Нұр-Сұлтанда «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы басталды
Нұр-Сұлтанда «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы басталды
584
оқылды
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Qazaqstan орталық концерт залында «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы ресми басталды. Осыған  орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры А.Райымқұлова, директордың шығармашылық қызмет бойынша орынбасары С.Нұрмолдаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Жылтыркөзов, Turan фольклорлы-этнографиялық ансамблінің солисі, Мәдениет саласының үздігі М.Медеубек қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Баспасөз мәслихатын ашқан Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры А.Райымқұлова БАҚ өкілдеріне «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасының басталғанын ресми хабарлап, жобаның мақсаты туралы айтты. "60 жылдан астам тарихы бар мәдениет пен өнердің қара шаңырағының қызметі биылғы жылы жаңа қарқынмен бастау алмақшы. Солардың қатарында ұйымның байырғы гастрольдік сапарларын жаңғыртатын жаңа жобалары бар. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі моноқалаларды жан-жақты дамытуға бағытталған тапсырмаларына сәйкес «Қазақконцерт» ұжымы 2022-2025 жылдарға арналған жоспарын бекітіп, ел аумағындағы барлық моноқалалардың тұрғындары үшін қолжетімді сапалы мәдени өнімдерді ұсынуға кірісті», – деп бастаған А.Райымқұлова  жоба аясында еліміздегі басты концерт ұйымының солистері биыл Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарының аудандары мен моноқалаларында концерттер беретіні жөнінде айтты.
«Биыл құрылған үш жаңа облысымызға біздің арнайы кәдеміз бар. «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымында сахнаға шығып, өнер көрсетумен ғана шектеліп қалмай, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, нақты айтсақ  Қазақстандағы фольклор өнерін зерттеумен және дамытумен айналысып жүрген әріптестеріміз бар. Осындай жұмыстардың нәтижесінде біз Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарына Абай Құнанбаевтың үш домбырасының бірінің үлгісімен, біздің серіктесіміз «Шертер» фирмасы арнайы көне технологиямен жасалған домбыраларды «Қазақконцерт» ұйымының атынан тарту етпекпіз. Бұл домбыраның ерекшелігі – оған қой мен ешкінің ішегінен жасалған ішектер тартылған. Бұл көне технологияны қайта қалпына келтірген біздің әріптесіміз Бабыр Арғынов. Ішектер домбыраға көнеден келе жатқан қоңыр үнді береді», – деді Ақтоты Рахметоллақызы.
 width= Аталған жобаның негізгі мақсаты – ұлттық ән өнерінің інжу-маржандарын халыққа жеткізіп, өңірлердегі өнер ұжымдарына қолдау көрсетіп, отандық өнердің көкжиегін кеңейту. Алғашқы гастрольдік сапар Абай облысына жоспарланды. Соған сәйкес, бүгін Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Р. Рымбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі А.юНұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Е.Рысқали, А.Жылтыркөзов бастаған бір топ әртісіміз Семей қаласына аттанды. Әрі қарай гастрольдік сапар Курчатов, Риддер, Серебрянск, Алтай қалаларында жалғасады.  width= Сонымен қатар «Қазақконцерттің» 62-концерт маусымында «Алматыдағы Алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» атты өнер фестивалі Astana nusical мемлекеттік театрының Қызылорда облысына гастрольдік сапары, «Алдар көсе» мюзиклінің премьерасы, «Ұлттық өнер орталығының», гиперреалист Айдос Есмағамбетовтың галереясының ашылуы, биылғы Балалар жылының аясында ұйымдастырылып отырған «Балалар филармониясы», «Арман асулары» жобалары, халықаралық Alem saz фестивалі, «Ортеке» дәстүрлі театр өнері форумы сияқты жыл соңына дейін жоспарланған шаралар таныстырылды.    width= Баспасөз мәслихатының соңында Turan фольклорлы-этнографиялық ансамблінің солистері өнер көрсетті. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» атты жаңа жобасы аясында биыл Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарының аудандары мен моноқалаларында концерттер береді. «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы 2022-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңмен іске асырылады. Жобаның мақсаты – өңір тұрғындарына мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өңірлердегі шығармашылық ұжымдар мен артистерді қолдау, еліміздің ұлттық құндылықтарын дәріптеу. Жоба Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен облыстардағы жергілікті атқарушы органдарының қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның үйлестірушісі - Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, Алаш қозғалысының орталығы болған Абай облысының орталығы Семей қаласы, халқымыздың қаншама ұлы тұлғасы дүниеге келген киелі өңірді жаңғырту экономикалық қана емес, мәдени-рухани маңызға ие. Сондықтан «Қазақконцерт» гастрольдер маусымын осы киелі өңірден бастамақшы. 10-12 тамыз күндері аралығында Семей, Курчатов қалаларында және Абай ауданының Қарауыл ауылында, сонымен қатар 13-15 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан облысының Риддер, Серебрянск, Алтай қалаларында шығармашылық ұжымның концерттері өтеді.  width= Гастрольдік концерттердің шығармашылық құрамында «Қазақконцерттің» солистері: Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Раушан Оразбаева, Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Салтанат Ахметова, Жанна Орынбасарова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Ардақ Елеусіз, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дарын Құдайберген, Әлібек Әлмадиев, Әйгерім Алтынбек, Салтанат Меңдіғалиева, Дидар Әбдіхалық. Сонымен қатар баспасөз мәслихатына қатысушылар «Қазақконцерттің» 62-концерт маусымындағы жаңалықтарды бөліседі. Олардың қатарында жаңа концерттік-гастрольдік маусымның ашылуына орай Лидстағы халықаралық пианистер конкурсының І сыйлығының лауреаты, Уотерман алтын медалінің иегері Әлім Бейсенбаевтың Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрімен бірге өтетін концерті, «Қазақконцерт» солистері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен қыркүйекте Алматы қаласында өтетін «Алматыдағы алтын күз Қазақконцертпен бірге» өнер фестивалі, Ұлттық өнер орталығының ашылуы, атақты «Гүлдер» ансамблінің қайта жаңғыруы, Forte Trio мемлекеттік триосының халықаралық гастрольдік сапарлары, биылғы Балалар жылына орай ұйымдастырылған «Балалар филармониясы» атты жаңа жоба, Astana Musical мемлекеттік театрының Роза Бағланованың туған жері Қызылорда өңіріне гастрольдік сапары және «Қазақконцерттің» гастрольдік сахнасында өтетін әлемге танымал өнер жұлдыздарының концерттері және тағы басқа іс-шаралар бар.