Құм астындағы құнды дүние
Құм астындағы құнды дүние
326
оқылды
Қарағанды облысының Шет ауданы Талды тарихи-археологиялық паркі аумағынан табылған құнды жәдігерлер – тарих үшін таптырмас құндылық. Құнды дүниелер 2500 жыл бұрынғы сақ мәдениетінен сыр шертеді. Биыл Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археологиялық экспедициясы Сарыарқа археологиялық институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Игорь Кукушкиннің жетекшілігімен бірқатар ірі археологиялық нысанға зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмысы барысында қорымнан үшаяқты қазан және күнделікті тұрмыста пайдаланылатын пышақ түрлері, жебе ұшы мен ат әбзелдері табылды.
– Қазба жұмыстары кезінде шеңбер пішінді дүние көзге көрінді. Басында не екенін болжай алмадық. Сөйтіп, әрі қарай қаза бергенімізде құлағы көрінді. Сонда барып мұның қазан екенін бағамдадық. Сол қазанның ішінен беймәлім дүниелер шықты. Әбден ескіріп, тат басқан. Бөлек алып шығу үшін біраз уақытымыз кетті. Табылған дүниені зерттеп, қалыпқа келтіру жұмыстары үшін Қырым Алтынбеков ағамыз арнайы келді. Зерттеп, ішіндегілерді арнайы құрылғылармен алып шықты. Мұндай дүние бұған дейін бұл аймақтан табылмап еді, – дейді Игорь Кукушкин.
Табылған үшаяқты қазанның диаметрі – 40 см, биіктігі – 30 см. Бұл жәдігер – б.з.д. 1 мыңжылдықтағы (2500 жыл бұрын) сақ мәдениетінің мұрасы. Қазанның іші зооморфты және түрлі пішіндегі темір және қола заттарға толы. Әйгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбеков Қарағандыға келіп жаңа технологиялардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қазанның ішінен ат әбзелінің 10-ға жуық түрі шыққан. Тарихшылардың сөзіне сүйенсек, бұл дүниелерді сонау заманда жүген жасау үшін пайдаланыпты. Яғни, жүгеннің бір-бірімен жалғанған тұсын бекіту үшін қажет болыпты. Ал, екіншіден, сәндік үшін де қолданылған. Ал қалған жәдігерлердің әлі не екені белгісіз. Алдағы уақытта Қырым Қасенханұлы арнайы келіп, зерттеу жұмыстарын жалғастырмақ. құнды Сонымен қатар пышақ түрлерінің формасы түскен тас та табылған.
«Пышақ жасау, жебе ұшын құю сол уақытта пайда болған. Қажетті қаруының формасын тасқа қашап, соған балқытылған темір құйып қару жасаған», – дейді мамандар.
Бұл – ең алдымен, металлургияның бізде дамығандығын растайтын тағы бір дәлел.
– Қазандағы дүниелердің тек жартысы ғана белгілі. Қалғаны бір-біріне жабысып тұр. Оларды сындырмай, жеке-жеке алып шығуымыз қажет. Төбе жағында жалпақ бір нәрсе бар. Соны білмек мақсатта бірегей әдісті қолдана отырып рентгенге, компьютерлік томографияға түсірдік. Иә, жалпақ әрі жұқа темір болып көрінді. Сөйтіп, бұны біз жауға шапқанда аттың маңдайына тағатын темірі деп ойладық. Себебі құмыра ішінен тек ат әбзелдері мен қару-жарақ түрлері ғана табылды. Табылған жәдігерлерді сақтап қалуымыз керек, – деді Игорь Алексеевич.
Жәдігер Сақ қорғанының жанынан табылыпты. Тарихшылар «бұл дүниелерді күнделікті тұрмыста қолданған» дейді. Тарихқа сүйенсек, сол замандарда қайтыс болған жандарды жерлегенде, марқұмның қолданып жүрген, жанына жақын дүниелерін жанына бірге көмген. Алайда зерттеу жұмыстары толық біткен жоқ. Зерттеу толық аяқталған соң жәдігерлер облыстық тарихи өлкетану музейіне жеткізіледі.