Құтқарушылар көмекке зәру
Құтқарушылар көмекке зәру
250
оқылды
Жазғы шомылу маусымы басталар-басталмастан ағын су қатер ошағына айналады. Соңғы 2 жылда ел аумағында 857 адам суға ағып кетсе, оның 380-і кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім екен. Ал Жамбыл облысында биылғы шомылу маусымының өзінде 4 қайғылы оқиға тіркеліп, 2 баланың қазасы ағын судан болды. Бұл – әрине, жүрекке ауыр тиетін көрсеткіш. Бүгінде елімізде 50 мыңнан аса су айдыны болса, оның тек 497-не суға түсуге рұқсат етілген. Жамбылда дәл осындай 12 орын бар. Сондай-ақ облыс аумағында 3 мобильді құтқару бекеті, 40 стационарлық бассейн және балалардың шомылуына арналған 6 орын жасақталған. Сонда да болса су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың саны азаяр емес. Әсіресе, күні кеше Талас өзенінің арнасында қария мен немересінің суға ағып кеткені жұрттың қабырғасын қайыстырды. Іздеу жұмыстарына құтқарушылардың шамасы жетпей, бұл жұмысқа 100-ден аса ерікті жұмылдырылды. Осы оқиғадан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің шарасыздығын сын тезіне алды. Шын мәнінде, ара-тұра қайғылы оқиғалардың көбеюі сала мамандарының салғырттығынан ба деген ой келеді. Бәлкім, ең бірінші тұрғындардың өздері өз өмірінің қауіпсіздігін ойлауы керек шығар?
– Суға кету фактілерінің көбеюі құтқарушылардың қауқарсыздығынан емес. Бүгін де көптеген азамат рұқсат етілмеген жерге барып суға түседі. Ал біз барлық су айдынын құтқарушымен қамтамасыз ете алмаймыз. Қазір мекемеде 74 маман жұмыс істеп жатса, оның 24-і – судан құтқарушы. Тараз қаласында суға түсетін айдын болмағаннан кейін халықтың дені Талас өзеніне ағылып жатыр. Ал ағысы асау Таласқа суға түсу қауіпті. Осыдан кейін суға ағу фактілері жиі тіркелді, – дейді Жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары Қуаныш Әбілқасымов.
Жасақ бастығы орынбасарының айтуынша, облыс орталығынан шалғай Шу ауданында құтқару бөлімшесі жоқ екен. Содан құтқарушылар оқыс оқиға тіркелсе, Тараздан Шуға 600 шақырым жолды артқа тастап баруға мәжбүр. Балқашқа жету үшін төтеншеліктер 7 сағат жол жүреді. Құтқарушылар апат орнына жедел жетуі үшін аудандардан кемі 10 адамнан тұратын бөлімше жасақтау артық болмайды. Әйтсе де, бұл бөлімшелерді қажетті кадрлармен қамтамасыз ету үлкен мәселеге айналмақ. Себебі ел аумағында құтқарушы мамандарды даярлайтын бірде-бір оқу орны жоқ. Сондықтан құтқару бөлімшелерінің қатарын негізінен кәсіби мамандардан гөрі ниет білдірген еріктілер толықтырып жатады. Оларға қойылатын талап та аса қиын емес. Бұл қадамға мұқтаждықтан бардық десек те, алғашқы медициналық көмек көрсете алмайтын құтқарушы кісіні ажал тырнағынан арашалауға қаншалықты қабілетті деген де сауал туындайды. Оның үстіне, су астында арнайы киіммен жүзуді жіті білмейтін құтқарушының ертең өзі де суға ағып кетпесіне де кепілдік жоқ. Және де су айдындарындағы құтқарушылардың өзінен арнайы арқан, суға лақтыратын дөңгелек сынды дүниелерді кезіктіре алмайсыз. Қысқасы, жүзе білгені үшін жұмысқа алынған құтқарушыларда кәсібилік жоққа тән. Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил да құтқарушылардың тек ескерту қағаз таратумен шектелетінін сынаған. Ал жауаптылар «қоғамдық құтқарушыларды жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа алып жатырмыз» деп ақталғандай болды. Қызығы, төтеншеліктердің жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған азаматтарды құтқарушы етіп қызметке алып, суға түсіруден опық жеп жүрмесек болғаны...