Швейцариялық ең үздік қонақжайлылық және туристік мектептердің өкілдігі және БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) алғашқы академияларының бірі Қазақстанда ашылады. Бүгінде аталған білім беру орталықтары тек Грузияда бар, жуырда Португалия, Швейцарияда және Қытай елдерінде де ашылады деп күтілуде. Оқу орталығы Үкіметтің 2019 жылғы 20 наурыздағы №129 қаулысымен Нұр-Сұлтан қаласында құрылған Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті негізінде жұмыс істейді деп жоспарлануда. Орталықтың алдағы жылдардағы негізгі міндеті –осы салада жұмыс істейтін 1 200 маман мен жаңа кадрларды даярлау болып табылады. Орталықты қаржыландыру Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің жоспарланған бюджеті аясында жүзеге асырылса, қаржыландыруға осы салаға қызығушылар мен маманға тапшы жұмыс берушілер және меценаттар тартылады.
– Еліміздегі туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі – қызмет көрсету сапасын жақсарту. Екі айдың ішінде біз ең беделді швейцариялық «Les Roches» және «SHL» мектептерінің өкілдері және UNWTO-мен келіссөздер жүргізіп, алдағы мәселелерді пысықтап, елге шақырып, Қазақстанда туризм саласында кадрлар даярлайтын заманауи білім беру орталығын құру туралы меморандумға қол қойдық, – дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев.Туризм саласының топ-менеджерлері «Les Roches» бағдарламасы аясында дайындалады, SHL кадрларды қайта даярлау функциясын алса, ал UNWTO-ның өкілдігі білім беру процесін ғылыми, академиялық және аналитикалық қамтамасыз ету, саладағы ең жаңа ақпаратқа, тенденцияларға, ғылыми ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
«Грузияда мұндай білім беру орталығы бар және біз осы елдің тәжірибесіне жүгіндік. Олар мұндай маңызды оқу орнын ашу және олардың брендін пайдалану үшін 7 жыл жұмсаған. Біздің грузиялық әріптестерімізбен және Грузиядағы UNWTO академиясымен жасалған келісімдердің арқасында білім беру бағдарламаларын тарту және іске қосу мерзімі, лицензия алу құны айтарлықтай қысқарды», – дейді басқарма төрағасы.Бүгінде университет қабырғасында аталған білім беру орталығының ұйымдастыру, лицензия алу және қабылдау комиссиясын құру жөнінде іс-шаралар мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Әділ БЕК