біз ең беделді швей­цариялық «Les Roches» және «SHL» мектептерінің өкіл­дері және UNWTO-мен ке­ліс­сөздер жүргізіп, алдағы мә­селелерді пысықтап, елге ша­қырып, Қазақстанда туризм са­ласында кадрлар даярлайтын заманауи білім беру орталығын құру туралы меморандумға қол қойдық, – дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төра­ғасы Ержан Еркінбаев.
Туризм саласының топ-менед­жерлері «Les Roches» бағдарламасы аясында дайын­далады, SHL кадрларды қайта даярлау функциясын алса, ал UNWTO-ның өкілдігі білім беру процесін ғылыми, академиялық және аналитикалық қамтамасыз ету, саладағы ең жаңа ақпаратқа, тенденцияларға, ғылыми ақпа­ратқа қолжетімділікті қамта­масыз етеді.
«Грузияда мұндай білім беру орталығы бар және біз осы елдің тәжірибесіне жүгіндік. Олар мұндай маңызды оқу орнын ашу және олардың брендін пайдалану үшін 7 жыл жұмсаған. Біздің грузиялық әріптестерімізбен және Грузиядағы UNWTO акаде­миясымен жасалған келісім­дердің арқасында білім беру бағдарламаларын тарту және іске қосу мерзімі, лицензия алу құны айтарлықтай қысқарды», – дейді басқарма төрағасы.
Бүгінде университет қабыр­ғасында аталған білім беру ор­­та­лығының ұйымдастыру, ли­­цензия алу және қабылдау ко­­миссиясын құру жөнінде іс-ша­ралар мен материалдық-тех­ни­калық қамтамасыз ету жұ­мыс­тары жүріп жатыр.   Әділ БЕК