Елордада жауын салдарынан EXPO ауданындағы бірнеше ғимаратты су басып қалды. Олардың қатарында Hilton Astanа қонақүйі бар. Қонақүй әкімшілігінің мәліметінше, сағат 12:40-та нысанның кіреберісін су басқан. Қонақтар уақытылы эвакуацияланды. Қазір қонақүй қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Келушілер үшін ешқандай қауіп жоқ. Сонымен қатар толассыз жауған нөсерден Astana IT University ғимаратын да су басқан. Білім ордасы өкілдерінің айтуынша, оқу орны QazExpoCongress АҚ-ға тиесілі ғимараттың бір бөлігінде орналасқан. Әлеуметтік желіде тараған видеодағы аудитория – университеттің әскери кафедрасы. Ол орын студенттерді оқытуға арналмаған. Жазғы демалысқа байланысты қазір университетте сабақ өткізілмейді. Бүгінде университет пен QazExpoCongress бірлесіп, су басқан жерді қалпына келтіру жұмысын жүргізуде.