Елордада жаңа көпір қолданысқа берілді
Елордада жаңа көпір қолданысқа берілді
395
оқылды
Кеше елордадағы Ұлы дала даңғылында орналасқан көпір қолданысқа берілді. Бұл көпір А91 көшесінен Нұр-Сұлтан – Қарағанды тасжолына дейінгі аралықты жалғап, Қарағанды тасжолы мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, сол сияқты қаланы сол жағалау бөлігі арасында көлік байланысын қамтамасыз етеді. Өткен жолы Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов ажары күннен-күнге айшықтанып келе жатқан елордада халық саны алдын ала жоспарланған есептен асып кеткенін айтты. Сәні мен салтанаты жарасқан қалада қазір көлік те көбейді. Оған сәйкес елорданың әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің іркіліссіз жұмыс істеуі үшін озық технологияға сай жетілген жол-көлік инфрақұрылымының болуы аса маңызды. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қаланың базалық инфрақұрылымын, соның ішінде қала жолдары мен жолайрықтарын барынша дамытуға үнемі басымдық беріп келеді. Өйткені инфрақұрылым – қала тіршілігінің күретамыры. Осы күні қала тұрғындары көлік тасқыны жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айтады. Айтуларынша, қала көшелерінің көпшілігі кеңес жүйесі жобасының негізінде салынған тар әрі қолайсыз. Тұрғындардың бұл талабы өе орынды. Қала әкімдігі қалыптасқан жағдайды ескеріп, соңғы жылдары жол-көлік инфрақұрылымын түбегейлі қайта құру мақсатындағы кешенді шараларды қолға алған болатын. Басты мақсат – елорда көшелеріндегі көлік кептелістерін жойып, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттырып, қала аумағында заманауи көлік қатынасын қалыптастыру. Осы ретте бас қаламызда көше жолдарын күрделі жөндеуден өткізу және жаңа автокөлік жолдарын салу мәселесі біршама оңтайлы шешім тауып келе жатқанын атап өткен жөн. Соңғы бірер жылдың өзінде көше жолдарын күрделі жөндеуден өткізу және жаңа автокөлік жолдарын салу мәселесі оңтайлы шешімін тауып, жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында біршама нысандар пайдалануға берілді.
«Ұлы дала даңғылында орналасқан көпірде қозғалыс ашылады. Автомобиль көпірін салу бойынша негізгі жұмыс аяқталды, осылайша көпір үстінде қозғалыс орнайды. Көпірді абаттандыру, оның ішінде тротуар бөлігі бойынша соңғы жұмыстар қатар жүретін болады», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов, сондай-ақ А62 көшесінің (А91 кшесінен Нұр-Сұлтан–Қарағанды тасжолына дейінгі аралық) құрылысы жүріп жатқанын жеткізген.
Көше Қарағанды тасжолы «Нұрлы жол» теміржол бекеті, сол сияқты Есілдің сол жағалау бөлігі арасында көлік байланысын қамтамасыз етпек. Ол жерде де қозғалысты алдағы күзде ашу жоспарланып отыр. Бұл көше аудандарды жаңа көпірмен жалғауға мүмкіндік береді. Елорда әкімінің хабарлауынша, Ұлы дала даңғылындағы көпір Мәңгілік ел даңғылындағы, А.Байтұрсынұлы, Р.Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелеріндегі, Nova city ауданы мен «Мыңжылдық» аллеясындағы көлік ағынын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа «Нұрлы жол» теміржол бекеті, Телман және Промышленный елді мекендері, «МЕТРО» гипермаркеті ауданы, Жұмабаев даңғылы, Жүргенов көшесі және басқа да көшелер арасында байланысты арттырмақ. Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылында Есіл өзені арқылы өтетін, көлік қозғалысына арналған тағы бір көпір ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл көпір қала көшелеріндегі кептеліске себеп болып отырған Тәуелсіздік даңғылын, жаңа теміржол вокзалын, Қошқарбаев даңғылын, Нәжімеденов көшесін, Әзірет Сұлтан мешітін, А.Байтұрсынұлы, Қордай, Айнакөл көшелерін, Б.Момышұлы даңғылын елорданың сол жағалауымен қосымша байланыс орнатпақ. Жауапкершілік бар жерде жұрт үшін жасалып жатқан іс те жемісті болары анық. Бас қаланың бас ауруына айналған көлік кептелісі біртіндеп ретке келіп жатқаны көңіл қуантады. Бүгіннің өзінде шұрқ-тесік жолдардың жаңаланып, қала көшелерінің кеңеюі мен көпір санының артуы тұрғындардың діттеген жеріне уақытылы жетіп, көшеде сағаттап тұрмауына жәрдем беріп жатқаны да рас.